Шаруашылық • 20 Қараша, 2024

Қайта өңдеудің өсімі

73 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы 9 айда азық-түлік өндірісі 2,4 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8%-ға өсім бар. Оған қоса, бірқатар сүт, қант және өсімдік майы өндірісінің өсуі анық байқалады. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың арқасында болып жатыр.

Қайта өңдеудің өсімі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту басты мәселенің бірі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес азық-түлік өндірісі саласында айтарлықтай өсім болды. Өндіріс көлемі 2,1% артып, 3,1 трлн теңгеге жетті. Агроөнеркәсіп кешені (АӨК) өнімінің экспорты 5,3 млрд долларды құрады. Бұл ретте экспорттың жалпы көле­мін­дегі өңделген өнімнің үлесі 43%-ға дейін өсіп, 2,2 млрд долларға жетті.

«Салаға инвестиция ағы­ны артып келеді. Былтыр тамақ өнімде­рін өндірудің негізгі капиталына салынған ин­вес­­ти­ция көлемі 156 млрд тең­­­гені құрады. Бұл өткен жыл­мен салыстырғанда 11% артық. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 118,8 млрд теңге сомасына 48 инвестициялық жоба іске асырылды», деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу» департаментінің директоры Назгүл Хатепова.

Бұл жетістіктер инвести­ция­лық және шикізатқа субсидияларды, салықтық жеңілдіктерді қам­­титын тиімді мемлекеттік қол­­дау шараларына байланысты бо­­лып отыр.

«Елдегі ұн өндірісін ұлғайтуға кедергі келтіретін фактор – экспорт нарықтарының тарылуы. Себебі дәстүрлі импорттаушы елдер өздерінде ұн өндіруді арттырды. Оған қоса, әртүрлі шектеулер енгізді. Осыған байланысты, келесі өңдеу деңгейіндегі өнімдердің өндірісін мақсатты түрде дамытамыз. Оның қатарында, макарон өнімдері, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, крахмал өнімдері, глютен, биоотын бар», деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, мұндай өндіріс­терді дамытуға 25% мөл­ше­рінде инвестициялық субсидия, несиелер мен салықтарға жеңілдік, сондай-ақ экспорт кезінде көлік шығындарының 30%-ға дейін өтемақысы қаралған. Сонымен қатар жоғары технологиялық және күрделі өндірістерді дамыту үшін 2023 жылдан бастап инвестициялық шығындардың 50%-ына дейін өтемақы көзделіпті.

«Биыл Түркияның «Tiryaki Agro» компаниясы мен Қатардың «Hassad Food» компаниясы Аста­на­да астықты терең өңдеу бо­йынша жобаны жүзеге асыруды бастады. Жо­ба­ның құны – 400 млн долларды (қуаты – 240 мың тонна) құрай­ды. Ақырғы өнім – крахмал, глютен, глюкоза-фруктоза сиропы – әлем­дік нарыққа экспорттауды мақсат етеді. Ал Қостанай облысында қа­зақстандық «Qostanai Grain Industry» ЖШС 50 млрд теңге көле­мін­де терең астық өңдеу жо­басын (қуаты – 330 мың тонна) іске асыра бастады», деді Назгүл Хатепова.

Ведомство басшысының сөзін бақсақ, өндірілетін өнім – лизин, глютен, биоэтанол, көмірқышқыл газы, толығымен экспортқа бағыт­тал­ған. Сондай-ақ Түркістан облысында «Казкрахмал» ЖШС 35 млрд теңге инвестициямен жүге­ріні өңдеу арқылы крахмал өнімдерін өндіру жобасын (қуаты – 150 мың тонна) іске асыруда. Бүгінгі таңда АӨК өнімдерінің өткізу нарығын кеңейту мақсатында ҚХР-ға астық өңдеу өнімдерін экспорттау бойынша жаңа жеткізушілер тізімін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар қуаты жылына 400 мың тонна (құс етін есептемегенде) және жүк­темесі 54% болатын 210 ет өң­деуші кәсіпорын жұмыс істейді. Сал­қын­датылған ет нарығы 101%-ға, шұ­жық өнімдері 60%-ға, кон­сер­ві­лен­ген ет өнімдері 28%-ға қам­та­ма­сыз етілген.

«Тері мен жүнді өңдеу дамы­маған бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл бағытта теріні қайта өңдеуде  9 кәсіпорын (жүктеме 6%-дан аз) және жүнді қайта өңдеуде 13 кәсіпорын (жүктеме 26%) жұмыс істейді. Бұл мәселені шешу үшін теріден желатин мен жемшөп қоспаларын, сондай-ақ өлі және жартылай өлі жүнді қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту жоспарда бар», деді департамент директоры.

Үкімет 2028 жылға қарай азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін 1,4 есе ұлғайтуға және ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізуге бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту­дың 2024–2028 жылдарға ар­налған кешенді жоспарын бекітті. Департамент директоры конференция қорытындысында, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етуде белсенді жұмыс жал­ға­сып жатқанын айтты.