Халықаралық теміржол туры туристерге бес күн ішінде ежелгі қалалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттауға мүмкіндік береді. Маршрут Түркістан мен Ташкенттің басты көрікті жерлерін қамтиды. Туристерге ыңғайлы болу үшін тур бағдарламасында гид қызметі, тамақтану, көлік қызметі, кіру билеттері қарастырылған.
«Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде, екі елді байланыстыратын ерекше теміржол туры іске қосылмақ. Аталған тур біздің азаматтарымыз бен елдеріміздің мәдени байлығы мен тарихи мұрасына қызығушылық танытатын шетелдік туристер үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болмақ. Бұл еліміз бен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен туризмді дамытудағы маңызды қадам», деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Сондай-ақ саяхатшылар Орталық Азия аумағындағы ең көне қалалардың бірі – Отырар қаласымен таныса алады. Тур бағдарламасына Арыстан баб кесенесіне, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне, Орталық Азиядағы ең үлкен «Керуен сарай» туристік кешеніне бару кіреді. Ташкенттегі тур аясында қаланың тарихи нысандарымен ғана емес, сонымен қатар заманауи дамуымен де танысуға болады. Айталық, туристер Хазірет имам кешені, Барақхан медресесі, Әбу Бакр Каффали Шаши, Төле би кесенесі сияқты тарихи орындарды аралап, Өзбекстан астанасының заманауи көрікті жерлерінің бірі «Magic City» саябағына экскурсия жасайды. Барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің жетекшілігімен ұйымдастырылады.
Сапар барысында пойызда түрлі ойын-сауық шаралары: шахмат, UNO сияқты үстел ойындары, сыйлықтар ойнатылатын ұтыс ойыны өткізіледі.
Жолаушыларға пойызда фильмдер мен деректі бағдарламаларды көруге, музыка тыңдауға, кітап оқуға «Vputi.kz» мультимедиялық жүйесі қолжетімді болады. Сондай-ақ туристерге турдың бағдарламасы мен қалалардың карталары бейнеленген буклеттер ұсынылады. Айта кетейік, турпакет билеттері туристік агенттіктер арқылы сатылды.
Халықаралық турды «Tau Komek Travel», «Тұран Қазақстан Тревел», «Grand Soluxe Travel Company», «SkyWay Travel», «Kompas», «KhanTuran Travel» компанияларымен бірлесіп «Жолаушылар тасымалы» АҚ іске асырады. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ маршруттың халықаралық деңгейде насихатталуына қолдау көрсетеді.