31 Қаңтар, 2015

ПАРЛАМЕНТ

478 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

 Үкімет Үйі-үлкені

«Дипломмен – ауылға!»

жобасында түйткілді тұстар да табылады

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Майра Айсина Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда бүгінде өзін өзі ақтап келе жатқан бағдарламаны сәтті жалғастыруда түйткілді мәселелер де бар екені туралы әңгіме қозғалып, былай делінеді: «Әлеуметтік сала қызмет­кер­леріне әлеуметтік қолдау көрсету және ынталандыру шараларын қабылдау бойынша мемлекеттің мақсатты жүргізіліп келе жатқан саясаты нәтижесінде соңғы бес жылда ауылдық елді мекендерді педагогика, медицина кадрларымен, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарымен қамтамасыз ету анағұрлым жақсарды. Мемлекет басшысының аг­роөнер­кәсіптік кешен мәселелері бойын­ша республикалық кеңесте ауыл­ға қайтып келетін әлеуметтік сала мамандарын әлеуметтік қол­дау арқылы оларды ынталандыру қажеттігі туралы 2007 жылғы 5 наурызда берген тапсырмасын орындау үшін «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қол­дау және ынталандыру мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» Қа­зақ­стан Республикасының Заңы қа­былданып, ол 2009 жылғы 1 қаң­тардан бастап күшіне енді. Заңды іске асыру мақсатында республикалық бюджетте мы­налар қарастырылды: бір маман­ға саналған бір айлық есеп­тік көрсеткіштің 70 еселік мөл­шерін­де бір жолғы көтерме жәр­дем­ақысын төлеу; бір айлық есеп­тік көрсеткіштің 630 еселік көрсет­кішінен аспайтын сомада, несие сомасынан есептелетін жылына 0,01% көлеміндегі сыйақы мөл­шерлемесімен 15 жыл мерзім­ге тұрғын үй сатып алуға бюд­жеттік кредит беру; ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік сала ма­мандарына тұрғын үй са­тып алу үшін бюджеттік кредитке қызмет көрсету бойынша мін­деттемелерді шарттық тапсырмаға сәйкес жүзеге асыратын уәкілдің (агенттің) игерілген несие сомасына есептелетін, жылына заңда бекітілген 3% мөлшеріндегі қыз­ме­т­тер (операциялық шығындар) құ­­нын өтеу көзделетін тиісті бюд­жеттік бағдарламалар бекітілді. 2009 жылғы қаңтар айында басталған «Дипломмен – ауылға!» жобасының әлеуметтік си­паты бола тұра, ол нарыққа бағ­дарланды. Дегенмен, жоба бүгінде ауылдық жерлерде мамандарды бекіту мәселесін нақты шешуге мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсетуді жақ­сартады. Мәселен, соңғы бес жылда ауылдық жерлерге бар­ған кадр ағымының динамикасы да «Дипломмен – ауылға!» жо­ба­­сы­ның тиімді екендігін объек­тивті тұрғыдан айқындап беріп отыр. Осы уақыт ішінде ауылға келіп, жұмысқа орналасқан педа­гогтардың саны 1,8 есе, дәрі­гер­лердің саны 2,7 есе өскен. Жал­пы, бес жылдың ішінде (2014 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша) ауылдық жерлерге 30 617 маман, оның ішінде білім беру саласына – 22 436 (73%), денсаулық сақтау саласына – 6 200 (20%), әлеуметтік қамсыздандыруға – 274 (1%), мәдениет саласына – 911 (3%), спорт саласына – 375 (1%) және ветеринария саласына 446 адам (2%) тартылыпты. Жобаны жүзеге асыру барысында баспана алуға несие көлемі 1500 АЕК-ке дейін ұлғайтылып, Мемлекеттік қызметтер ұсынудың стандарты мен регламенті әзірлен­ген, көшу жәрдемақыларын төлеу үшін 4,4 млрд.теңге және 10 813 маманға баспана алуға бюджеттік несиелер ұсыну үшін 20,1 млрд.теңге бөлінген. 2014-2016 жылдары 17 688 маманды ауылға тарту үшін республикалық бюджет­тен та­ғы да 31,8 млрд.теңге қарас­тырыл­ған. Сонымен бір мезгілде, жобаны әрі қарай сәттілікпен жүзеге асыруда проблемалық мәселелер де бар. Осыған байланысты, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, жоба қатысушыларынан өз мін­дет­терін немқұрайлы атқарған жа­ғдайда көшу жәрдемақылары мен бюджеттік несиелерін қайтару рәсімдерін реттеу, тұрғын үй құры­л­ысына несиені рәсімдеу мен беру тетіктерін әзірлеу, жобаға қатысушылардың бюджеттік несиелерді мерзімінен бұрын өтеу, тіркеу мәселелерін шешу, маман­дардың орындарға келу фактісі бойынша тиісті шаралар қолдануыңызды сұраймын. Сонымен бірге, ауылдық жерлерде тұрғын үй нарығының дамымағандығы, екінші реттегі (вторичный) нарықта 70-80-жылдарда салынған тұрғын үйлердің басымдығынан оларды 15 жыл­дық несиемен алуға ынталандыру жарамайтыны, ауылдың әлеу­­меттік және инженерлік ин­фра­­құрылымдарының мешеу қал­ғаны жас мамандардың ауыл­ға өз еріктерімен баруы­на кедер­гі келтіріп отыр. Соны­мен қатар, соңғы кездері мемле­кет­тік басқарудың барлық деңгей­лерінде ақпараттық-үгіттеу қыз­меті­нің босаңсуы байқалады. Жас­тарға, оның ішінде жобаға қатысу­шылар үшін қолжетімді тұр­ғын үй құрылысы бойынша көрсет­кіштерді облыс әкімдерінің рей­тингі­не енгізу өзекті деп санаймын. Осы және басқа да проблемалық мәселелердің тез арада шешілуі аталған мақсаттарға бөлінген бюджеттік қаражаттарды одан әрі тиімді пайдалануға және ауылды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді». Уақыт белдеуін қалпына келтірген тиімді Мұрат-БАҚТИЯРҰЛЫБұл мәселені көтеруімізге Қызылорда облысы аумағындағы қазіргі географиялық сағаттық белдеудегі уақыт өлшемінің қолайсыздығы жағдайына байланысты 1500 адам қол қойған өтініш-хат себеп болып отыр. Бұл мәселені жергілікті халық аймақтарда өткізіліп тұратын кездесулер барысында да сан мәрте көтерген болатын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 15 наурыздағы №231 қаулысына сәйкес, Қазақстанда «жазғы» және «қысқы» уақытқа көшу тоқтатылып, бұған дейін, тіпті, бұрыннан Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарымен бір сағаттық белдеуде болып келген Қостанай және Қызылорда облыстарының уақыт өлшемін дағдылы уақытынан 1 сағат ілгері жылжыту туралы шешім қабылданған болатын. Бұрыннан қалыптасып қалған және де үйреншікті әрі дағдылы уақытты халық­ара­лық уақыт белдеуіне сәйкестендіру мақ­сатында өзгертіле салынған бұл уақыт өл­шемінің жергілікті халыққа қолайсыз бола­тындығына сол кезде министрлік те, жер­гілікті атқарушы органдар да жете мән бермеген сияқты. Қостанай облысы Астанаға жақын болғандықтан, уақыттың бір сағат ілгері ауысқаны бұл өңірдің халқы үшін көп әсер етпейтін де болар. Ал, уақыттың бір сағат ілгері ауысқандығы Астанадан 1200 шақырым қашықтықта жатқан, шығысынан батысына дейін 850 шақырым болатын жер көлемі бар, еліміздің батыс өңіріне жақын, экологиялық апат аймағында орналасқан Қызыл­орда халқы үшін өте тиімсіз әрі қолай­сыз болып отыр. Уақыттың қазіргі жүйесінің қолайсыз болып отырғандығы жайында өздерінің дәлелді пікірлері бар ойларын қызылордалықтар ақпарат құралдарының беттерінде тиісті министрлікке айтып та, жазып та жатыр. Өкінішке қарай, еш нәтиже болмай тұр. Бұрын, 2005 жылдың 15 наурызына дейін табиғи жергілікті уақытпен, яғни Астана уақытынан бір сағат кейін жүретін Қызылорда облысында таң бір сағат кейін атып, күн бір сағат кейін батады. Демек, бұл – таза географиялық белдеуге сәйкес табиғи уақыт. Осы табиғи, дағдылы, үйреніс­кен биологиялық уақытты бұзу облыс халқы­ның тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күйіне, денсау­лығына кері әсерін тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ырғағын бұзды. Бұл, әсіресе, күз, қыс, көктем мезгілдерінде қатты сезіледі. Таңертең балабақшаға, мектепке баратын балалардың ұйқысынан табиғи уақыттан бір сағат ерте тұруы, тас қараңғыда мектепке баруы балалардың денсаулығына, қала берді сабақ үлгеріміне кері әсер ететінін мұғалімдер де, дәрігерлер де үнемі айтып келеді. Сонымен қатар, соңғы тоғыз жылдың ішінде мектеп жасындағы балалардың арасында аурушаңдық көбейіп кеткен. Оның үстін­е, уақытты бір сағат ілгері көшіру электр энер­гиясын артық шығындауға соқтырып отыр. Уақыт стандартының әртүрлі болуы – Қазақстан сияқты аумағы үлкен мемлекетке тән нәрсе. Көрші Ресей мемлекетінің барлық өңірлері Мәскеу уақытымен жүріп жатқан жоқ. Оларда, яғни Ресейде он бір түрлі географиялық уақыт белдеуі бар. Геогра­фиялық табиғи уақытты бұрынғы қалпына келтіру ешқандай қаржылай шығынды да қажет етпейтіндігін ескере отырып, өз кезінде мамандардың, жергілікті тұрғындардың пікірін білмей асығыстау қабылданған шешімді ел Үкіметі тиісті органдармен жан-жақты зерттеп, облыс тұрғындарының, мамандардың пікірін негізге ала отырып, оң шешім қабылдайды ғой деп сенеміз. Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты.

Тарихтан – тағылым

2015 жыл – Қазақ елі үшін аса маңызды мерекелер жылы. Елбасымыз Н.Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауында осы мерекелерге ерекше тоқталып, оларды жоғары деңгейде атап өту туралы тапсырмалар берді. Биыл елімізде тұңғыш рет кең көлемде Қазақ хандығының 550 жылдығы той­ланады. Негізгі іс-шара­лар Жам­был облысында өткізіл­мек­ші. Бұл ретте ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған және хандарымыз бен батырларымыздың, билер мен шешендеріміздің мәңгілік тыныс тапқан мекені – қасиетті Түркістан қаласына да артылар жауапкершілік аз емес. Қазақ тарихындағы небір ірі тарихи оқиғалар осы Түркі­стан қаласында болған. Сондық­тан, Қазақ хандығының 550 жыл­дығын тойлау аясында Түркістан қаласында республикалық, халықаралық дәрежеде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Қазақ хандығы дегенде, Түркістан атауы еріксіз еске түсе­ді. Себебі, мұнда қазақтың 21 ханы және өзге де игі жақсылары жерленген. Сондықтан, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркістан қаласында «Қазақ хандығы музейін» ашу тарихымызға деген үлкен құрмет болар еді. Бүгінде қалалық қазынашылық бөлімі орналасқан, «Әзірет Сұлтан» кесенесі маңында 1903 жылы салынып, патшалық әскери гарнизон штабы ретінде қызмет жасаған тарихи ғимарат бар. Осы нысанды мерейтой қарсаңында «Қазақ хандығы музейі» етіп ашуға толық мүмкіндік бар. Жоғарыда аталғандар ес­кері­ле отырып, Қазақ ханды­ғы­­ның 550 жылдығы мен ел Конс­титуциясының 20 жыл­ды­ғы­на орай, қасиетті Түркістан қала­сында республикалық дең­гей­де Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Нұр­сұлтанның «Нұрлы жолы» тақырыбында Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында халық­ара­­лық ғылыми-теориялық кон­фе­рен­­ция өткізіліп, шаһар аума­ғында Қазақ хандығының 550 жыл­дығына арналған монументалды ескерткіш орнатылса және бұ­ған дейін де айтқанымыздай, «Қазақ хандығы музейі» ашылса, сондай-ақ, кең-байтақ рес­пуб­ли­камызда бір үйдің баласын­дай тату-тәтті ғұмыр кешіп, жаһанға тату­лықтың үлгісін паш етіп келе жатқан ұлт өкілдерінің мере­­келік шарасы «Ырыс алды – ынтымақ» деген атпен рес­пуб­­ли­калық деңгейде форум ұйым­дастырылса, нұр үстіне нұр болмас па?! Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты.

 Заңда олқылық кетпесін, халық зардап шекпесін

Мәжілістің соңғы өткен жал­пы отырыстарында тал­қы­лауға түскен жаңа заң жобасы болған жоқ, тек «қорытынды әзірлеу» мен «заң жобасы жөнінде» деген мәселелер ғана қарастырылып келеді. Мәселен, қаңтардың 21-інде болған жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілген 18 мәселенің 15-і «қорытынды әзірлеу», 3-уі «заң жобасы жөнінде» болса, 28 қаңтардағы жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілген 5 мәсе­ле­­нің 1-уі «қорытынды әзір­леу», 2-уі «заң жобасымен жұ­мысты жалғастыру», 2-уі «заң жобасы жөнінде» болды. «Қорытынды әзірлеу» мен «заң жобасымен жұмысты жалғастыру» дегеннің мәнісі –жалпы отырыста аталған мәселені қарайтын уақытты бас комитеттің бекітіп алуы дегенге саяды. Сонда, соңғы кездегі жалпы отырыстар негізінен уақыт белгілеуге ғана арналып жатқаны көрініп тұр. Ал өткен жылдың жұмысын қорытындылаған желтоқсан айының соңғы жалпы отырысында айтқан сөзінде Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов экономикалық және әлеуметтік мәселелерге қатысты 66 заң жобасы қоржында жатыр деген еді. Ендеше, неге сол заң жобалары талқылауға ұсынылмай жатыр деген сұрақ туады. Бұған қарағанда, бюджетті қайта қарап, шығындарды нақтылау мәселесі алда тұрғанда іске асырылуы жаңа шығындарды талап ететін заң жобаларын қарау уақытша тоқтатылған сияқты. Соңғы отырысқа енгізілген халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы 2 заң жобасы да бюджет шығынын талап етпейтіндер. Біздіңше, мәселе осында жатқан сыңайлы. Осы арада «Ақ жол» фрак­циясының мүшесі, депутат М.Қазбекованың палатаның соңғы отырысында жолдаған сауалына тоқтала кеткіміз келіп тұр. Ол бұған дейін де Премьер-Министрге сауал жолдап, «Жол қозғалысы туралы» Заңға сәйкес автокөліктерді балалар креслоларымен жабдықтау мәселесін орындауды 12 айға дейін созуды сұраған-тын. Сол жолғы сауалын депутат дәйектілікпен дәлелдегенін де атап көрсеткен жөн. Ал бұл жолғы сауалында ол балалар креслосын қоюды міндеттемес бұрын осы іске жауапты Жол полициясы мен Инвестиция және даму министрлігінің тиісті комитеті оның қандай болмағын айқындаған техникалық регла­мент жасаулары керек еді дегенді көлденең тартты. Әйтпесе, Қытай­дан алынған креслолар біздің стан­дарттарға сәйкес келмейді, деді депутат. Жөн-ақ сөз. Бірақ осы арада М.Қазбекова­ның өзіне сұрақ қойғың келеді. Демек, балалар креслосының қандай болмағын белгілеген техникалық регламент жоқ екен, ендеше, оны барлық авто­көліктерге қоюды міндеттеу жөніндегі бапты неге қабыл­да­дыңыздар? Бұларыңыз сатып алатын заттың сапасын көрмей тұрып ақша төлегенмен бірдей болды ғой. Әрине, біреудің олқылығын айтуға бәріміз де шеберміз, ал сол олқылық өзімізден басталып жатса қайтпек керек, Меруерт Айтқажықызы? Қазір біраз жұрт қаншама ақшасын шығарып креслолар алып қойды, енді техникалық регламент шыққан соң олары талапқа сай болмай жатса – табанақы, маңдай термен тапқан қыруар ақшасы жайдан-жай күйіп кетеді емес пе? Оның өтемін халық кімнен өндіруі керек? Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».

Колледж мүмкіндігін кеңірек пайдалану керек

Кезінде Елбасымыздың тапсырмасы бойынша Астана қала­сында ел экономикасының түрлі салаларына арналған жұмыс кадрларын даярлайтын кәсіптік-техникалық колледж ашылған болатын. Оны «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС салған еді. Бұл оқу орнында республиканың барлық өңірлерінен келген жетім балалар оқиды, ғимараттың жалпы көлемі 28855, 4 шаршы метрді құрайды, материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай келеді. Колледж бүгінгі таңда еңбек нарығында зор сұранысқа ие көлік, құрылыс және машина жасау салаларына арналған 8 мамандық бойынша кадр дайындайды. Бұлар: «дәнекерлеу, токарь ісі, металл өңдеу»; «жол-құрылыс машиналарын техникалық пайдалану»; «электр стансасын, шағын стансаны және желілерді электрмен жабдықтау»; «өнеркәсіптегі механикалық өңдеу, бақылау-өлшеу құралдары және автоматикасы» және басқалар. 2009 жылдан бері колледж 462 адамды оқытып шығарды. Оқуды аяқтаған соң үшжақты шарттарға сәйкес түлектер өңірлерге барады. Жыл сайын колледж түлектері Астана қаласының және Қазақстан өңірлерінің кәсіпорындарына орналасып, жұмыс істейді. Ашылған кезден бері колледжде тек қана жетім балалар оқыса, бүгінде жатақханаға орналастырусыз (өйткені, жатақхана 300 адамға есептелген) оқушылар контингентін кеңейтуге мүмкіндік бар. Қолданыстағы материалдық-техникалық базаны, ғимараттың жалпы көлемін, тиісті педагог-кадрлардың болуын есепке ала отырып, жатақханаға орналастырусыз Астана қаласындағы аз қам­тылған және көп балалы от­басылардың балаларын оқыта­тын­дай етіп колледж мүмкін­дік­терін пайдалану ұтымды болар еді. Бұл мәселені шешу колледждің материалдық-техникалық базасын тиімді пайдалануға және мектеп бітірушілерге жұмысшы мамандығын меңгеруге, ал ең бастысы – Қазақстан жастарын техникалық және кәсіптік білім алуға, сондай-ақ, индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартуға, маман-кадрлар тапшылығын еңсеру мен дамып келе жатқан экономикамызды білікті мамандармен қамтамасыз етуге байланысты Қазақстан Президенті алдымызға қойып отырған міндеттерді орындауға мүмкіндік береді деп есептейміз. Үкімет пен Білім және ғылым министрлігіндегі тиісті салаға жауапты адамдар ешқандай артық материалдық шығынды қажет етпейтін бұл ұтымды бастамаға түсіністік танытады және оң шешеді деп сенейік. Пайдасы мен тиімділігі көрініп тұрған оңды идеяға мән бермеу, жұмсартып айтқанда, ақылға қонбайтын марғаулық болып шығар еді Әсима БИМЕНДИНА, Мәжіліс депутаты.

Еуропарламент депутатымен кездесті

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Еуропалық Парламент депутаты, ЕО-ның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық бойынша делегациясының басшысы Ивета Григулемен (Латвия) кездесті. Григуле ханым «Ақ жол» партия­сының қызметімен «Виенотиба» партиясының, Еуро­пар­ламент және Латвия Парла­ментінің депутаттары арқасында таныс екенін айта келіп, орнатылған серіктестік қа­рым-қатынас табысты дамып келе жат­қанын атап көрсетті. Пар­тия­лар арасындағы ынтымақ­тастық туралы келісімге 2012 жылы мамыр айында Ригада қол қойылған болатын. Кездесу барысында мәселелер­дің кең ауқымы талқыланды. Григуле ханым Латвия ЕО Ке­ңесінің төрағасы ретінде екі­жақ­ты қарым-қатынастарды 2015 жылдың бірінші жартысында посткеңестік мемлекеттермен «Шығыс серіктестігі» пішімін­де дамытуға ықпал етуге ниет­ті екенін атап өтті, сондай-ақ, Қазақстан басшысы Н.Ә.Назар­баевтың қызметі мен бітімгерлік күш-жігерін жоғары бағалады. Кездесу барысында А.Перуа­шев «Ақ жол» еуропалық даму век­торын өзінің саяси бағдар­ламасы басымдықтарының бірі ретінде қарастыратын Қазақстандағы жал­ғыз партия екенін атап өтті. «Егемен-ақпарат». ERA_2274+++1 (15) ERA_2274+++1 (22) Суреттерді түсірген Ерлан Омаров.