Аймақтар • 20 Қараша, 2024

Каналдар тереңдетіліп жатыр

206 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысында көктемгі су тасқыны кезінде 590 шақырым бөгет салынды. Енді оның сапасын тексеріп, облыстың теңгеріміне алу жоспарланып отыр.

Каналдар тереңдетіліп  жатыр

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, көктемге дейін аталған бөгеттің сапасы тексеріледі. Бөгеттің осал тұсы анықталса, қайтадан нығайтылады. Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасы тереңдетіліп жатыр. Бұл жұмыс өзеннің су өткізу қабілетін арттыру мақсатында қолға алынған.

«Жылыой ауданындағы Құрсай каналы мен Жем өзенінің арнасын тереңдету жұмысы басталды. Осы кезге Құрсай каналының 32, ал Жем өзенінің 2 шақырымын тереңдету жұмысы жүргізілді. Су арнасының жағалауында 58 шақырым қорғаныс бөгетін салу жоспарланып отыр. Қазір оның 24 шақырымы тұрғызылды», дейді С.Шәпкенов.

Әкімнің айтуына қарағанда, су шаруашылығы саласындағы құрылысты басқару «Табиғат» кәсіпорнына жүктеліп отыр. Бұл – жаңадан құрылған кәсіпорын. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде де тереңдету жұмысы жалғасып жатыр. Ал Махамбет ауданының Талдыкөл ауылын су тасқынынан қорғау мақсатында 3 шақырым бөгет тұрғызылған. Алайда елді мекенді алдағы көктемде болуы ықтимал су тасқынынан қорғау үшін бөгеттің 2,1 шақырымын қайта жөндеу қажеттігі туындап отыр. Сондай-ақ бөгеттің 500 метріне уақытша қапшық салынады. Аталған жұмысты атқаруға жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталған.

Енді көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық басталды. Қазір инженерлік жұмыс жоспары бекітілді. Атырау облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Бектұрған Масатовтың мәліметіне сүйенсек, болуы ықтимал табиғи апаттың алдын алу жұмыстарына 244 техника мен 3 тікұшақ жұмылдырылады.

«Биыл табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде 10 көлік-инфрақұрылым нысаны бұзылды. Қазір сол нысандарды қалпына келтіру жүріп жатыр. Алдағы су тасқынына дайындық аясында осы кезге дейін 48,5 тонна жанар-жағармай, 235 тонна инертті материал әзірленді. Бұған қоса, 161 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр мен 5 мыңнан астам төсектік орын жабдығы дайын тұр. Су тасқынына дайындық жөнінде бекітілген инженерлік жұмыс жоспарына сәйкес Жем өзенінің ағынын реттеу, табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою, апаттық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында жұмыс жобасы жасалды. Онда Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай каналының арнасын, Қамыскөл көлін тазарту қарастырылды. Жем өзенінің, Құлсары қаласының аумағымен өтетін Құрсай каналының жағалауында қорғаныс бөгетін орнату жұмыстары атқарылады», деп мәлім етті Б.Масатов.

Мұнайлы өңірде Жайық өзенінен бастау алатын 15 магистралды канал бар. Бұл суару-суландыру арналарының жалпы ұзындығы – 313 шақырым. Индер ауданындағы шаруа қожалығының жетекшілері каналдарға жөндеу жүргізуді жиі қозғап келеді. Мәселен, ұзындығы 75 шақырым болатын «Алғабас-Жорық» каналы 1968 жылы қазылған. Бұл су арнасы 2020 жылы күрделі жөндеуден өткізілген екен.

Биыл Көктоғай ауылдық округінің аумағындағы 80 шақырымдық «Ақсай» каналындағы жөндеу жұмысы аяқталады. Ал ұзындығы 105 шақырымды құрайтын «Бағырлай» мен 53 шақырымға созылған «Құрайлы сай» каналына жүргізілетін жөндеуге байланысты конкурс өткізілді. Мердігер анықталды. Аталған каналдарды жөндеу жұмыстарына 3 млрд 100 млн теңгені құрайтын қаржы қаралған.

Қазір 4 канал тереңдетіліп жатыр. Каналдың төртеуі Индер ауда­нын­да орналасқан. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайыновтың айтуынша, каналдардан егін шаруа­шы­лы­ғы мен төрт түлікке су алынады.

«Индербор кентінің Бөдене ауылдық округінің маңымен өтетін «Алғабас-Жорық» каналының суын 15 шаруа 119 гектар жерге егін салып, жеміс ағаштарын өсіруге пайдаланып отыр. Су арнасының ұзындығы – 64,7 шақырым. Ал Көктоғай ауылдық округінің аумағындағы «Ақсай» каналының бойында 7 кәсіпкер 164 гектар алқапқа егін егеді. Аталған суару-суландыру арнасы 80 шақырымға созылады. Оны жөндеу жұмысы 2022 жылы басталған еді. Жыл соңына дейін екі арнаны жөндеу жұмысы аяқталады», дейді М.Құсайынов.

Оның дерегіне қарағанда, каналдардан тұрғындар иелігіндегі төрт түлік су ішеді. Өйткені мал суаруға арналып қазылған бұрынғы құдықтар тартылып қалған. Кейбірінің суы ащы болғандықтан, мал суаруға жарамайды.

«Тағы екі каналдың түбін тереңдетіп, су өткізу қуатын арттыруды қолға алдық. Бұл – «Бағырлай», «Құрайлы сай» каналы. Алдағы жылы аталған екі каналды жөндеу жұмысын толықтай аяқтау жоспарланып отыр», деп мәлімдеді М.Құсайынов.

 

Атырау облысы