Оқиға • Бүгін, 10:04

Жыл басынан бері 14 «жалған полицей» ұсталған

36 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті жыл басынан бері 14 «жалған полицейді» ұстаған, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері 14 «жалған полицей» ұсталған

Фото: Polisia.kz

Қараша айында Шымкентте бір топ адам полиция қызметкерлерінің кейпіне еніп, «қамқорлығы» үшін ай сайын 1,5 млн теңге алып отырған.

Дәл сол сияқты Ақтөбеде 2 жас жігіт қаланың екі тұрғынына зорлық-зомбылық көрсетіп, 300 мың теңге алған.

Қонаевта ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы облысының 2 тұрғынын ұстады. Олар өздерін жедел уәкіл ретінде көрсетіп, жәбірленушіден 500 мың теңге бопсалаған.

Жалған қызметтік куәліктер, құжаттар, нысанды киімдер тәркіленіп, күдіктілер қамауға алынды.

«Айта кету керек, заманауи технологиялар алаяқтарға ықтимал құрбандар туралы әртүрлі ақпаратты оңай алуға мүмкіндік береді. Бұл олардың қылмыстық схемаларын сенімді етеді. Қылмыскерлер адамдарды манипуляциялау үшін психологиялық әдістерді қолданады. Жалған полиция қызметкерлерін ұстау – бұл қауіпсіздік мәселесі ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды бөлігі. Азаматтардың қырағылығы мұндай қылмыстардың санын едәуір төмендетуі мүмкін. ІІМ кез келген заңсыз әрекеттер туралы полицияға дереу хабарлауды сұрайды. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр», деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.