Мәселе • Бүгін, 09:10

Ақылы жол талапқа сай ма?

57 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес» деген еді. Ертіс-Баян өңірінің аумағында жалпы ұзындығы 1026 километрді құрайтын үш ақылы жол бар. Оның негізгісі «Астана – Павлодар» автобаны болса, тағы екеуі «Павлодар – Қалбатау» және «Павлодар – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолдары. Ақылы жолдардың қысқы дайындығы мен қызметіне қатысты бүгінде бірқатар мәселе бар.

Ақылы жол талапқа сай ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Автобан неге жабыла береді?

Павлодардан елордаға дейінгі төрт жо­лақ­ты, 1А санатына жататын автобанның 191 шақырымы біздің облыстың, өзгесі Ақмола өңірінің аумағында орналасқан. Бү­гін­де жеңіл көліктер бұл жолда бір ара­лық­қа 490 теңге, жүк көліктері салмағы­на, ал ав­то­бустар орын санына байланыс­ты 2 390 тең­геден 11 990 теңгеге дейін төлейді. Сағатына 140 шақырымға дейін ызғытуға болатын жаңа стандарттағы жолдың арқасында бас қалаға дейінгі уақыт бұрынғыға қарағанда қысқарды, жеңіл көлікпен небәрі 3-3,5 сағатта жетіп барасыз. Осылайша күре жол қазіргі уақытта көлік ағыны бойынша еліміздегі шешуші инфрақұрылымның біріне айналып үлгерді. Өкінішке қарай, осы екі аралықта жолаушылардың көңіліне ұнамайтын кемшіліктер жетерлік.

Қыста ең жиі жабылатын жол – елордаға апаратын автобан. Боран соқса, көктай­ғақ пайда болса, автобан жабылуға дайын тұрады.

ва

Арқаға бет қаратпайтын аяз бен көз аштырмайтын боран әлі жетіп үлгерген жоқ. Соған қарамастан биыл қараша айының басынан бері автобан күн райы­на байланысты бірнеше мәрте жабылып үлгерді. Бұл мәселе жүргізушілерге ұнамайды. Аталған жолмен тұрақты жүретін көлік жүргізушілердің ойынша, «ҚазАвтоЖолдың» қыста жолды тазалауға, көктайғаққа қарсы материалды шашуға әлеуеті жеткіліксіз.

– Жолға жауапты компанияда қар тазалайтын арнайы техникалар мен қызметкерлер саны аз сияқты. Қыста қар қалың жауғанда көліктер колонна болып кептеліп тұрып қаламыз. Ал жолды тазалап жүрген арнайы көліктерді өте сирек көреміз. Бетонды жол қыста өте тайғақ, сәл жылымық болса жолдың беті айнадай жарқырап шыға келеді. Алайда көктайғаққа қарсы құм мен өзге де материал­дар шашып жүргендерді ұшырастырған емеспіз. Мәселе туындап, жол-көлік апаттары жиілей бастаса ғана техникалары бой көрсетеді. Ресей жаққа жиі сапарлап тұрамын. Көрші елдің жолдарында белгілі бір қашықтық сайын техникалар базасы орналасқан. Қар жауса, көктайғақ болса, бірден іске кіріседі. Нәтижесінде, жолды жауып тас­тау деген тәжірибе оларда өте сирек. Ал біздегі сервистік компаниялар бұл іске жауапсыз қарайтынын байқаймыз. Осындай жауапсыздықтан апаттар туын­дап, қаншама адамның өмірі қиылып жатыр. Бұған қоса автобанның Шідерті мен Бозшакөл арасындағы жол учаскесі де бүгінде әр жері тесіліп, түнде жүріп өтуге аса қауіпті. Білмейтін адамдар қатты жылдамдықпен жүріп, көлігін бүлдіріп алып жатыр, кейде осының салдарынан жол-көлік апаттары да болып тұрады, – дейді екі ортада жүк тасымалдайтын Берік Есқалиев есімді жүргізуші.

«ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыс­тық филиалының дерегінше, респуб­ли­калық маңызы бар автожолдарды қысқы уақытта күтіп ұстау үшін жұ­мыс­тарды орындауға арналған 107 тех­ника бар.

– Облыс аумағында республикалық маңызға ие 1662,78 шақырым жол бар, оларды күтіп ұстауға «ҚАЖсервис» ЖШС Павлодар облыстық филиалы жауапты. Штатта ауыр техникамен жұ­мыс істеуге маманданған білікті мамандар бар, сондай-ақ ауыр техни­ка­ның жарамдылығын сақтау үшін өз авто­шаруа­шылықтарын ұстайды. Серіктестік кейінгі төрт жылда 31 техника сатып алды, – деп хабарлады компаниядан.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына қызмет көрсетуге аталған компанияға биыл 5,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның 2,9 млрд теңгесі ақылы жолдарға бағытталған. Бұл қаражатқа жол бойындағы қар ұс­тай­тын учаскелерге траншеялар мен біліктер, ағаштан қалқандар орнату жос­парланған. Бұған қоса жиектер мен беткейлердің шөбі шабылып, бұталар мен өзге де өсімдіктер оталып, шұңқырлар жамалған. Қысқы уақытта пайдалану үшін «ҚАЖсервис» 14033 текше метр құм, 3367 тонна илеу, 3502 тонна техникалық тұз, 2165 тонна көмір, 5,4 тонна көктайғаққа қарсы реагент дайын­даған. Жол бойында қызмет көрсетуге 14 өндірістік база, 9 қазандық, 12 жылыту бекеті дайындалып жатыр.

 

Жарығы жоқ көпір қауіпті

Автобан бойын жарықтандыруға қа­тысты жүргізушілер шағымы көп. Әсі­ресе Қалқаман, Пограничник және Шідерті аумақтарындағы көпірлердің маңында жарық шамдары жиі сөніп қалады. Соның кесірінен түнгі уақытта жүр­гізушілер бұрылатын жерден өтіп кетіп, сарсаңға түсіп жүргені. Биыл аталған елді мекендермен қоса, «Боз­­ша­көл» және «Қарағанды» жол айрық­тарында жарық жүйесі дұрыс істе­мей тұр. Бұл түйткілдің себебін «Қаз­Авто­Жолдан» сұрағанымызда, ком­панияның өңірлік филиалы дирек­то­рының орынбасары Алмат Шойынбаев былай деп жауап қайтарды:

ук

«10 киловаттық кабельдің істен шығуы­на байланысты «Бозшакөл», «Қара­­ғанды» жол айрықтарында жарық шам­­дары қосылмай қалды. Ал биылғы 28 қазаннан бастап «ҚАЖсервис» ЖШС-ның электр­монтерлер бригадасы «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» авто­жо­лының 1206–1367 шақы­ры­мында жа­рық­­тандыруды қалпына келтіру жұ­­мыстарын бастады. Қалқаман және Погранич­ник жол айрықтарында жарық жүйе­сі бар, бірақ ақау анықталған жерлерде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл учас­кеде жарықтандыруды қалпына кел­тіру жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады», дейді ол.

Анықтап білгеніміздей, ақылы учас­келер айрықтарындағы жарық­тан­­ды­руды ішінара ажыратудың себебі – жарық шамдары мен олардың жинақ­тауыштарының жұмыс істеу мерзімінің аз болуынан екен. Сал­дарынан құрылғы мезгіл са­йын істен шығып, жарықтандыру жүйесі тоқтап қалады. Күн сәу­лесі аз, түні ұзақ қыс кезде жол қиы­лыстарының жарықтандырылуы қыс мезгілінде аса маңызды мәселе.

 

Сапасыз сервис

Келесі мәселе – жол бойындағы сер­вис­тің сапасыздығы. Жанар-жағармай құю стансаларының, дәмханалар мен қонақүйлердің, жылы дәретханалардың жеткіліксіздігі айқын байқалады. Бұл кем­шілік, әсіресе елордадан бері қайт­қанда өзекті. Ақмола облысынан бастап Екібастұзға дейін жанар-жағармай стансалары жоқ. Көлік ағыны қалың, ортасы темір қоршаумен бөлінген автобанда ретсіз тоқтауға рұқсат жоқ. Мұны жақсы білетін жүргізушілер Астана қаласынан шығарда машинасының багіне аузы-мұрнынан шығарып бензин құйып алады. Ал автомобильдерге техникалық қызмет көрсетудің небәрі бірнеше бекеті ғана орналасқан.

п

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Екібастұздағы филиалының директоры Медият Мұсанап жол бойымен ауыр жүк көліктері жиі жүретінін, сырттан келетін тасымалдаушыларға бұл аумақта сапалы қызмет көрсетілмей отырғанын жеткізді.

– Жергілікті кәсіпкерлер жол бо­йында кәсіп ашуға ынталы. Алайда «ҚазАвтоЖол» ұсынатын талаптар олар­дың көңі­лінен шықпайды. Жанармай құю бекеттерін, дәмханалар салу туралы ұсыныстар болғанымен, оларға қа­жетті жерді рәсімдеу, инфрақұрылым тарту үлкен мәселеге айналып тұр. Ұлт­тық компания кәсіп бастағысы келе­тіндерге уәдені үйіп-төккенімен, іс жүзінде айтқанын орындай алмай келеді. Осыдан бірер жыл бұрын акционерлік қоғамның тапсырысымен Шідерті кенті маңында көпфункционалды жол бойы кешенін (кемпинг) тұрғызған. Құны шамамен 1,5 млрд теңге тұратын жобаның құрылысы аяқталғанымен, ол бүгінде қаңырап бос тұр. Себебі нысанды жалға алуға дәрмені жететін әлеуетті кәсіпкер жоқ. Оны қойып, жол бойында көліктерге техникалық қызмет көрсететін сервистік ұйымдар мен техника дөңгелегін жөн­дейтін шеберханалар да жоқтың қасы. Алда қыс келе жатыр. Бұл мәселелер суық түскен мезгілде аса өзекті, – дейді ол.

Жоғарыдағыдай кешеннің тағы бірі екінші санатты ақылы автожолға жататын «Павлодар – Қалбатау» тас жолында, дәлірек айтқанда Аққулыда 5 жылдан бері бос тұрғанын айтып өтсек те болады. Жалпы сомасы 1 млрд тең­геге жуық қаражатқа салынған алып құры­лысты әлі күнге жалға алатын кәсіп­кер табылмады. Жергілікті белсенді тұр­ғындардың сөзіне құлақ түрсек, ұлт­тық компанияның («ҚазАвтоЖол») мұн­дай көпфункционалды кешендерді әу баста салғанының өзі қателік болған. Жолау­шы­ларға арналған барлық қолайлы жағ­­дайдың тұтас кешенін, атап айт­қан­да, жанармай құю стансасы, қонақ­үй, дәмхана, автокөлік жуу орны, техни­калық қызмет көрсету стансасы және демалуға арналған алаңы бар жол бойы сервисін ұстап тұру аса қымбат. Барлығы бір жерде шоғырлануына байланысты оларды бір орталықтан жылыту, күту, қызмет көрсету, қызметкерлерге еңбекақы төлеу қыруар қаражатты талап етеді. 2019 жылы еліміз бойынша мұндай 41 нысан салынатыны айтылған. Алайда алғашқы 4 кешенді салып, олардың жартысы пайдаланусыз тұрып қалғанда, жобаның өзі сәтсіз екені айқын болды. Сөйтіп, акционерлік қоғам одан біржола бас тартқан.

 

Жылы әжетхана жетіспейді

Павлодар мен Астана арасында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жеке кәсіпкер Әсет Қайратов екі ара­лықта жылы әжетхана жетіспейтінін айтады. Бұл қыста жолаушылар үшін қиындық тудырады.

– Жылы әжетхана елордадан келе жатқанда Екібастұз қаласына 30 ша­қы­рым қалған жерде (Байет ауылы тұсында) және Төртқұдық елді мекені маңында орналасқан. Одан басқа Шідерті кенті мен Қалқаман ауы­лындағы дәмханалар ішінде мұндай әжетхана ілуде бір кездеседі. Бұл дәм­ханалардың барлығы тәулік бойы жұмыс істемейтінін ескеру керек. Ал Байет пен Төртқұдықтың арасы шамамен 100 шақырымдай. Ендеше бұл екі аралықта жолаушылардың қа­жеттілігі үшін тағы да қосымша за­манға сай әжетхана салынуы керек деп есептейміз. «ҚазАвтоЖол» үлкен кешендерді салғанша, орнына шағын дәмханалар мен жанармай құю стансаларын тұрғызғаны ыңғайлы болар еді. Оларды жалға алған кәсіпкер қыста жы­лы­туға да көп шығындалмас еді. Әрі олар нысан­дарды сатып алып, әрі қарай өзі дамы­татыны анық, – деп есептейді Әсет Қайратов.

Жылы әжетханалар мен дәмханалар мәселесі «Павлодар – Қалбатау», «Павло­дар – Ресей Федера­циясының шека­расы» ақылы жолдарында да өзекті. Мәселен, Ресей Федерациясы бағытындағы жолда жылы әжетхана 100 шақырым жердегі Тереңкөл ауылында ғана орналасқан.

 

Өңірдегі өзге жолдардың халі нешік?

Павлодар облысының аумағындағы жалпы ұзындығы 5,5 мың километр көлік жолдарын күтіп ұстауға 3,4 млрд теңге бөлінген. Бұған республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар енеді.

Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омардың сөзінше, қыс кезеңінде жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында қауіпсіз және үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 38 мердігерлік ұйыммен шарттар жасал­ған. Сондай-ақ көктайғаққа қарсы 8,3 мың тонна материал дайындалып, жолдарда 387 арнайы техника мен 850-дей жұмысшы жұмылдырылған. Аймақ жолдарында 3 негізгі көпір, 846 жарық тірегі, 16 жол айрығы, 3 мыңға тарта жарық шамдары бар. Ал энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпараты бойынша 97 мердігерлік ұйым көшелер мен елді мекендерді күтіп ұстауға жа­уапты. Олардың 576 арнайы техникасы бар, жол жиектеріндегі қарды күреу, жинау жұмыстарына 600-дей жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған.

Бұл мәселені тарқату үшін «Қаз­Авто­Жол» компаниясының басшы­лы­ғы аса байыпты әрі шешімді істер атқарады деп сенеміз. Жолдарды ақылы етпес бұрын оның бойында жолаушылар аялдап, демалатын заманға сай сервистік орындар тұрғызғаны абзал. Сервис жақсарса, ақылы жолдағы қауіп азайып, кө­лік ағыны молая түсетіні анық.

 

Павлодар облысы