Алматы • 18 Қараша, 2024

Алматы облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алды

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Баспаналы болу – адам өмірінің ең қуанышты сәті. Олай болса, Алматы облысы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған тұрғын үй құрылысы саласын қарқынды дамытуды жалғастырып жатыр. 

Алматы облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Фото: freepik.com

2024 жылға жалпы көлемі 901,9 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары бекітілді. Бұл – өңірдегі тұрғын үй мәселесін шешуде айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік береді. Аталған көлем әртүрлі көздерден кешенді қаржыландыру есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл – құрылыс саласын қолдау мен инвестиция тартудың кешенді тәсілін растайды.

Тұрғын үй көлемін қаржыландыру және бөлу көздеріне келер болсақ, биылғы жылға арналған жоспары бойынша бюджет қаражаты есебінен – 129,2 мың шаршы метр, жеке құрылыс салушылар – 191,8 мың шаршы метр, тұрғындар есебінен – 580,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.

Биыл, атап айтқанда, қаңтар-қыркүйек айларында Алматы облысында 777,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,9 пайызға жоғары.  Қазан айында тағы 84,4 мың шаршы метр пайдалануға беріліп, 10 айдағы жалпы көлемді 861,5 мың шаршы метрге жеткізді. Бұл нәтижелер құрылыстың жоғары қарқынын және тұрғын үй бағдарламасының белсенді жүзеге асырылып жатқанын растайды.

Тұрғын үй бағдарламасында халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 2922 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланса, оның ішінде 1618 отбасы бюджет қаражаты есебінен баспана алады. Сондай-ақ 1304 отбасына жалға берілетін тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр, бұл шын мәнінде, көмекке мұқтаж адамдарға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Яғни, тұрғын үй салу арқылы адамдардың өмір сапасын көтеруге және қолдауды қажет ететіндерге көмек көрсетуге бағытталған. Осылайша, Алматы облысы тұрғын үй саясатында алға қойған мақсаттарына сенімді түрде қадам басып келеді. Бекітілген 2024 жылға арналған жоспар, сондай-ақ ағымдағы нәтижелер биліктің өңірдің тұрақты дамуының кепілі болып табылатын халықтың барлық санаттарын қолжетімді баспанамен және жайлы жағдаймен қамтамасыз етуге ұмтылысын көрсетеді.

«Алматы облысы азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған мақсаттарына сенімді қадам жасап жатыр. Биылғы жылға арналған жоспар тек сандардан тұрмайды, ол өңірдің тұрақты дамуын, қолжетімді баспана ұсынуды және мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз ету жөніндегі міндетімізді айқындайды. Біз Алматы облысының әрбір тұрғынын жайлы әрі лайықты өмір сүру жағдайларымен қамтамасыз ету үшін жұмыстарымызды белсенді түрде жалғастырамыз», дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

 


Алматы облысы