Денсаулық • 14 Қараша, 2024

Тұмаудан амансыз ба?

86 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында жіті респираторлық вирус­ты инфекциялардың эпидемиялық жағдайы өткен жылмен салыстырғанда 19,8 пайызға төмендеген.

Тұмаудан амансыз ба?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпиде­мио­логиялық бақылау депар­та­менті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев хабарлады. Оның айтуынша, 1 қазаннан бері өңірде ЖРВИ-дің 21 089 жағдайы тіркелген.

– Ауырғандардың басым бөлігі, яғни 14 713 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар, соның ішінде 173 сәби – 1 жасқа да толмаған. Жүктілігіне байла­ныс­ты есепте тұрғандардың арасында 31 әйел ауырған. Сондай-ақ облыста осы диаг­нозбен тіркелгендердің 714-і – оқушылар, – дейді Нұрлыбек Ермекұлы.

Елімізде Денсаулық сақтау минис­трінің 2021 жылы жария­лаған бұйрығы бар: егер тәр­­бие және білім ұйым­да­рын­да вирустық инфекциялар­­мен ауырған оқушы саны 30%-дан артса, оқу үдерісі уа­қыт­ша тоқтатылады. Мұндай ауру­лардың қатарына жіті рес­­пираторлық, тұмау және олар­­дың асқынулары, менин­гококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфек­ция­сы, желшешек, скарлатина секілді қауіпті жұқпалар енгізіл­ген. Бір тәуірі, биылғы эпиде­миялық кезеңнің басынан бері мұндай жағдай тіркелген жоқ.

«Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» дейді халық нақылы. Тұмауға қарсы егу өңірде 1 қазаннан бері амбу­латорлық-емханалық көмек көр­сететін барлық медициналық мекемеде жүргізілді. Тәуекел тобына жататын адамдар, ең алдымен, медицина қызметкерлері, медициналық мекемелерде есепте тұрған балалар, жиі ауыратын балалар, балалар үйінің, қарттар үйінің тәрбиеленушілері, созылмалы аурулары бар ересектер, сондай-ақ эпидемия­лық көр­сеткіштер бойынша жүкті­лік­тің екінші және үшінші три­местріндегі жүкті әйелдер, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен қызметкерлері вакцинация­ланудан өткен.

Бүгінгі таңда облыста 68 мың адам тұмауға қарсы екпе алған. Оның 3 087-сі – созылмалы ауру­лары бар балалар, 21 067-сі – ересек адам, 7 947-сі – медицина қызметкері, 1 038-і – жүкті әйел, 455-і – оқушы.

Бұдан бөлек, мамандар ­облыста қызылша мен көкжөтел­ге қатысты эпидемиялық жағдай тұрақты деп сен­діріп отыр. Бұл барыста сырқат­танушылық дең­гейі төмендеп келеді.

«2024 жылдың 11 қарашасына дейін өңірде қызылша диагнозы ­1 265 мәрте тіркелді, зерт­ха­налық, клиникалық тексеру нәтижесінде 41 рет көкжөтел диагнозы расталды», дейді Н.Мұстаев.

Қауіпті дерт тіркелген әрбір ошақта эпидемияға қарсы іс-шара­лар кешені өткізіледі: сыр­қат­тармен қарым-қатынас жа­са­ған аумақта 21 күн бойы меди­ци­налық бақылау орнатылады.

 

Батыс Қазақстан облысы