Медицина • Бүгін, 09:05

Цифрландыру шарапаты

57 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекеттен денсаулық сақтау саласына қаражат аз бөлін­бейді. Міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру жүйе­сі енгізілгелі сол қаржының көлемі еселенді. Небір емі күрделі ауруларға жоғары технологиялық операция жа­­салды. Медициналық ұйымдар құрал-жабдықтармен толы­ғып жатыр. Әйтсе де, салада ел күткен ілгерілеу байқалмайтындай. Себебі МӘМС-ке жарнасын аударып отыр­ған­ тұрғындар емханаға барса, кезек көп, қызмет сапасы кө­ңілден шықпайды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Жол­дау­ды еске салып, аталған саладағы бірнеше кемшілікті атаған еді.

Цифрландыру  шарапаты

Соның ішінде ақпа­раттың бірыңғай дерек­қорын құру, бөлінген қаражаттың тиімділігін арттыру өзекті болып тұр. Президенттің цифрландыруға соның ішінде меди­циналық көмек сапасын арт­тыруға қатысты Жолдауда жүк­­теген тапсырмаларын газе­ті­міз­де бұрынырақта жазған едік. Бұл жолы Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің Жолдаудан кейін іске асыра бастаған жоба-жоспарларына кеңірек тоқталғанды жөн көрдік.

Бүгінде Денсаулық сақтау минист­р­лігінің өзінде 17 мемле­кет­тік ақпараттық жүйе бар екен. Бұдан өзге 20-дан астам же­ке­меншік ақпараттық жүйе жұ­мыс істеп тұр. Министрлік ма­мандары мұны уақытында өз кезеңінің талаптарына сай әзірленген жүйелер деп түсін­дір­ді. Сол кезде Денсаулық сақ­тау саласындағы саясат пен та­лаптарға сай келіпті. Денсаулық сақтау вице-министрінің сөзінше, қазір азаматтардың медицинаға қатысты талаптары өзгерген. Басы ашық сұрақ көп. Сала­ның дамуына қолбайлау болып отырған кемшіліктер бар. Соның бірқатары ақпараттық жүйе­лер­дің бірізділенбеуінен туын­дап отыр. Сосын медициналық ұйымға баруға апталап, айлап кезек күтетін сәттер болады. Ме­ди­­цина мамандарының артық жүктемесі көп. Медициналық үдерістерде ашықтық сақтала бермейді. Азаматтар кейбір дербес деректерге қол жеткізе ал­майды. Заңсыз көрсетіліп жат­қан мемлекеттік мединалық қыз­меттерге мықтап тұсау қойылмай тұр. Денсаулық саласының статистикасы мен жоспарлауда қиындықтар бар. Қуантарлығы дейміз бе, бұл мәселелерден Денсаулық сақтау министрлігі хабардар. Хабардар болғанда да Жолдаудан кейін саланың дамуы­на тұсау болған кемшіліктерді рет­теуге кіріскен сыңайлы. Мұның жай-жапсарын жуырда вице-министр Ербол Оспанов бас­пасөз мәслихатында айтып берген еді.

– Министрлік қолға алған бірінші жобаның өзінде 6 бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші, денсаулық сақтау саласының қолданыстағы ақпараттық жү­йе­лері модернизацияланады, жаңартылады. Екінші, жалпы­ медициналық ақпараттық жүйе­лерді жетілдіру міндеті тұр. Үшінші, медициналық дерек­терді бір дерекқорға жинау қажет. Өйткені қазір ақпараттың қолжетімсіздігіне байланысты азаматтар денсаулық жағдайы жөніндегі қағаздарын қолма-қол тасып жүр. Төртінші, меди­циналық ұйымдарға көрсетілген қызметтің ақысын уақтылы төлеу мәселесі бар. Бесінші, интеграциялау. Интеграциялауға қатысты мәселелерді әлеуметтік желіден естіп, біліп отырған боларсыздар. Содан соң денсаулық сақтау саласының бірыңғай порталын енгізу қажет. Өйткені қолданыста порталдардың түрі көп. Тұрғындар қайда барып, неге жүгінерін, салаға қатысты сұрақтарға қайдан жауап аларын білмейді, – дейді Е.Оспанов.

Байыптасақ, цифрландыруға қатысты шаруалар бірді-екілі ақпараттық жүйені интеграциялаумен бітпейді. Мысалы, елде қанша медициналық ұйым жұмыс істейді, олар меди­ци­налық көмектің қандай түрін көр­сетеді, тағы сол сияқты ақпа­раттар қолжетімді емес. Меди­ци­налық ұйымдардан бөлек, Ден­саулық сақтау жүйесі кадр­ларының реестрі қажет. Сала­да қанша маман еңбек етеді, олар­дың сертификаты бар ма, еңбек өтілі қандай деген сұрақ­тар да қолжетімді болуға тиіс. Сол секілді медициналық қыз­мет­кердің науқастарды қа­был­­­дайтын бірыңғай графигіне қатысты мәселелер туындап отыр. Тұр­ғындардан осыған байланысты арыз-шағымдар көп түсетіні біз айтпасақ та белгілі. Өзі тіркелген медициналық ұйымға, дәрігерге жазыла алмай жүрген пациенттер көп. Өйткені дәрігердің күнтізбесі толық. Жұмысы қауырт. Екі-үш апта былай тұрсын, кезегін ай күтуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осы кезекті бақы­лауға, жұмысты ширатуға цифр­­лан­дырудың шарапаты тие­тінін айтып отыр.

Келесі кезекте медициналық ұйымдардың базасында жұмыс істейтін 7 жекеменшік ақпараттық жүйені жетілдіру міндеті тұр. Әуелі олардың функцияларын оңтайландырып, қолмен енгізетін ақпараттарды цифрландыру, интеграциялау қажет. Себебі бүгінде дәрігерлер екі-үш, кейде төрт ақпараттық жүйеде шұқшиып, жұмыс істеуге мәжбүр. Мұның барлығы интеграцияның жоқ­ты­ғынан туындаған кедергілер. Әдет­те дәрігер бір пациентті қарауға 10-13 минут жұмсаса, қап­таған ақпараттық жүйе­лер­де отырып 20-30 минут уақы­тын жоғалтады. Мұнда да цифр­­­ландырудың нәтижесінде жұ­мысты ілгерілетуге болады. Ми­нистрлік бұл бағыттағы шаруа­ларды да биыл бастап, келер жылы біржақты етуге ниетті.

Өздеріңіз білетіндей, қазір медицинада анықтамалардың, құжат­тардың түрі көп. Министр­лік соны да цифрлық форматқа ауыс­­тыруға мүдделі. Осы күнге дейін кейбір пациенттер анық­тама алуға емханаға кезекке тұруға мәжбүр болып келді. Сосын, қағаз жүзінде алған құжатты тиісті мекемелерге, яғни жұмыс берушіге жеткізуге тиіс болдық. Медициналық кітапша толтыруды талап ететіндер тағы бар. Енді келер жылы бұл құжаттар да онлайн форматқа ауысса, жыл сайын медициналық анықтама алу үшін қағаздардың басын қосып, әуре-сарсаңға түспейміз.

– Министрлік қолға алған жоба­лардың ауқымдысы – бар­лық медициналық деректі жи­найтын бірыңғай базаны құру­мен байланысты. Ауқымды жобаның алғашқы қадамдары қыркүйектен басталды. Жалпы, бұл жоба аясында медициналық деректерді 100 пайыз жинайтын эталондық база құрылады. Өйткені қазір өкінішке қарай, мемлекеттің қаржыландыруы арқылы жұмыс істеп жатқан меди­циналық ұйымдардың ақпа­ратын жарым-жартылай болсын жисақ, жекеменшік медициналық ұйымдардағы немесе азаматтардың өз қалтасынан төлеген медициналық қызметтер жеке­меншік ақпараттық жүйе­лерде қалып кетіп отыр. Енді со­ның барлығын бірыңғай эта­лондық базаға жинайтын кез келді. Пациенттердің деректері пациенттердің соңынан жүру қағи­даты бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені келешекте әрбір азамат қандай меди­циналық мекемеге жүгінсе, сол мекемеде жеке медициналық деректерін қолжетімді ету міндеті көз­делген. Осы бірыңғай базаны іске қосу арқы­лы жалпы медициналық статистиканы қалып­тастыру үдерісін цифрлан­дыруды, медицина саласын жоспар­лауды жаңа сапалы деңгейге көтеру жоспарланып отыр. Мұның барлығы сайып келгенде пациенттердің игілігіне жасалып жатқан жұмыстар, – дейді Е.Оспанов.

Қолданыстағы барлық ақпа­рат­­тық жүйелерді интера­ция­лау­дың маңызын жоғарыда айт­тық. Министрлік бірінші кезек­те қолда бар 17 мемлекеттік ақпа­раттық жүйені интеграция­лау­ды көздеп отыр. Яғни осы­ған дейін басталып қойған жұ­мысты соңына дейін жеткізеді. Жал­пы, алты негізгі бағыттағы жоба­лар­дың басым көпшілігі келер жылы іске асады деп көздел­ген. Нәтижесінде, медициналық қыз­­меттің қолжетімділігі артады. Медициналық ұйымдарда ке­зек реттеледі. Мамандардың жүк­­­­те­месі азаяды. Заңсыз көр­се­­­­тіліп жатқан медициналық қыз­­­­­­мет­терге шектеу қойылады. Объек­­­­тивті статистика қалып­та­сады.

Осы көл-көсір жұмыстардың алғашқы нәтижелері туралы аз-кем айтсақ артық болмас. Бүгінде IT-саласының қызметкерлері медицина мамандарымен кездесіп, ақпа­раттық жүйелердегі кем­ші­ліктерді талқылаған. Дәрігер­лер­дің ұсыныс-пікірлерін тың­даған. Сол кемшіліктердің рет­теу­дің нәтижесінде дәрігерлер жұ­мыстың 20-30 пайызға же­ңіл­дегенін айтады. Бірақ министрлік мұны­мен тоқтамай, жұмысты тағы ширата түсуге бекініп отыр. Нақтыласақ, олар жұмыс жүк­те­месін 2 есе жеңілдетуді жоспарлапты. Қорыта келе, түйгеніміз, меди­цинада цифрландыру арқы­лы реттеледі деп күтіп отыр­ған міндет көп. Әрине, мұны­мен саладағы барлық мәселе бір­ден шешіледі, кезек азаяды, сапа жоғарылайды деп айту­дан аулақпыз. Көпшіліктің меди­ци­налық ұйымға қаралуға бұрын апта­лап, айлап күтетін кезегі 4-5 күнде келсе, мұның өзі тәуір нәтиже болғалы тұр.