Теңге • 15 Қараша, 2024

Бағасы бөлек коллекция

92 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Теңге – тек ақша емес, төл тарихымызды танытудың үлгісіне айналуы керек. Бүгінде қазақ елінің ақша жасау өндірісінде коллекциялық монеталарға басымдық берілген. Әлгіндей монеталардың бір бөлігі тарихи тұлғаларымыз бен ұлттық салт-дәстүрімізге арналып отыр.

Бағасы бөлек коллекция

Ақша – адамзаттың үш мың жылдан бергі ажырамас құндылығы. Оның қызметін алғашқыда бағалы өнімдер, атап айтқанда алқа, жануарлардың жүні мен терісі, бағалы металдардан жасалған бұйымдар, т.б. атқарды. Кейін олардың орнын монеталар, яғни тиын ақшалар басты. Ал қағаз ақшалар алғаш рет шамамен 1000 жыл бұрын Қытайда шығарылды. Ара­да бірнеше ғасыр өткенде ол Жапонияда кеңі­нен қолданысқа енгізіліп, Еуро­паға ХVI ғасырда жетті. Испандар қоршауынан кейін Лейден қаласы қара­пайым монеталардың жетіс­пеуінен қағаз ақшаны айналымға енгізген еді. Сөйтіп Еуропаға, одан соң бүкіл әлемге таралған.

Ғалымдар Қазақстан аума­ғын­дағы алғашқы ақшалар I-VI ғасырларда пайда болып, ақ ғұндар металл теңге­лерді пай­даланған деп есептейді. Қола монеталарды құятын арнайы пештері бар кешендер болған.

Ұлттық валютамыз – теңге күніне орай Павлодардағы «Ertis» музе­йінде «Ұлттық валюта – теңге» атты көр­ме ашылды. Онда жергілікті кол­­лекционер, нумизматик Төлеген Қа­лиев­тің жарты ғасырдан астам уақыт жинаған ақшалары мен тиындары, түрлі коллекциялық үлгісі қойылған.

ва

«Менің коллекциямдағы ақша­лар мен монеталардың ең көнесі – араб жазуы түсірілген ежелгі тиын­дар. Қай жылы шыға­рылғанын тап басып айта алмаймын. Одан кейін мынау жатқан күміс бақырлар. Бұлар патшалық Ресейде тиынның екіден бір, төрттен бір бөлігін құрайтын ең кіші ақша жиынтығы болып есеп­телген. Қазақстан Ресейге қосылған уақыттан бастап ел аума­ғында орыс патшалығының ақшалары жүре бастағаны мәлім. Мысал үшін бір червонец (сом) едәуір байлықты білдірген. Жалпы, ертедегі орыс елімен қоса, қазақтар да пайдаланған қағаз ақшалар кеңес өкіметі орнағанша өте ірі көлемде танылған. Ақша ол кезде көзге көрінетін, байлықты білдіретін құндылық ретінде жасалған еді. Соған орай оны «портянка», қазақша айтқанда «шұлғау» деп атаған. Ал кеңес өкіметі 1961 жылы ақша саясатына реформа жасап, көлемін кішірейткен. Бұл ақшаның әмиянға сыйымдылығын арттырды әрі адамдар үшін қолай­лы бола түсті», дейді Төлеген Шыңғысханұлы.

КСРО өкіметі 1991 жылдың қаңтар айында ақша саясатында тағы бір реформа жүргізіп, инфляция күшейе түскені себепті бұрынғы ақшаларды кейін қайтарып, 500, 1000, 5000 сомдықтарды айналымға шығарды. Кеңестік соңғы үлгідегі ақшалар Қазақстанның төл теңгесі шығарылғанша қолданыста жүрді.

– Жалпы, ақша тауар айырбасында қолданылатын құн­дылық қана емес, ол белгілі бір халықтың, ұлттың тарихы жайлы да баяндайды. Мысалы, АҚШ мемлекеті өздерінің пре­зиденттерін доллар бетіне басып жүр. Алғаш төл теңгеміз шыққанда, тарихи тұлғалар мен ұлттық қайрат­керлеріміздің бейнелері ақшада бейнелене бас­тады. Теңгенің 1993 жылдардағы бейнесін зерделейтін болсақ, онда тұтас дәуірлердің тарихы қиюласқан. Теңгемізге қарап, өзге жұрт Әл-Фара­би, Сүйінбай Арон­ұлы, Әбілқайыр мен Абы­лайды, Абай Құнанбайұлы мен қазақ зерттеушісі Шо­қан Уәлиханов секіл­ді ұлты­мыздың ұлы тұл­ға­ларын таныды. Өкі­ніш­ке қарай, арада жыл­дар өткен­де ол үрдіс үзіліп қалды да, дизай­­­нер­леріміз сақ сти­ліне көшіп кетті. Бұл да дұрыс бағыт шығар. Бірақ маған алғашқы дизайны ерекше ұнайды, – деп ой бөлісті нумизматик.

ап

Елімізде ақша­ның айна­­­лымға жібері­ле­тін және коллек­ция­ға арналған түрлерін шығару бүгінде үлкен дәстүрге айналған. Түрлі мерейтойлық даталарға орай коллекциялық монеталар құйы­лады. Ақша өндірісіндегі бұл бағытта бай коллекция­лық қорымыз да түзіліп қалған. Кейінгі коллекцияларда монеталар алтын мен күмістен бөлек сирек металдардан да жасала бастаған. Мәселен, ортаңғы бөлігі «танталдан» құйылып, ға­рыш әлеміне арналған коллекциялар жиынтығы бар. Танталдың ерекшелігі, оны құю барысындағы температураға орай металдың түсі өзгереді екен. Байқағанымыздай, әлгі монеталардың бірінің түсі қызыл, сары болса, енді бірінікі күлгін, күміс түстес болып келеді.

Елімізде шығарылған кол­­лек­­ция­лық монеталардың та­қы­рыбы әр алуан. 2015 жылы онда еліміздің Қызыл кітабына енген жануарлар мен құстар әлемі еніпті. Ал кейбір жылдары ұлт­тық салт-дәстүріміз бен на­ным-сенімдерімізге негізделген құн­дылықтар бейнеленген. Олар­дың ішінде «Жеті қазына», «Қазақ­станның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериялары бар.

Коллекционер Төлеген Қалиев – полиция органының еңбек ардагері. Нумизматикамен 7 жасынан бастап айналысқан. Мұның бастауында жастайынан тарихымызға деген қызығушылық себеп болғанын айтады. Осы уақытқа дейін жинаған ақша құралдары мен түрлі коллек­ция­лық үлгілері әр алуан әрі олардың көбінің тарихы бар.

«Интернет бетіне кейбір кол­лек­­циялық монеталарды сау­даға шығарып, атасының құнын сұрайтындар бар. Мен әр коллек­ция­лық монетаның құнын жақсы біле­мін. Жылдар бойы тірнектеп жина­ған монеталарды орташа есеппен 15-20 мың теңгеге сатып алып жүрдім. Мәселен, мынау қолыма ұстап тұрған «Жеті қазына» үлгісі. Мұның бағасы ары кетсе 30 мың теңге тұрады. Ал кейбір жарнама беру­шілер оны бір миллион теңгеге ба­ға­лаған. Бағаны аспаннан алып қою­ға болмайды, оған негіз болуы ке­рек. Ал мен өз коллекциямды әзір­ше саудалап көрмедім», деп әңгі­ме­сін жалғастырды коллекционер.

Бір қызығы, Төлеген аға­ның коллекциясында ұлт қай­раткерлері мен мәдениет, өнерде танылған тарихи тұлғалардың мерейтойларына орай шығарыл­ған монеталар да самсап тұр. Қазақстан жерінің тұтастығын сақтап қалуға себепші болған Жұмабек Тәшеновтің бейнесі бар монетаны мақтанышпен атады. Оның пікірінше, мұндай коллекциялар жас ұрпаққа тарихымызды тереңірек танытуға негіз болады.

«Мен өзімді елімнің патриотымын деп есептеймін. Осы монеталар арқылы адам­дарға тарихтан мағ­лұ­мат бер­сем­ деп ойлаймын. Екінші тұр­­ғы­дан халқымыздың салт дәс­­тү­рін, ырым-тыйымдрын қайта жаңғыртудағы маңызы зор.­ Жолдасым бізді танитын­ отбасылардың, әсіресе туыстары­мыз­дың сұрауымен баланы қыр­қынан шығару, бесікке салу рәсімдеріне жиі барады. Сә­биді шомылдыратын суға ұлт қай­мақ­тары бейнеленген монеталарды салып, «биік тұлғалы азамат бол» деп ырымдайды. Балаға бұл жер­де көп жақсы тілектер айтлады. Бұл да көпшілікке қызық» деп аяқтады әңгімесін Төлеген Қалиев.

 

ПАВЛОДАР