Қоғам • 16 Қараша, 2024

Көмек ретінде шаруалардың астығын сатып аламыз - Асылхан Джувашев

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының қатысуымен Астанада алғаш рет өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында аталған саланы дамытудың таяу болашаққа арналған негізгі бағдарлары айтылып, маңызды тапсырмалар берілді. Осы орайда, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевпен тілдескен едік.

Көмек ретінде шаруалардың астығын сатып аламыз - Асылхан Джувашев

А.Джубашевтің айтуынша, форумда Президент ауылдарды дамыту мемлекетті нығайтудың басым бағыты екенін атап өтті. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 26 миллион тоннадан астам (рекордтық көрсеткіш) дәнді және бұршақ дақылдарын жинады.

«Осы жылдың экспорттық әлеуеті 12 миллион тонна астық. Бүгінде еліміз астықты Өзбекстанға, Әзербайжанға, Түркіменстанға, Қырғызстанға, Ауғанстанға және үлкен көлемде Қытайға жеткізеді.

Астықты сатып алушы елдердің көбі осы күзде жақсы астық жинады, бұл – біздің негізгі нарықтарымызда сұраныс пен астық бағасының төмендеуіне айтарлықтай әсер етті», деді ол.

Аталған корпорацияның Басқарма төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысы Үкіметке отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көмек көрсетуді дер кезінде тапсырды. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі Азық-түлік келісім шарт корпорациясы арқылы фермерлерден астықты интервенциялық сатып алуды жүзеге асыруы керек. 

«Қазір Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, шаруаларға көмектесу үшін қажетті қаражатты бөлу жұмыстарын жүргізіп жатыр және таяуда астықты тікелей сатып алудың басталатынын мәлім етеді. Қабылданған шаралар – бірінші кезекте шағын және орта шаруашылықтарды қолдауға, олардың өнімдерін әділ бағамен өткізуге бағытталған. Дәл осындай көмекті 2023 жылдың желтоқсан айында жүзеге асырған едік. Биыл да осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырып, шаруаларға барынша жәрдемдесеміз», дейді Асылхан Джувашев.