Маман • 20 Қараша, 2024

Тәулік бойы ел қызметіндегі маман

146 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында осылай деген. Елімізде еңбекқор, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс екенін, өйткені осындай азаматтар мемлекетімізді дамытатынын айта келе халықты, кәсібін өрге дөңгелеткен іскер шаруаны бірінші орынға қоятын қоғам болуға шақырды.

Тәулік бойы ел қызметіндегі маман

«Шын мәнінде, барлық жетіс­тік­тің бастауы – адал еңбек. Табыс­қа жетудің жал­ғыз жолы – өз кәсі­бінің ше­бері болу және ерінбей еңбек ету. Маң­дай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады. Олар – шын мәнінде, бәсекеге қабі­летті еңбекқор адамдар. Жас­та­рымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет», деді Мемлекет басшысы.

Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев көк­темгі су тасқыны кезін­де аянбай еңбек еткен азамат­тарымызға алғыс жариялаған еді. Еліміздің аймақтарын қар­ғын су алып, халқымыздың басына сын сағаты туғанда қол қусы­рып отырмай, табиғи апатпен күресте ерлік танытқан сол жандардың арасында елді газбен жабдықтау саласының қара­пайым қызметкері Әбіл Төлегенов те бар. Ол Атырау өңірінде су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді атсалысып, апат­тың алдын алу мен зарда­бын жоюға қосқан үлесі үшін Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Биылғы көктемде Жайыққа су­дың мол келуіне байланыс­ты өзен арнасынан асып, елді мекендерді су басу қаупі төнді. Орал қаласынан бастап, Чапаев, Тай­пақ аудандары арқылы төмен жөңкілген еріген қар суы Индер ауданы мен Махамбет ауданына және Атырау қаласына үлкен қауіп төндірді. Көп жылдан бері болмаған орасан тасқын кезінде газ мамандары өздеріне бекітілген учаскелерді тәулік бойы бақылап, бөгеттер салу мен нығайту жұмыстарына белсене қатысты. Атап айтқанда, Махамбет ауда­­нын­дағы Махамбет, Ақ­то­ғай, Сары­тоғай, Жалған­сай, Сарайшық, Бейбарыс, Таңдай, Аққайың, Талдыкөл, Еңбекшіл, Ортақшыл, Есбол және Ақжайық ауылдарының басты газ тарату қондырғыларын, жерасты газ құбырларын аман сақтап қалу үшін газ мамандары қызметтік және азаматтық борышын өтеуде күш біріктіріп, күн-түн демей еңбек етті. Елімізді тезірек апаттан құтқару үшін жанталастық. Соның арқасында аудан бо­йынша бірде-бір елді мекен көгілдір отыннан ажыратылған жоқ. Су тасқынынан кейін кей­бір ауыларалық жерасты газ құбыр­­ларын қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізілді. Қазір­гі таңда жылыту маусымына орай барлық ауыл мен елді ме­кен­дерге көгілдір отын еш ке­дер­гісіз жеткізіліп отыр. Бұл – Махамбет газ шаруашылығы қыз­мет­керлерінің адал еңбегінің жемі­сі», дейді Ә.Төлегенов.

Махамбет ауданының тумасы Әбіл Қабдығалиұлы – Қазақ политехникалық институтының түле­гі. Ол өзінің алғашқы еңбек жолын 1979 жылы аудандық ауыл­шаруашылық мекемесінде қара­пайым жұмысшы болып бас­таған. 2014 жылға дейін әр­түрлі салада қызмет етсе, кейін­гі 10 жылдан бері «QazaqGaz Aimaq» АҚ Атырау өндірістік фи­лиа­лының Махамбет газ ша­руа­шылығында инженер.

Осы жылдарда айтып келмей­тін талай табиғи апатта, ақтүтек боранда газ қысымының төмен түсіп кетуіне байланысты түрлі жағдайлар бастан өткенін еске алады кейіпкеріміз.

«Әрине, әр жұмыстың өз қиыншылығы бар. Соның ішінде газбен жабдықтау саласы өте күрделі әрі қауіпті. Жоғары техно­логиялық жабдықтарды басқа­руды, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды талап етеді. Ауа ра­йының қолайсыздығынан бө­лек, техникалық ақау жиі бо­­лып тұрады. Мұндай кезде жо­ға­ры білік­тілік пен тәжірибе қа­­­жет. Кез келген қателіктің соңы ауыр зар­даптарға соқтыруы мүм­­­кін. Көгіл­д­ір отынды қауіпсіз пай­­да­лану, қатердің алдын алу шара­ларын түсіндіру – біздің жауап­кершілігімізде», дейді газ маманы.

Ол 2022 жылы қыс қатты болып, апатты жағдай жиіле­ге­нін айтты. Бір ауылда апат орын алып, зақымдалған газ құбырын жөндеуге кеткен бригада жолда саз балшыққа батып, түнімен байланыссыз қалған екен.

«Тек таңертең ғана айдаладан, газ құбыры жанында тоңып қалған мамандарымызды әрең тауып, құтқарған едік. Бұған қоса кө­лігімен жолда қалып қой­ған тағы бір отбасын іздеп та­уып, машинамен ауылға сүйреп келгенім бар. Халық арасында жүрген соң, түрлі жағдай болып жатады. Біз 24/7 режімінде күні-түні ел қызметіндеміз. «Газ өшті» деген немесе басқадай хабарлама түссе болды, ауа райы не басқа жағдай деп қарап тұрмай, кез келген тәуекелге бел буып, ақауды жөндеуге аттанамыз. Сондықтан өз еңбегімізге адал пат­риот­пыз деп айта аламын», дейді инженер.

Иә, халықты газбен жабдықтау саласы мамандарының қиын да жа­уапты жұмыстары кей­де көзге көрінбей де жататыны рас. Алайда қыстың үскірік аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан елді дер кезінде көгілдір отынмен қамтамасыз ету, сондай-ақ қауіптің өтінде жүріп, өз өмірін қатерге тіге отырып, қызмет қылу – өз ісіне берік мамандардың қолынан ғана келсе керек.

«Адал еңбек дегеніміз – жауап­кер­шілікпен, ұқыптылық­пен, шынайылықпен атқары­ла­тын іс. Көктемгі су тасқыны жұмыс­та­ры­на қосқан үлесімді бағалап, марапаттап жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғы­сымды білдіремін және мұн­дай құрмет еңбек адамын қанат­тандыратынын айтқым келеді», дейді кейіпкеріміз.

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны бел­гілі. Ендеше, алдағы жылы құ­ры­лыс, ауыл шаруашылығы, өнер­кәсіп сияқты кез келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға ерекше көңіл бөлініп, мәртебесі артатыны анық. Әсіресе, арнаулы кәсіптік білімі бар жастарды ма­манға мұқтаж түрлі салаға тартса, елі­міздегі жұмыссыздық мәсе­лесінің түйіні шешілуге тиіс. Ең бастысы, халыққа пайдасын тигізіп жүрген осындай жан­­дардың еңбегі шынайы еле­ніп-ескеріліп, бағаланса деген игі тілегіміз бар.