Көрме • 16 Қараша, 2024

Теңге тарихынан сыр шертетін көрме

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласында «JusanVibe» арт-кеңістігінде Ұлттық банк теңге банкноттары мен коллекциялық, инвестициялық монеталар көрмесін өткізді. Келушілер барлық сериялы банкнот үлгілерімен танысты.

Теңге тарихынан сыр шертетін көрме

Ұлттық банктың бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуын­ша, теңге қазақ тарихындағы алғашқы ақша емес. Отырар мен Исфиджабта монета сарайлары жұмыс істеген. Х ғасырдан бастап айналымға енген алтын монеталар саудада салмағына қарай пай­да­ланылыпты. ХIV ғасырдан бастап Әмір Темір монеталары айналымға енді.

«Ұлттық валютамыздың алғаш­қы банкноттары өзінің тарихи мис­сиясын орындады. Дизайн жасау барысында тұлғалардың шынайы бейнесін табу қиынға соққан. Әл-Фарабидің бейнесін салған кезде КСРО Ғылым академиясының стан­­дартына басымдық берілді. Әбіл­қайыр xанның суреті ағыл­шын саяxатшысы Аткинсон­ның жұмыстарынан табылса, Абылайxанның бейнесі орыс тарихындағы дереккөздер бо­йынша дайындалды. Сүйінбай тұлғасы қазақ сурет өнерінің негізін қалаушы Әбілxан Қастеевтен келді», дейді Санжар Нұрқасымов.

пр

Жыл аяғында 2 000 теңге айна­лымға берілмек. Келесі банкноттар 2025, 2026 жылдары басылып шы­ғады. Банкнотта жануарлар мен ою-өрнектер бейнеленген. Сондай-ақ қорғандардан табылған арте­фактілер бейнеленген. «Банк­нот­тарды шығарарда тарихшылармен ақылдастық. Бір топ дизайнер атсалысты», деді «Сақ стилі» жобасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымов.

Алматы коллекционерлер қо­ға­­мының вице-президенті, сарап­шы Валерий Китиков әлемдік тәжіри­беде жалған ақша жасаудың алдын алу үшін банкноттардың дизайны әрбір 7-8 жыл сайын өзгеріп отыратынын айтты.

«Елімізде банкноттардың соңғы сериясы 2012 жылы шығарылған. Халықаралық банкноттар қоғамы (IBNS) жыл сайын «Әлемнің ең әдемі банкноты» дейтін байқау өткізеді. Біздің банкноттар бұл байқаудың үш рет жеңімпазы атанды: номиналы 10 мың теңгелік естелік банкнот 2011 жылдың үздік банкноты, номиналы 5 мың теңгелік банкнот 2012 жылдың үздік банкноты, номиналы 1 000 теңгелік естелік банкнот 2013 жылдың үздік банкноты деп танылды. Комиссия жеңімпаздарды таңдау кезінде көптеген факторды ескереді: қорғау элементтері, дизайн, қағаз сапасы және басқа да сипаттамаларға басымдық беріледі», деді Валерий Китиков.

пр

Ұлттық банк банкноттармен шектелмей, инвестициялық және коллекциялық монеталарды да шығарады. Инвестициялық монеталар, аты айтып тұрғандай бағалы металдардан, алтын мен күмістен соғылады. Жыл өткен сайын инвестициялық монета бағасы металл құнының айырмасына қарай өсе беруі мүмкін. Қазір «Көшпелілер алтыны», «Қазақстанның петроглифтері», «Қазақстанның әдет-ғұрып­тары, ұлттық ойындары», «Қазақ­станның мешіттері мен соборлары», «Ұлы қолбасшылар», «Қазақстанның Қызыл кітабы», «Қазақстанның флорасы мен фаунасы», «Спорт», «Космос», «Шығыс күнтізбесі», «Қазақстан халықтарының ертегі­лері», «Сый­лық монетасы» серияларымен шығарылған монеталар бар. Бұлардың барлығы шектеулі таралыммен жасалады. Олар кол­лекциялық құнына қарай тек ел аумағында сатуға арналған.

Көрменің екінші аймағында ең танымал сериялардың коллек­циялық монеталары, сондай-ақ алтын, күміс және қымбат баға­лы емес металдардан жасалған бірегей тұжырымдамасы мен дизайны бар монеталар ұсынылған.

пр

«Коллекциялық монеталардың сырты арнайы орағыштармен қапталады. Себебі қолдан қолға өткенде материалға зақым кел­меуі керек. Естелік монетаға мем­ле­кеттік және ағылшын тілінде жазу жазылады. Монетаның баға­­­сы екі құрамдас бөліктен тұрады: Алғашқысы – бағалы металдардың құны монетаның бағасына әсер ететін негізгі құрамдас бөлік: орта есеппен алтын монеталардың 85%-ы, күміс моне­талардың 52%-ға дейінгі бағасы бағалы метал­­дың бағасына байланысты қалып­та­сады. Ал монетаны дайындап, орауға кететін шығындар алтын монета бағасының 15%, күміс монета бағасының 48%-ы болады. Бұл монеталар коллекциялауға және нумизматикалық нарықты дамытуға арналған. Коллекциялық монеталар серияларға бөлінген әрі мерейтойлық, атаулы күн­дер­ге, сондай-ақ тарихи оқиғаларға арналған», дейді Ұлттық банк мұра­жайының меңгерушісі Гаухар Смағұлова.

Коллекциялық монеталар­ 1995 жылдан бастап шыға бас­­тады. Жыл сайын 15-тен 20-ға дейін монеталар дайындалады, олардың барлығы Теңге сарайын­­да шығарылады. Бұдан басқа, түрлі елдер қатысатын нумиз­ма­тикалық конкурстар тұрақты түрде өткізіледі.

«Біз де осы байқауларда өзі­міз­дің жаңалықтарымызды көрсетеміз, олар халықаралық аренада бірнеше рет жүлделі орындарға да ие болды» дейді спикер.

 

АЛМАТЫ