Пікір • 13 Қараша, 2024

Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартатын ірі жоба

46 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-конференциясы аясында Қазақстан Үкіметі мен Ислам даму банкі арасында Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстандағы су ресурстарын дамыту жобасын іске асыру үшін ұзақмерзімді қаржыландыру шартына қол қойылды.

Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартатын ірі жоба

Сурет: kapital.kz

Осы шартқа сәйкес, Ислам даму банкі Қазақстанға 1,153 млрд доллар көлемінде қаржы бөліп отыр. Қол қою рәсіміне қатысқан Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассердің айтуынша, бұл – Ислам даму банкі тарихындағы қаржыландырылатын ең ірі жоба. Мұны іске асыру аясында елімізде 9 жаңа су қоймасы салынады немесе қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар 3 450 шақырым каналдар қайтадан салынады. Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын суармалы жер көлемін 330 мың гектарға көбейтеміз.

Жобаның жүзеге асырылуы еліміздің су шаруашылығы инфрақұрылымын қайта жаңартып, қалпына келтіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ экономикамыздың дамуы­на оң әсерін тигізеді. Ислам даму банкінің талабы бойынша бұл жобаны орындау үшін халықаралық тәжірибесі бар, гидротехника саласындағы ең үздік тәжірибелері бар компаниялар Қазақстанға тартылады.

 

Нұрлан БАЙБАЗАРОВ,

Ұлттық экономика министрі