Қоғам • 14 Қараша, 2024

Қайырымдылық – қанда бар қасиет

153 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адал еңбек етіп, маңдай термен тапқан малдан асқан қайыр мен береке жоқ. Он екі мүшесі сау бола тұра, өзгеден бір нәрсе дәметіп сұрауды әдетке айналдыру не пай­­даны көздеп, тіленші болу адамды кедейліктен құт­қармайды, керісінше, масылдық өмір салтына ұрындырады. Демек тұр­мысы төмен, бірақ аяқ-қолы бүтін адамдарға тегін дүние бергеннен гөрі, оның еңбек етуіне жағ­дай жасау, қолғабыс қылу, балық орнына қар­мақ беру – ең дұрыс шешім.

Қайырымдылық – қанда бар қасиет

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы орайда Қазақстан мұсыл­­мандары діни басқармасы жа­ны­нан құрылған «Зекет және қайырымдылық» қоры тарапынан қолға алынып жатқан ауқымды жобалар жөнінде әңгімелеудің реті келіп тұр. Соның бірі – «Zeket hub» қайырымдылық орталығы. Бұл орталық мұқтаж отбасылардың аяққа тұруына жағдай жасау, сондай-ақ оларды кәсіпке баулу бағытында жұмыс жүргізіп келеді.

Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстарында қызмет ететін орталықта тұрмыс жағ­дайы төмен отбасылардан шық­қан жандарға нарықтағы сұранысқа ие мамандықтар бо­йынша қысқамерзімді оқыту курс­тары ұйымдастырылған. Атап айтқанда, кәсіп мектебі (дәне­кер­леуші, жиhаз құрастырушы, СММ, мобилография, кілт жасау, емдік денешынықтыру жаттықтырушысы, т.б.), бизнес мектебі (жобалау менеджері, өнім менеджері), этнокәсіп (астау жасау, ұлттық киім тігу, көрпе тігу), ағылшын тілі курс­тары бар. Сондай-ақ «Zeket hub» орталығында тігін шеберханасы, жиһаз шығару, металл дәнекерлеу, кілт жасау оқу-жаттығу цехтары жұмыс істейді.

Жаңа мамандықтарды иге­ріп, өмірден өз орнын табуға ниет­ті мұқтаж жандар бұл қыс­қамер­зімді оқыту курстарын тәмамдаған соң, оларға серти­фикат табысталып, жұмыс орын­­дарына бағыт-бағдар бері­леді. Қор мамандарының айтуынша, нарықта сұранысқа ие маман­дық­тарды меңгеру арқылы тір­шілігін дөңгелетіп, басқа мұқтаждарға да көмек бере алатындай дәрежеге же­тіп, қоғамға пайдалы әрі сауап­ты істерімен еңбек­қор­лықтың үлгісін көрсететін дәулетті мұсыл­ман­дар қатарын толты­ру­дың маңызы зор. Осы орайда теңізге тамған тамшыдай болса да, өз орнын таба алмай жүрген немесе мамандықты оқып үйренуге мүмкіншілігі шектеулі мұқтаж жандар­дың аяққа тұрып кетуіне атсалысып, қоғамның белгілі бір саласының маманын қалып­тас­тыру – қордың алға қойған негізгі мақсаттарының бірі.

Еңбекке толық қабілетті жандармен қатар, мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың да өзге­лермен тең дәрежеде еркін өмір сүруі үшін қабілетіне қарай кәсіпке баулу да назардан тыс қалған емес. Осы ретте «Zeket hub» қайырымдылық орталы­ғында есту және сөйлеу қабілеті нашар жандарға арнал­ған «Ерекше кәсіп» жобасы бойынша кілт жасау курстары өткізіледі. Алдағы уақытта мылқау жандарға кілт жасау бойын­ша сабақтар жүйелі түрде жүргізіл­мек. Сонымен қатар осы жылы Алматы облысында зағип жандарға арналған оқу орталы­ғын ашу жоспарланып отыр.

Қазіргі жаhандану заманында халықаралық деңгейде ағылшын тілін меңгерген мамандарға сұраныс өте жоға­ры. Осыған орай «Зекет және қайырымдылық» қоры тара­пынан тіл үйренуге ынтасы бар, бірақ жағдайы төмен балаларға арнап ағылшын тілі курстары ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта еліміздің шалғай елді мекендерінде тұратын тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 10-нан аса балаға ағылшын тілі пәнінен онлайн сабақ жүргізіліп жатыр.

Жоғарыда айтқандай, қор тарапынан қолға алынған тағы бір жемісті жетістік – «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында емдік денешынықтыру нұсқау­шыларын даярлау курсын құру мақсатында арнайы бастама қолға алынған. Нәтижесінде, өңірлердегі 10-ға жуық нұсқау­шы аталған курста оқып, білікті­лігін арттырды.

«Зекет және қайырым­ды­лық» қоры халық игілігі үшін ұзақ мерзімге пайдасын беретін жобаларды да қо­сымша қолға алды. Соның бірі – қоғамдағы әлеу­меттік аз қамтылған мұқтаж отбасыларды немесе әлсіз топтарды қамқорлыққа алу мақсатында «Qaz-qatar» құрастырылмалы тауық фермалары жобасын іске қосты. Жалпы, құс фермаларын дамыту – халықты ет және жұмырт­қамен қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ фермалар санын көбейту арқылы жұмыссыз жүрген азаматтарды кәсіпке баулып, жұмыспен қамту ауқымының кеңейетініне үміт бар. Қазіргі уақытта Түркістан облысында құрастырылмалы тауық фермалары жұмыс жүр­гізіп келеді. Онда 4 мың шамасында тауық бар.

Бүгінгі заман талабы – білім алу мен кəсіп қылу. Өкі­ніш­ке қарай, қоғамда аяққа тұрып кету үшін бастапқы кәсіптік білімді алуға жағдайы жет­пей­­­тін мұқтаждар да бар­шы­­лық. «Көп түкірсе – көл» де­мекші, мүмкіндігі бар адамдар соларға қолұшын созып, демеп жіберсе – сауапты іс. Қор­дың алға қойып отырған мақ­саты да – осы. Жоғарыда аталған жо­балар – әлеуметтік аз қам­тылған топтардың күн көрісін мейлінше жақсартып, жарқын болашаққа сенімін арттыратын, тіршілік көзін таба алмай, еңсесі түскен жандардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына ықпал ететін мүмкіндік боларына сенім мол.

Айта кетсек, осындай игі мақсатты басшылыққа алған «Зекет және қайырымдылық» қоры 2012 жылы құрылған. Оның осы жылдары жүзеге асырған ең ірі жобасы деп «Ел үлесі – пәтерге» қайырым­дылық акциясын айтуға болады. Тұрақты түрде өтіп келе жатқан бұл акция аясында осы күнге дейін 788 мұқтаж отбасыға пәтер кілті табысталды. Ал «Тайқазан», «Қолдан-қолға», «Киім-кешек­пен көмек», т.б. жобалары аясында барлық өңірде аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек, азық-түлік және киім-кешек үлестіріліп келеді.