Мәдениет • 13 Қараша, 2024

Аида Балаева мәдениет саласындағы бірқатар заңға өзгеріс енгізуді ұсынды

66 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттарға Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлығына сәйкес ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив саласындағы бірқатар заңдарға өзгеріс енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аида Балаева мәдениет саласындағы бірқатар заңға өзгеріс енгізуді ұсынды

Фото: ашық дереккөз

Министр сөз кезегінде заң жобасы негіздемелік сипаттағы 3 үлкен бағытты қамтитынын атап өтті.

«Бірінші, саланы реттейтін ұзын саны 9 заңға өзгерістер енгізіп,  осыған орай олардың мақсатын, міндеттері мен принциптерін қайта анықтайды.

Екінші, заң жобасы министрліктің құзыретін заңнамалық тұрғыдан шамадан тыс реттеу мәселесін шешеді. Атап айтқанда, бұрын заңнамаға сілтенетін министрліктің мойнындағы төл міндеттерді, соның ішінде ішкі процедураларға және басқа мемлекеттік органдармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты нормалар ендігі жерде министрліктің Ережесімен реттелетін болады.

Үшінші, Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында креативті индустрия өкілдеріне мемлекеттік қолдау шараларын қарыстыруды тапсырған еді. Міне, осы тұрғыда ұсынылып отырған заң жобасы креативті өндірісті қолдаудың нақты шараларын көздейтін мемлекеттік саясатты анықтайтын өзгерістерді ұсынады. Мәселен, Үкіметке осы саясатты жүргізу және осы саланы дамытуға жауапты заңды тұлғаларды анықтау сияқты нақты құзырет беруді көздейді», деді Аида Балаева.

Сөз соңында А.Балаева болашақ заңнама ел Президентінің билік алдына қойған тапсырмаларын толық орындап, оның осы бағыттағы қызмет жүйесін едәуір жақсартуға бағытталғанын түсіндіріп, депуттардан қолдау күтетінін жеткізді.