Жемқорлық • 20 Қараша, 2024

Жемқорлық тыйылмай тұр

260 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамының алға басқан адымын тежеп, жұрттың сені­міне селкеу түсіретін жегі құрт – жемқорлық. Қылмыс­тың бұл түрі медицина, спорт, білім, жол және инфра­құ­ры­­лым саласында жиі көрініс береді.

Жемқорлық тыйылмай тұр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агент­тігі Аты­рау облыстық департаменті басшы­сы­ның бірін­ші орынбасары Нұр­лан Жахиннің мәлімдеуінше, білім саласында жас ұрпақты тәр­биелеу мен оқытуға елеулі тос­­қауыл болатын сыбайлас жем­қорлық тәуекелі бар. Сыртқы талдау жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлықтың 10-ға жуық құқық бұзу әрекеті байқалды. Осыған бай­ланысты тиісті органға 26 ұсы­ныс беріліпті. Тал­дау қоры­тын­дысымен 12 мектепте іс жүзінде жұмыс істемейтін 41 «өлі жанға» жалақы аударылыпты. Соның салдарынан мемлекетке шамамен 90 млн теңге шығын келтірілген.

«Облыстық департамент басшылары тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоя­тын бірнеше ұсыныс берілді. Біріншіден, бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу шеңберінде бюджеттік өтінімдерді ұсыну тәртібін бекіту қажет. Екіншіден, жалақы төлеуге, оның ішінде аванс­ты беруге бақылау тетігін әзірлеу, енгізу мәселесінің тиімділігі бар. Үшіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогтер мен басқа да қызметкерлердің жұмыс сағатын лимиттен тыс белгілеуді болдырмайтын тетік бөлігіне бірқатар ұсыныс енгізілді. Осы ұсыныстардың нәтижесі қазірдің өзінде байқала бастады. Оның ішінде жымқыру тәуекелін барынша азайту мүмкіндігі аңғарылып отыр. Жергілікті атқарушы ор­ган­­­дардың бухгалтерлік есепті жүр­гізуге сатып алынатын ақпа­раттық жүйелерінің міндетті пара­метрлері мен техникалық сипаттамаларын біріздендіру үшін құқықтық жағдайлар жасалды», деп мәлімдеді Н.Жахин.

Оның пікірінше, білім саласы қызметкерлерінің бір ғана міндеті бар. Бұл – оқушыларға сапалы білім беру. Екіншіден, жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік, еңбекқорлық, парасаттылық құн­ды­­лықтарын сіңіру.

Аталған департаменттің басшысы Ерұлан Серікқалиевтың айтуынша, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекеліне талдау жасалыпты. Талдау нәтижесі бойынша 900 млн теңгеден аса соманың қаржылық бұзушылығы анықталып, 1 қылмыстық іс қозғалған екен.

«Бюджетке 4 млн теңге көле­мін­де қаржы қайтарылды. Жал­­ған дипломмен жұмысқа орна­­лас­тырылған 30 жаттық­тырушы қызметінен босатылды. Жеке тұлғаға негізсіз берілген «Мұз айдыны» ғимараты ком­муналдық меншікке қайтарылды. Сенім­­гер­лік басқару шартына сәйкес міндет­темелер тиісінше орындалмаған басқа да спорт ғимараттарын коммуналдық меншікке қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», дейді Е.Серікқалиев.

Департамент басшысының айтуынша, бұл салада жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар. Ал мұның салдары қандай болуы мүмкін?

«Біріншіден, отандық спорттың дамуын тежейді. Екіншіден, әлемдік сайыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге кедергі келтіреді. Үшіншіден, халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды іріктеудің ашықтығын көрсететін процестерге цифрландыруды енгізуді тежейді. Төртіншіден, бұл бюджет қаржысы мен сыбайлас жемқорлық схемаларын бақылаусыз игеруге жағдай жасайды», деді Е.Серікқалиев.

Осындай кемшіліктерді жою, алдын алу үшін жергілікті әкім­дікке бірнеше ұсыныс беріліп отыр. Соның бірі – ведомстволық бағынышты мекемелерде «1С: Мекеме» бағдарламасын енгізуді толық жүзеге асыру.

«Біздің ойымызша, мұның бір­неше тиімді тұсы бар: спорт сала­сындағы бухгалтерлік есепті, қар­жылық басқарудың негізгі кезең­дерін автоматтандыруға мүм­кіндік береді, қаржыны тиім­ді әрі мақ­сатты жұмсауға жол аша­ды, қар­жылық бұзушылық жа­с­ауға ұрын­­дыратын тәуекелдің ал­дын ала­ды», деп есептейді Е.Серік­қа­лиев.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Н.Жахиннің айтуына қарағанда, жол және инфра­құрылым саласына жүр­гізіл­ген мониторинг кезінде сыбайлас жемқорлықтың 20-дан аса қауіпті тәуекелі анықталған. Бұған бірнеше мысалды алға тартты.

«Бір мердігерге артықшылық беріледі. Шенеуніктер мен мердігерлер арасында мүдделер қақ­тығысы бар. Жосықсыз қатысу­шылар тізімінде тұрған компания­лар­мен шарт және қо­сымша келі­сім­дер жасау әлі де тоқ­таған жоқ. Жол жөндеуге байла­нысты бірнеше деректі айтуға бола­ды. Оған бұрын көзделмеген шығыс­тарды қосу, тиімсіз жоспарлау, мем­­лекеттік сатып алу конкурсын өткізгенге дейін жолды салуға кірісу, бір бақылаушыны бірнеше ны­санғ­а бекіту, жұмыстарды ақау­­мен қабылдау, ең төменгі кепіл­­дік мерзімін белгілеу, орташа жөндеуге ведомстволық сарап­­­тама жүргізбеу, тапсырыс беру­шінің келісімінсіз қосым­ша мер­дігерлерді тарту, лицен­зия­сыз құрылыс-монтаж жұмыс­та­рын атқару секілді жайттарды анық­тадық. Төтенше жағдай ке­зін­дегі мем­лекеттік сатып алуды жүр­гізу­д­е, оның ішінде ешқандай тәжі­ри­­бесі жоқ мердігерлермен бір көз­­­­ден тікелей тәсілмен шарт жа­сау­­­да кемшілік байқалды», дейді Н.Жахин.

Медицина саласы да жемқор­лық әрекетінен ада емес. Мәселен, емдеу мекемелерінің басшылары мен бас есепшілері жалақысын жа­санды жолмен көтеріп отырған. Тіп­ті ақжелеңділерге үлгі көр­сетуге тиіс басшылар өзінің оқу ақы­сын тө­леу үшін еңбекақы қоры­ның қар­жы­сын шімірікпей пайдаланыпты.

«Мәселен, №5 емхананың директоры Esil University-де оқу үшін – 2,1 млн теңге, Геолог елді мекеніндегі емхананың директоры – 2,6 млн теңге, Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры – 3,2 млн теңге, Мақат аудандық ауруханасының директоры – 2,6 млн теңге, № 3 емхананың директоры 2 млн теңге жұмсаған. Барлық қаржы бюджетке қай­та­рылды», деп хабарлады депар­таменттің баспасөз қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қыз­метінің мәліметіне сүйенсек, №4 қалалық емхананың директоры мен бас есепшісіне, шаруашылық меңгерушісіне қатысты қылмыстық іс қаралған. Айыпталушылардың қатарында кәсіпкер де бар.

«Атырау қалалық соты №4 қалалық емхананың директоры Е.Сабировке, шаруашылық меңгерушісі А.Әлжановаға, бас бухгалтер М.Дүйсенғалиеваға және кәсіпкер А.Ералиеваға қатысты үкім шығарды. Сотталушылар заңнама талаптарын бұзып, жасалған шарттар шеңберінде іс жүзінде қызмет көрсетусіз кәсіпкерге 231,8 млн теңге сомасында ақша аударған. Олар қаражат жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен оларға 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Емхана басшысы Е.Сабиров өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару, ал Әлжанова, Дүйсенғалиева және Ералиева мемлекеттік ұйымдарда 7 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқынан айырылды», деп хабар­лады агенттіктің баспасөз қыз­меті.

Тағы бір емхананың бас есепшісі бюджеттің 573 млн теңгесін өз есепшотына аударып алғаны үшін күдікке ілінді. Бұл қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотында қаралды. Сот­талу­шыға Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тар­мағы, 218-бабының 1-бөлігімен айып тағылған.

«Атырау қалалық емхана­сының бас бухгалтері қызмет бабын пайдаланып, қасақана пайдақорлық ниетпен 2012–2023 жылдар аралығында өзіне сеніп тапсырылған 573 млн теңгеден аса бюджет қаражатын иемденіп, банктердегі өз есепшоттарына аударған. Қылмыстық жолмен алынған осы қаражатты аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы заңдастырған. Емханаға аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Істі қарау барысында сотталушы 3 млн теңгені өтеген», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Прокурор бұл іс бойынша айып­­талушыны 8 жыл мерзімге бас бос­­тандығынан айыруды ұсынған. Ал айыпталушы өзіне жеңіл жаза түрін тағайындауды сұраған.

Сот айыпталушыға қатысты бірнеше жайтқа назар аударды. Біріншіден, ол өзінің айыбын ішінара мойындаған. Екіншіден, өзінің заңсыз әрекетіне өкінген. Үшіншіден, оның асырауында жас балалары бар. Төртіншіден, ол келтірілген зиянды ішінара өтеген. Осының бәрі жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.

«Сотталушы тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді. Оған қаражат және материал­дық жауаптылыққа байланысты қызметпен айналысу құқынан 10 жылға, бас бостандығынан 8 жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалды», деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметінен.

Ал Атырау қалалық №2 соты­ның ақпаратына сүйенсек, Атырау облысы бойынша қыл­мыстық-атқару жүйесі депар­та­ментіне қарайтын №75 мекеме бастығының міндетін атқа­ру­шы сотталған ер адамның ағасынан 1 млн теңге көлемінде пара алған. Сөйтіп, сотталушыны шаруашылық жұмыстарына тар­тылғандардың санатына ауыс­тырып, тергеу изолято­рында қалдырмақ болған. Айып­талушыға пара алғаны үшін Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.

«️Қылмыстық іс сотқа дейінгі же­дел­­детілген тергеп-тексеру­ тәр­­ті­бімен түсті. Сотталушы өзі­­нің кінәсін толықтай мойындап, жи­нақталған дәлелдерге дау кел­тір­меді. Сот отырысында дәлел­дерді зерттеуді талап етпе­ген­діктен сот талқылауы қыс­қар­тыл­ған тәртіппен қаралды», делін­ген сот­тың баспасөз қызметі мәлім­де­­сін­де.

Прокурор сотталушыға мем­лекеттік қызметте және мем­лекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы­на, бас бостандығынан 3 жыл 6 ай мерзімге айыру жаза­сын тағайындауды, «әділет под­полковнигі» арнайы шенінен айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін толықтай мойындап, жеңіл жаза түрін тағайындауды өтінген. Сот сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балаларының барын, кінәсін мойындағанын, өкінгенін ескеріп, мұны жаза мен қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Сотталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқынан өмір бойына айыру, 30 млн теңге (параның 30 еселенген сомасы) мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Ол «әділет подполковнигі» арнайы шенінен айырылды», деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Облыстық ветеринариялық бақы­лау және қадағалау инс­пек­циясының басшысы жеке кәсіп­керлік директорынан бірнеше рет пара алған. Шенеуніктің сыбайлас жемқорлық қылмысына инс­пекторлар да шатылды. Бұл қылмыстық іс Атырау қала­лық №2 сотында қаралды. Күдік­тілерге Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2 және 4-тармағымен, 28-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігімен айып тағылған.

«Облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспек­циясының басшысы лауазымды тұлға болғанына қарамастан бірнеше рет ЖК директорынан 1,4 млн теңге, ШҚ басшысынан қамқорлығы үшін 500 мың теңге пара алған. Ол Батыс Қазақстан облыстық инспекциясының бас маманымен және ветеринарлық инспектормен алдын ала сөз байласып, ЖК директорынан жалпы қамқорлығы үшін 1,8 млн теңге пара алуды ұйымдастырған. БҚО инспекциясының бас маманы мен ветеринарлық инспектор алдын ала сөз байласып, қамқорлық танытқаны үшін ЖК директорынан 1,8 млн теңгені пара ретінде иемденген. ЖК директоры мен ШҚ басшысы Қазақстан шекарасында көліктің заңсыз қозғалысы үшін пара түрінде 3,3 млн теңге және 500 мың теңгені берген», деді соттың баспасөз қызметінен.

Сотталушылардың кінә­сі өз­дерінің, куәлардың айғақ­тары­мен, ақша қаражатын аудару туралы түбіртектермен, тергеу әре­кет­терінің бейнежазбаларымен, мамандардың қорытындыларымен дәлелденді. Алайда олардың асырауында кәмелетке толмаған бала­лардың бар екені, кінәларын мо­йындауы жаза мен қылмыстық жауап­тылықты жеңілдететін мән-жай ретінде танылды.

«Олар тағылған айып бо­йынша кінәлі деп танылды. Инс­пекция басшысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бас маман мен ветеринарлық инспекторға пара сомасының 60 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындалды. ЖК және ШҚ басшыларына пара сомасының 26 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды. Барлығы мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйым­дарда қызмет атқару құқынан өмір бойына айырылды», деп мәлім етті соттың баспасөз қыз­метінен.

Міне, бұл деректер – Аты­рау облысындағы сыбайлас жем­қорлық тәуекелі мен қыл­мысының әлі де толық жойыл­мағанының айқын дәлелі. Тіпті жемқорлық қылмысының тамыры тереңдеп бара жатқаны байқалады. Ақша көрсе, тура жолдан тайып, жемсауы бүлкілдеп тұратын жемқорлар азаймай тұр.

 

Атырау облысы