Тарихтың тереңінен талай-талай түпсіз тұңғиықтарды кешіп келіп, тұғырлы ту көтерген толағай тәуелсіздігіміздің 24 жылының тағы бір таңы арайлап атты. Сәуір туса да тәуір болмай, қысқы сызынан арыла алмай тұрған Арқаның ауа райы бүгін ашуынан алабөтен арылып, күн нұры шуағын молынан шашып тұрды. Еліміздің айбары, елдігіміздің айғағы Астанаға шұғылалы көктемнің келгенін 29 сәуірде шашырай төгілген мол шуақ шаттана паш етті.
Сағат тура 10.50 болғанда Қазақстан халқының бірауызды қалауымен сайланған Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадан шығып, Тәуелсіздік сарайына апаратын автомобиліне отырды.
Қазақстан Республикасының Президенті 1991 жылы алғаш рет ант берген еді. Бұл салтанатты рәсім осы жылдың 10 желтоқсаны күні Алматыдағы Республика сарайында өткен болатын. Ол кез КСРО ыдырап, егемендік алған елдер қатары көбейіп келе жатқан кезең еді. Қазақстан бұл кезде Мемлекеттік тәуелсіздік табалдырығына қадам басып үлгерген болатын. Н.Назарбаев сол жолы, ант беріп тұрып, елімізді жарқын болашаққа бастар жолдың оңай болмайтынын айтқан еді. Содан бергі небір ауыр жылдарда ол алған бағытынан таймай, елімізді талай қиындықтардан алып шықты. Қазақстан мемлекеттілігін дамытудың басты басымдықтары сол кездері анықталды.
1999 жылы Қазақстан халқы жоғары сенім мандатын тағы да Нұрсұлтан Назарбаевқа табыстады. Президент Қазақстан Республикасының Конституциясын ұстап тұрып, ант берді. Бұл жолғы ұлықтау рәсімі еліміздің жаңа елордасы – Астана қаласында өтті. Елордалық мәртебесі болғанымен, астанаға тән жетістіктерге әлі қол жеткізе қоймаған шаһар енді-енді ғана өсіп-өркендей бастаған. Содан бері Астана адам танымастай болып өзгерді. Бұл жылдары Қазақстанның әлемдегі беделі де артып, қоғамда тұрақтылық нығайып, экономикада даму қарқыны үдей түсті.
Осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырған қазақстандықтар 2005 жылғы желтоқсанның 4-інде кезекті президенттік сайлау өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев тағы да Қазақстан халқының басым көпшілігінің сеніміне ие болып, айқын жеңіске жетті. Бұл саналы таңдау болатын. Себебі, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат нәтижелі және жемісті еді.
Президенттің үшінші инаугурация рәсімі еліміздің қазіргі заманғы тарихында ерекше орын алды. Бұл рәсім Есілдің сол жағалауындағы жаңа қалада, Президенттің жаңа Ақорда сарайында өтті. Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімін Қазақстан тарихындағы айрықша маңызды оқиға деу керек. Бұл іс-шараның еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделі мен ұстанымдарын күшейту тұрғысында үлкен саяси маңызы бар.
Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімі елордамыз Астанада осымен төртінші рет өтіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың сәнді мотоциклшілер эскортынан тұратын салтанатты кортежі бас қаланың әсем ғимараттары мен үйлері орын тепкен үлкен көшелерімен өтті. Аспанмен таласқан әрбір сәулет туындысының бойында Елбасының қолтаңбасы бар. Көрсең көзің тоймайтын осынау әсем ғимараттардың салынуын Н.Назарбаев тікелей өзінің назарында ұстап отырды. Сондықтан да Елбасы мен елорда түсініктері тәуелсіз қазақ шежіресінде егіз ұғымға айналды.
Елбасының салтанатты кортежі Тәуелсіздік даңғылында орналасқан Тәуелсіздік сарайының алдына келіп тоқтады. Осы жердегі «Қазақ елі» монументінің айналасында қала тұрғындарының қалың легі және ұлықтау рәсімінен кейін шеру жасайтын әскер тұрған еді. Олардың бәрі Елбасын қуанышты үндермен, көңілді дауыстармен қарсы алды. Салтанатты әскер шеруіне «Тік тұр!» деген команда берілген соң Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, генерал-майор Амантай Күреңбеков мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы сайланған Президентті ұлықтау рәсімін өткізуге дайын екендігін айтып, рапорт берді.
Астана аспанына қуатты елдің, шуақты елдің шашуындай 21 дүркін артиллериялық зеңбіректерден оқ атылды.
Сағат 11.00-де ұлтының дарабозы, халқының маңдайына біткен біртуар перзенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына қадам басты. Ұшқан құстың қанаты талар қазақ даласының төрт бұрышынан түгел жиналған зал толы жұрт, өңір өкілдері Қазақ елінің Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты тік тұрып, зор құрметпен қарсы алды. Атшаптырым зал кеңістігін Елбасының сөзіне жазылған әуезді ән – «Елім менің» асқақтай кернеп кетті.
Ел және Елбасы! Біртұтас жерің, тәуелсіз елің барда бір-бірінен ажырамас, айырылмас егіз ұғым. Міне, бүгін ажырамас осы қос қасиетіміз тұтаса қабысып, алты алаштың айбынын асқақтатты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сарайдың салтанатты төріне көтерілді. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов еліміз Конституциясының 42-бабына сәйкес Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне кірісетіндігі туралы мәлімдеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына оң қолын қойып, салтанатты жағдайда:
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін! – деп мемлекеттік тілде ант қабылдады.
Содан кейін Елбасы Мемлекеттік туды сүйді. Қуатты Әнұран әуезімен зал ішін бір сәт толқыған сезім, тебіреністі көңіл-күй кернеп кетті. Жиналған жұрт жүректеріне қолын қойып, еркін елдің айбарлы Әнұранын асқақтата шалқытты.
Салтанатты зал төріне Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов көтерілді.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасының Президентін сайлау қорытындысы бойынша мемлекетіміздің тиісті заңдарына сәйкес Сізге Президент куәлігін тапсыруға рұқсат етіңіз, – деп салтанатты рәсім жағдайында Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы биік мінберден ұлықтау рәсіміндегі Қазақстан халқына арнаған жүрекжарды сөзін жолдады (Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзі газетімізде жеке жарияланып отыр).
Мемлекет басшысының сөзінен кейін ұлықтау салтанаты Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Қарулы Күштерінің салтанатты шеруін қабылдауымен қорытындыланды.
Елбасы Тәуелсіздік сарайының бас кіреберісінен Қазақ елі алаңына шыққанда, Жоғарғы Бас қолбасшыны еліміздің Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов күтіп алып, Жоғарғы Бас қолбасшыға Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлері Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтауға арналған сапқа тұрғызылғаны жөнінде рапорт берді. Бұл кезде мерекелік әскери үлгіде киінген жауынгерлер сымдай тартылып, салтанатты шеруді бастауға пәрмен күтіп тұрған еді.
– Сәлеметсіздер ме, жауынгерлер? – деді осы сәтте Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев. Ал взводтар мен роталарға бөлініп, сапта тұрған сарбаздар: «Сәлеметсіз бе, Жоғарғы Бас қолбасшы?» деді де, іле-шала үш мәрте «уралап» Президентке құрмет көрсетті. Артынша әскери шеруді бастауға пәрмен берілді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әркез мемлекеттік символдардың қатарында тұрады. Өйткені, мемлекеттіліктің, Тәуелсіздіктің негіздерінің бірі саналатын отандық әскердің еліміз дамуындағы рөлі ерекше маңызды және әрқашанда маңызды бола бермек. Еліміз егемендігін ала салысымен, Президент өз Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылдағаны есімізде. Осылайша, Тәуелсіз Қазақстанның төл армиясы дүниеге келген еді. Бұл 1992 жылдың 7 мамыры болатын. Мемлекет басшысының осынау тарихи Жарлығынан бергі уақыт ішінде еңселі еліміздің Қарулы Күштері аспанкөк түсті Мемлекеттік туымызда айшықталған құс төресі – текті де тәкаппар қыран секілді қанатын кеңге жайып, көкке самғап келеді.
Еліміздің Тұңғыш Президенті өзінің сарабдал саясаты арқылы, орнымен жүзеге асырған реформалары арқылы Қазақстанды әлем жұртшылығына танытты. Тәуелсіз елдің тәуелсіз Қарулы Күштерін құру арқылы оны еліміздің қауіпсіздігін қорғайтын қуатты күшке айналдырды. Ұлықтау шеруіне қатысқан Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлері жүктелген міндеттерді ойдағыдай, жоғары деңгейде орындады. Әскери шеру Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрінің жүріп өтуімен аяқталды.
Өркениет әлемінің өркенді болашағына өрісті қадам басқан қазақ жұртының Көшбасшысын құрметтеуге жиналған жұртшылық қатары көп болды. Ұлықтау рәсіміне Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекеттік басқарудың орталық органдары басшылары, Үкімет мүшелері, жауапты хатшылар, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессиялар өкілдері, Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшелері, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Конституциялық Кеңес мүшелері, президенттікке кандидаттар, республикалық және өңірлік қоғамдық штабтар, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия мүшелері, «Нұр Отан» партиясының басшылығы, Тұңғыш Президент мекемелері мен ұйымдарының жетекшілері, демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы мүшелері, «Халық Қаһарманы» және «Еңбек Ері» атақтарының иегерлері, ел генералитеті, сенім білдірілген адамдар, қоғамдық-саяси бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, көрнекті ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, республиканың іскер топтар өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Іс-шараға барлығы 3 000-ға жуық адам шақырылыпты.
Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы 2015 жылғы 26 сәуірде өтті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыс беруге 9 090 920 адам немесе сайлаушылардың 95,21 пайызы қатысқан. Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 8 833 250 дауысына ие болды, бұл – дауыс беру рәсіміне қатысқан сайлаушылар даусының 97,75 пайызын құрайды.
Қалаған ұлын халқы ұлықтаған күн енді тарихымызға алтын әріптермен жазылады. Халқы сенім артқан Елбасының әрбір бастамасы берекелі, еліміздің келешегі кемел болғай.
Жақсыбай САМРАТ,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
*Қатысушылар лебізі
Ералы ТОҒЖАНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
– Бұл күн – халықтың таңдауы заң жүзінде өз күшіне енген күн. Ал халықтың таңдауы – біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болды. Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын өткізу туралы бастаманы Қазақстан халқы Ассамблеясы көтергені белгілі. Ал қазақстандықтар бұл бастамаға қолдау көрсетті. Сайлау қорытындысы халқымыздың Нұрсұлтан Әбішұлына деген сенімін айқындап берді.
Бұл – Қазақстан үшін тарихи маңызы бар айтулы оқиға. Бұл – біздің Елбасымыз үшін ғана емес, еліміз үшін де айтулы күн. Себебі, жұртшылық тұрақтылық, келісім, осы жерді мекендеген түрлі этнос өкілдерінің бірлігі үшін дауыс берді. Бұл – кез келген мемлекеттің ілгерілеуінің басты көрсеткіші. Тіні мықты және тұрақты мемлекет қана дами алады, өркендеп, өсе алады.
Нұрлан НОҒАЕВ,
Батыс Қазақстан облысының әкімі:
Кеше Тәуелсіздік сарайында Президенттің ресми түрде іске кірісуіне орай өткізілген ұлықтау рәсімінің басты мәні – Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына ант беруінде деп түсінемін. Бұған дейін өткізілген ұлықтау рәсімдерінде де Елбасымыз ант бергені барша қазақстандықтарға жақсы мәлім. Оның бәрі де ойдағыдай орындалғаны тағы да ақиқат.
26 сәуір күні өткізілген Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен жеңіске жетуінің басты сыры да берген антының беріктігінде екені кәміл. Өз антына адалдық – Мемлекет басшысына тән басты қасиет екеніне барша қазақстандықтардың көздері жеткелі қашан. Өйткені, Президент анты қай кезде де елдікті еңселендіру жөніндегі нақты істермен, ел мерейін өсіру жолындағы қарышты қадамдармен үйлесім тауып келеді.
Иесі бар анттың киесі де бар. Анттан аттауға болмайтыны да сондықтан. Ант – серт пен уәденің ұшар шыңы. Осы шың мен биіктен Президенттің Қазақстан халқына берген анты елдіктің туын қашанда жоғары көтере беруге қызмет жасай беретіні анық. Туды жоғары ұстаумен бірге оны сүйе де білу керек.
Ұлықтау рәсімінде өз халқының шексіз сеніміне тағы бір мәрте ие болған Елбасымыз еңкейіп барып туды сүйгені отандастарымыздың жан сарайына Прометей отын жағып, елдіктің қадір-қасиетін тағы бір мәрте асқақтата түскендей әсер қалдырды. Жанарларға жас үйіріп, жүректерді діріл қақтырған ғажайып сәт болды кеше Тәуелсіздік сарайында. Антына адал, антынан аттамайтын Президенті бар – Қазақ елі бақытты ел деп білемін.
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
Қазақстанның халық әртісі:
– Бұл – Қазақстан үшін, оның халқы үшін айрықша оқиға, үлкен той. Біз үшін бұдан үлкен той жоқ. Себебі, біздің Президентіміз өз орнында қалып, алдағы уақытта да мемлекетімізді басқарып, елімізді одан әрі дамыту жолында еңбек ететін болады. Бұл орайда, біздің қуанышымыз орасан. Қуанышымыздың ұзағынан болғанын, еліміздің, Елбасымыздың аман болғанын тілейміз.
Біздің еліміз – тұрақтылық пен келісімді, бірлікті қуаттайтын ел. Бұл ретте, біз ел тұтастығының нығайып, халқымыздың өмір сапасының артып, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бедел-биігінің шарықтай бергенін қалаймыз. Мен бұған дейінгі ұлықтау рәсімдеріне де қатысқанмын. Президентіміздің алдағы уақытта да халқымызды биік белестерге жеткізетініне сенімдімін. Осы орайда, баршаңызды мемлекет үшін маңызды кезеңнің басталуымен құттықтаймын!
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ,
Мәдениет және спорт министрі:
– Президентті ұлықтау рәсімі – бәріміз үшін айтулы салтанатты шара. Оның мемлекет үшін маңызы зор. Елбасы өзі айтқандай, бүгін еліміз өз тарихының тағы бір жаңа бетiн ашты. Қазақстан қазір нұрлы жолда, айқын бағдарда тұр. Осы нұрлы жолдың жалғасы алдағы уақытта бәрімізге үлкен бақыт, үлкен молшылық алып келетіні сөзсіз. Елбысымыз алға қойған мақсат-мүдделер міндетті түрде орындалуы керек.
Бес халықтық реформаны табысты жүзеге асырып, болашағы бiртұтас елге айналуға тиіспіз. Президенттің реформалары еліміздің алға қарай қадам басуының негізгі жолдары. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды жаңғырту – біздің ортақ ісіміз екендігін баса айтты. Алдымызда қандай да сынақтар болмасын, біз мемлекетіміздің қуатына, халқымыздың даналығына сүйене отырып, оны еңсеріп шығатынымызға сенімін білдірді. Ендеше, алдағы уақытта біздерді зор жауапкершілікті істер күтіп тұр.
Мұрат ӘУЕЗОВ,
мәдениеттанушы-ғалым, қоғам қайраткері:
– Кезектен тыс президенттік сайлау биылғы жылы өтеді деген әңгіме алғаш айтыла бастағаннан-ақ мен бұл ойды саналы түрде қолдаған болатынмын. Өйткені, шынымен де қазіргі халықаралық жағдай, геосаяси жағдайлар біздің елде де осындай шешімді қабылдауға қажеттілік тудырып отырғанын жақсы білеміз.
Қазіргі күні тәуелсіз мемлекеттерге сын болатын көптеген халықаралық жағдайлар шиеленісіп келе жатыр. Әрине, қазір ынтымақты ел болуымыз керек. Бұл тұрғыда Нұрекең өзін дәлелдеді, ал еліміз бірлігін, елдігін дәлелдеді. Елбасы көптеген жылдар бойы барын салып, ата-баба армандаған тәуелсіз, көршілермен терезесі тең мықты мемлекет болу жолында аянбай еңбек етіп келе жатыр. Біздің осындай мықты басшымыз бар. Ал ендігі мәселе – халық болып бірігіп, ірі-ірі тарихи істерге кірісіп, оны нәтижелі жүзеге асыру. Мен бұл сайлаудың нәтижесіне қуанып отырмын. Бұл шынайы жетістік. Себебі, өзім де барып дауыс бердім. Жұрттың, көпшіліктің қандай көңілмен барғанын, қандай үмітпен барғанын, қандай сеніммен барғанын көрдім.
Михаил БОРТНИК,
Парламент Сенатының депутаты:
– Президентті ұлықтау рәсімі әрбір қазақстандықтың бойында үлкен мақтаныш сезімін оятып, тебіреніс тудырды деп білемін. Әсіресе, бұған жастар жағы үлкен ықыласпен қарағаны анық. Өйткені, кешегі өткен саяси додада жастар сайлауға дайындық барысына және дауыс беруде өте үлкен белсенділік танытты. Мен бұған дейін соншама жастардың сайлау учаскелерінде болғанын бұрын-соңды байқамаппын. Мұны мен жастардың еліміздің өркендеуіне қызығушылығы деп танимын. Және де олар бойында елдің болашағына деген жауапкершілік сезімі оянып, патриотизм рухы қалыптасып келе жатыр деп түсінемін. Еліміздегі жүргізіліп жатқан реформалардың жастар тарапынан қызу қолдауға ие болуының астарында да осындай түсінік жатыр.
Шәріпбек ӘМІРБЕКОВ,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры:
– Бұл күн – сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде кіріскен айтулы күн. Елдегі үлкен саяси үдерістің нәтижесі халықтың айрықша белсенділігін көрсетіп, Елбасын қаншалықты қолдайтынын тағы бір айғақтап берді.
Қазақстан Президентінің лауазымына ресми түрде кірісу рәсімі барысында Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы уақытта атқарылар қадау-қадау мәселелер мен жауапкершілікке толы бастамаларды атап өтті. Олар елімізді жаңа сатыға көтеретін реформалардың негізгі жүйесі болады. Бұл реформаларға шетелдік сарапшылармен қатар, еліміздің бүкіл интеллектуалдық күштері қатысады, сонымен бірге, Қазақстанның барлық экономикалық әлеуеті жұмылдырылады. Сондықтан, Н.Назарбаевтың Президент лауазымына кірісуі еліміздің дамуындағы жаңа, тарихи кезеңнің бастамасы болып табылады.
Ерғали ӘБДІҚАЙЫМОВ,
Қырғызстан қазақтары қауымдастығы төрағасының міндетін атқарушы:
– Мерейлеріңіз үстем бола берсін!
Тым жырақта болмасақ та, шетте жүрген соң атажұртымыз бізге ыстық. Тарихи Отанымызда не болып жатқанына зер салып, байқап отырамыз. Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау болады дегенде, оған біз құрметтеген Нұрсұлтан Назарбаев талапкерлігін өзі де қойса деп тілек еткенбіз. Ол тілегіміз қабыл болғанына бір қуанған едік. Енді Нұрағамыздың мерейі үстем болып, мемлекет тізгінін қолынан шығармай, ісін бұрынғыдан да жігерлі қайта жалғастырғанына тағы да қуанып отырмыз.
Қырғызстанда тұрып жатқан қазақтар ғана емес, түпкілікті ел қырғыздар да Нұрсұлтан Назарбаевтың қадірін жақсы біледі. Ең бастысы, Нұрсұлтан Әбішұлы көрші елдерге мемлекеттің дамуының орта және ұзақ мерзімдік жоспарлы, эволюциялық жолмен дамуындағы игіліктің үлгісін көрсетіп берді.
Қырғызстан халқы Ассамблеясының құрамындағы Қырғызстан қазақтарының қауымдастығы – бүгінгі күнде республиканың барлық облыстарындағы қазақтардың басын біріктірген ұйым. Қауымдастықтың мүшелері қырғыз жерінде түтін түтеткен 33 мың 700 қазақтың атынан атажұртымыздың бұдан әрі де қарыштап өсіп-өркендеуін қалап, мәртебелі Елбасына және сайлауда дұрыс таңдау жасаған отандастарына құттықтау лебізін «Егемен Қазақстан» газеті арқылы білдіріп қоюды жөн көрді.
Денис ТЕН, мәнерлеп сырғанаушы:
– Мен үшін Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсіміне қатысу – үлкен қуаныш. Себебі, биыл президенттік сайлауалды науқанына бірінші рет қатысып, сенім білдірілген адамы болдым. Сондықтан, бұл оқиға мен үшін өте маңызды. Нұрсұлтан Әбішұлы – біздің Тұңғыш Президентіміз. Елбасы – мемлекетімізді қалыптастырған, Қазақстанды мүлдем жаңа биікке көтерген тұлға.
Бұл орайда, халықтың айрықша белсенділік танытып, Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау білдіргеніне ризамын. Алдағы уақытта ел өмірінде, мемлекет құрылымында жаңа өзгерістер мен маңызды реформалар жүргізілетініне, Қазақстанды жаңа, үлкен асулардың күтетініне сенімім мол. Ал спортшы ретінде Қазақстан тұғырының биіктеуіне, еліміздің Көк байрағының желбіреуіне өзімнің тарапымнан үлес қосуға ұмтыламын.
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.