Атырау облысында құқығы бұзылған аналар сотқа жүгініп, әділдік іздеуге мәжбүр болды. Өйткені олардың басқа амалы қалмады. Мәселен, 36 жасына дейін өмірге төрт бала әкелген ананың бірі 2015 жылдан бері «көпбалалы отбасы» санатындағы баспана кезегінде тұрған. Бірақ 2023 жылдың желтоқсан айында күйеуінің үйге меншік құқығын тіркегені анықталған. Осыған байланысты жергілікті әкімдік оны тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығарып тастаған.
Облыстық соттың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, көпбалалы әйел тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен тұрғын үй инспекциясының бұл шешімімен келіспеген. Сөйтіп, әділдік іздеп, сотқа шағым түсірген.
«Сотта ол бұл жер телімінің күйеуіне уақытша пайдалануға берілгенін түсіндірді. Үй салуға қаражаты болмаған отбасы жер телімін сенімхат арқылы сатып жіберген. Ал сатып алушы жер теліміне 2019 жылы тұрғын үй салып, кейін оны заңмен ресімдеген. Сот талап қоюшының күйеуінің жекеменшік құқығында тіркелген тұрғын үй ғимараты болғанымен, ол тек үй салынған учаскенің иесі болып табылмайтынын анықтады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 73-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес тұрғын үй алуға мұқтаж және оны алғанға дейін есепте тұрған көпбалалы аналар мен отбасылар есептен шығаруға жатпайды», деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.
Сот заң талабын ескеріп, көпбалалы әйелдің талабын қанағаттандырды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен тұрғын үй инспекциясына тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы ананың кезегін қалпына келтіруді міндеттеді.
Тағы бір көпбалалы ана дәл осындай заңсыздықпен бетпе-бет келді. Жеті баласы бар «Алтын алқалы» ана 2016 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған. Алайда Мақат ауданының әкімдігі күйеуінің атына тіркелген үйді сылтауратып, көпбалалы ананы баспана алу кезегінен сызып тастаған. Көпбалалы ана әкімдіктің бұл ұйғарымымен келіспей, Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсірді.
«2016 жылы 7 баланың анасы тұрғын үй комиссиясының шешімімен «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатына алынып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж азаматтарға баспана алу кезегіне қойылған. Алайда 2 жылдан кейін тұрғын үй комиссиясы көпбалалы ананы Атырау облысының Мақат ауданында күйеуінің атына тіркелген үйін алға тартып, кезектен шығарған. Осыған байланысты әйел Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотына шағым түсірді. Шағымда Мақат ауданының әкіміне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өзіне қатысты хаттамалық шешімнің бір бөлігін заңсыз деп тану, «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы әлеуметтік қорғалатын осал топтарға жататын тұрғын үйге мұқтаж ретіндегі бұрынғы кезегін қалпына келтіруді міндеттеу туралы талабын қойды», деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Жергілікті сот істі зерттей келе, бірнеше жайтты анықтады. Біріншіден, талап қоюшының көпбалалы ана екені расталған. Екіншіден, 7 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелегені үшін «Алтын алқамен» марапатталған. Үшіншіден, оның отбасы «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататыны анықталып отыр.
«Сот талап қоюшының отбасымен бірге тұратын үйі Мақат ауылынан 22 шақырым жерде орналасқандықтан, мүмкіндігі шектеулі баланы үйде оқыту үшін облыс орталығынан пәтер жалдауға мәжбүр болғанын ескерді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 73-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес «Алтын алқа» алқасының иегері мемлекет есебінен тұрғын үй алғанға дейін есептен шығаруға жатпайды», деді соттың баспасөз қызметі.
Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты осыған байланысты көпбалалы ананың талабын ішінара қанағаттандырды. Әкімдік бөлімінің талап қоюшыға қатысты хаттамалық шешімінің бір бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Бөлімге талап қоюшының бұрынғы кезегін «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне енгізуді қалпына келтіруге міндеттелді.
Ал Жоғарғы сотттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жергілікті соттың қорытындысымен толық келісті. Сөйтіп, жауапкерлердің кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.
Атырау облысы