Тұлға • 20 Қараша, 2024

Ғибратқа толы ғұмыр

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда А.Чехов атындағы қалалық орталық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әзиза Нұрмаханованың туғанына 100 жыл толуына орай «Биік парасат иесі»  атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Ғибратқа толы ғұмыр

Мазмұнды кешке Астанадан ғалымның ұлы, белгілі тіл маманы Арыстанбек Нұрмаханов келіп қатысып, анасы туралы жылы естелігімен бөлісті. Оның айтуынша, Әзиза Нұрмаханқызының ғұмырбаяны өте бай. 14 жасында мектеп директоры болған ғалым Мәскеуде КСРО ҒА Тіл білімі институтының аспирантурасында оқып жүргенде Ләйла Мұхтарқызы Әуезовамен және Шәмшиябану Қанышқызы Сатпаевамен жатақханада бір бөлмеде тұрған. Сол кезде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен танысып, әңгімесін тыңдаған. Сондай-ақ Әзиза Нұрмаханованың Қарақалпақ АКСР- ның оқу министрі болғанын да айта кетейік. Көрнекті ғалымды елімізге сол кездегі республика басшысы Д.Қонаевтың өзі шақырған.

Сонымен бірге кеште аса дарынды ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова Әзиза апай мен әкесінің таныстығы туралы әңгімеледі. Әзиза Нұрмаханова жас ақынға көп қолдау көрсетіпті. Ал Қызылордадан келген ардагер-ұстаз Сарсеккүл Аяпбергенова студент кезінде ғалым үйінде тұрып, ол кісінің зиялыларымен жақын араласып, сыйласқанын, сондай-ақ үйде қонақ күтуі мен ұлттық салт-дәстүрді берік сақтайтын қасиеті туралы қызықты естелік айтты. Ал белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанар Әбдішева мен ақын Айсұлу Рүстемова ғибратқа толы ғұмыр кешкен ғалым шығармашылығы туралы парасатты ой толғады.

Сондай-ақ іс-шара барысында ғылым мен қайраткерлікті тең ұстаған айтулы тұлғаға Төлеген Айбергенов, Шөмішбай Сариев және Бауыржан Жақып секілді ақындардың арнау жырлары оқылды. Кеш соңында кітапхана басшысы Толқын Құрамысова келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, естелік сыйлығын табыстады.

А.Есенжол.