Мирас • 21 Қараша, 2024

Ұлтты тұтастандыру қағидаты

787 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Мәселенің әлқиссасы

Ұлттық рухты ұлықтаған әр қазақты бүгінде «халқымыз жұмыр жердің тіршілік илеуінде жұтылып кетпесе, жас­тарды тарихи тамырдан үзіп алмасақ» деген ұлы уайым алаңдатады.

Ұлтты тұтастандыру қағидаты

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Сөйтеді де жоқ іздеген жолаушыдай қазіргі заманауи қазақтың бойынан байырғы байсалды қазақтың мәдени-ментальдық болмысын тапқысы келеді. Аласұрып «ата-бабаларымыз мұндай болмаған», «жастар дәстүрді дәріптемейді» деп кейде кейінгі буынға кейістік білдіреді. Қаттырақ айтқанда, «қазақ өлсе көмілер, қазақтығың өлмесін» деген қағиданың төңірегінде қазақтықтың қазығын босатқысы келмейді. Бұл – табиғи құбылыс, тарихи арпалыс. Дәлірек айтсақ, адамзат өркениеті трансформацияға ұшырап жатқан жаңа ғасырда жойылып кетпеудің жолын іздеуден туған әбігерлік һәм әрекет. Бірақ қазіргі цифрлық технология дәуірінде ұрпақтың ми құтысын ашып құя салатын ұлттық рухтың вакцинасын һәм панацеясын табу оңай емес. Әйтсе де ұлт үшін өзіне ғана тән этностық болмысты сақтап қалуда заманның өзге­рісін желеу етіп, қол қусырып қарап отыру ұрпақ алдында ұят, тарих алдында қиянат болар еді. Сонда не істемек керек?

Ғалымдар қазақтың ұланғайыр дала­сындағы адамзат тіршілігі біздің жыл санауымыздан миллиондаған жыл бұрын, палеолит дәуірінен бастау алатынын айтады. Осы сайын сақараның автохтонды мұрагері саналатын «ұраны алаш, керегесі ағаш» киіз туырлықты қазақтың ұлттық рухани келбеті ең әуелі оның ділімен, дәстүрімен, дінімен, тілімен тіке­лей байланысты. Бүгінгі заманда аталған құндылықтарды сақтау оңай, ал оның сабақтастығын қамтамасыз ету – бөлек әңгіме.

Себебі қазіргі таңда рухани-мәдени мұраларды сақтаудың заманауи мүмкін­дігі мол. Салт-дәстүрлердің шығу тарихы туралы кітаптар, оқулықтар, ғылыми зерттеулер, әлемнің бірнеше тілінде әзірленген деректі және көркем фильм­дер, сериалдар, театрландырылған қойы­лымдар, бейнероликтер жетіп артылады. Бірақ бұлардың бәрі ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіруге қосымша көмекші құрал қызметін атқаратын теориялық контенттер екенін ескеруіміз керек. Ал шын мәніндегі ұлттың рухани дәруменін жас ұрпақ ең әуелі айналадағы әлеуметтік кеңістіктен көбірек алатыны – ақиқат.

 

Діл – қасиет

Өркениеттер өрісі қанат жайған бүгінгі заманда кез келген ұлттың тамыры тереңде жатқан тарихи құндылықтарына арқа сүйеуі – табиғи заңдылық. Озық технологиялар дәуірінде жалпыадамзатқа тән өмір салты ортақ игілікке айнала бас­таса да, әр халықтың өзіндік дәстүрі мен мәдениеті – бұзылмайтын рухани сауыт. Өйткені әдет-ғұрыптық жәдігерлер барша халықтың мінез-құлқымен, тарихи жадымен, мызғымас ділімен бірге жасасып келеді. Біздің елдік дәстүрлеріміз де сан ғасыр бойы қоғамды топтастыруда, жұртшылықты жаңа белестерге жұмылдыруда және өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде қалтқысыз қызмет етіп отыр. Сондықтан да қазіргідей бір­тұтастанған әлемде ұлтымызға ғана тән рухани бастауларды жастардың бойы­на қаншалықты сіңіре білсек, соғұрлым олар осы қазақ қоғамында өгейсінбей, сенімді сезініп, қоршаған ортада орнықты өмір сүре алатыны анық. Дәлірек айтсақ, нағыз қазақ ретінде ділдік-дәстүрлік өмір сүру этикетін ұстанған адам басқа құндылықты іздеу жолында ешқашан құрдымға кетпейтіні – айдай ақиқат.

Жалпы алғанда, ұлттардың ғасырлар бойы қалыптасқан мінезі һәм мәдени құндылықтар құрылымы белгілі бір деңгейде кодталған деп ойлаймыз. Жер бетінде 4 мыңға жуық ұлт пен ұлыс бар десек, соншалықты менталитет бар. Мысалы, немістің дәлдігі, ағылшынның салқынқандылығы немесе жапонның еңбекқорлығы атаның күші, ананың сүтімен ғана дарып жатқан жоқ, ол тереңнен тамыр тартатын ұлттық мінез. Бірақ діл де замана екпінімен әрдайым өзгеріске ұшырап, уақытқа икемделіп отыратыны – заңды құбылыс. Қазақтың ұлттық мінезіне қатысты зерттеушілер мәрттік, жомарттық, адалдық, сабыр мен төзім, ұят пен ар, ынсап пен қа­нағат, қонақжайлылық, бауырмалдық, тұ­рақ­тылық пен қайсарлық қасиеттер тән еке­нін атап көрсеткен екен. Біле білгенге бұл – мақтан тұтарлық, өзгелер өнеге алар­лық ең ізгі қасиеттер. Десек те, ойымыз­ды қазақтың айтулы ақындарының бірінің «әлем қанша құбылып үлгерсе де, ата жолын тым қуғыш момындар-ай» деген өлең жолдарымен өрбітсек, ендігі жерде заманның мүлде жаңа бағытқа өзгеріп жатқанын қаперде ұстап, қазақтың қазіргі жастарының бойына осыған қоса, іскерлік, ширақтық, үнемшілдік, прагматтық қасиеттерді сіңірсек ұлттық ділдің әлеуе­ті толыса түсер еді. Өйткені ділдегі өз­геріс дүниедегі өрісті кеңейтуге серпін береді. Бұған Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтқан «Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құн­дылықтар орнығуда. Саяси және қоғам­дық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады» деген сөздері айқын дәлел болмақ.

Ұлттық менталитеттің жаңа бағытқа бет бұруын жақсы құбылыс деп қабылдау керек. Себебі ділді ұдайы консервацияда ұстап, құлыптаулы тұрған құндылықтар сандығына айналдыру елдің одан әрі өркендеуіне кері әсер етеді. Ұлттық діл – жанды ағза, ол дем алады, көреді, естиді, жаңаны қабылдайды. Тағдырында талай тар жол тайғақ кешіп, мың өліп, мың тірілген қазақ халқы шапқыншылықты да, соғысты да, аштықты да, қуғын-сүргінді де бастан өткерді. Бірақ халқымыз әр дәуірде оқтын-оқтын соққан сол заманалар дауылында морт сынып кетпей, уақыт сынағында жігерін жанып, ұлттық ділін дамытып, ұдайы алға ұмтылып отыр­ды. Сондықтан да халқымыздың осы күрескерлік қасиетін бүгінгі прогрессивті жастардың санасына сіңіріп, олардың интеллектуалдық және инновациялық капиталын ел игілігіне бағыттауда бірінші кезекте білім-ғылымды тереңдетуге, заманауи әлеуметтік кеңістікке еркін енуіне және жаңарған рухани кодты бойларына егуге еңбек етуіміз керек. Сонда ғана ұлттық ділдің замананың ешбір дауылына шайылып кетпейтін қасиетін сақтай аламыз.

 

Дәстүр – қазына

Дәстүрге байланысты басын ашып алатын бір мәселе бар. Жастарды ұлттық құндылықтарды ұмытты деп жазғырып, құр сөзбен байбалам сала бергеннен ештеңе өнбейді. Өскелең ұрпақты «нағыз қазақ» етіп тәрбиелеу үшін әуелі аға буын өкілдері дәстүрді заманға сай бейімдеуге бейіл болуы керек. Былайша айтқанда, ұрпақтар арасында мәдени құндылықтарды тапсыру мен қабылдап алу актісінің заманауи үндестігі салтанат құруға тиіс. Заманауи үндестік дегеніміздің өзі – уақыт талаптарына сай келетін этностық этикет кеңістігін қалыптастыру. Яғни ұлттың ділі мен мәдениетін, салт-дәстүрiн дамытуға мүмкiндiк туғызатын әлеуметтік ортамен, халайықпен ортақ мәмілеге келу. Айтайын дегеніміз, халқымыз ежелден «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп, кейбір салттарды уақыт талабына сай сұрыптап отырған. Қазір де жұртшылық болып салт-сананы қайта саралап, ескісін екшеп, артық шығын мен уақытты қажет ететін әдет-ғұрыптарды оңтайландыруды ел болып ойластырғанымыз абзал. Өйткені жаны жомарт қазақтың жиған-тергенін тойға шашып, ертеңінде банктің құлына айналу әдетін одан әрі жалғастыра беру түптің түбінде қазақ қоғамын тұралатып тынады. Сонымен қатар той тойлаудың қызығымен жүрген халықтың өркениетті елдермен иықтаса өсіп, өркен жаюына едәуір кедергі келтіреді. Бұл орайда қоғамның ұлттық рухани құндылықтарды заманға сай реттеуге қатысты қадам­дарына келсек, орнықты байламнан гөрі орынсыз дау-дамай көп сияқты көрінеді. Әлбетте, ой еркіндігі мен пікір алуандығы ауадай қажет. Бірақ түптеп келгенде ол ұлттың болашағы мен ұрпақ мұратына қызмет етуге бағытталғаны абзал. Айталық, әлеуметтік желіде дін, тіл, ұлттық ғұрыптарға қа­тысты сыни пікірлер жазылса, оны қоштаушылар мен қолдаушылардың біржақты пікірлерін оқып кейде төбе шашың тік тұрады. Дінді тілдесе, жабылып дінді діңкелету, тілге тиіссе, қауымдасып тілмен тіресу, әдет-ғұрып айтылса әлеумет боп әш­керелеу қаншалықты дұрыс? Себебі, кез келген автордың субъективті пікірі –  жалпыұлттық ұстаным емес. Бұл ретте, жеке пікірді ұштастыра отырып ұлттық контентке айналдыру жолында таразылау тәжірибесі мен сараптау мәдениетіне мән берілуі керек.

«Қазақ – тым тойшыл халық. Ысырап­сыздықты, минимализмді мақсат тұтқан ХХІ ғасырда қандастарымыз баяғы заман­дағыдағыдай бар жиған-тергенін тойға шашады». Бұл – тойды тоқтатқысы келетін бір пікірдегі қазақтардың пікірі. Екін­ші жақ «той тәңірдің қазынасы», «қа­зақты тойынан айырмасын», «байдың асын байғұс қызғанады» дегендей тойда несі бар?, деген тоқтам жасайды. Тағы да талас.

Ақыры, тақырып той төңірегіне ойыс­қандықтан, біз мына жайтты да айта кеткеніміз дұрыс. Бүгінде бүкіл жұрт­шылықтың бәрі бірдей театр­дан спектакль көріп, музейден тарихи тағылым алып, үлкен залдарда мерекелік концертті тамашалап жатқан жоқ. Бірақ тойға бармайтын қазақ жоқ. Олай болса, қоғамы үшін үздіксіз өткізіліп жатқан той-томалақ жалпыхалықтық әлеуметтік-мәдени алаң, рухани қойылым қызметін атқарып отыр. Жас ұрпақ ұлттың дәстүрлік қазынасын да, ділдік қасиетін де осы той арқылы санасына сіңіріп жатыр. Сол себепті, егер естияр ұрпақтың ұлттық санасын жақсы бағытта жаңғыртамыз десек, торқалы той мен топырақты өлімге қатысты ғұрыптық жиындардың мазмұндық бөлігі мен материалдық шығынына салмақты сараптама жасалу керек. Айталық, тойларда асабалар өткізетін анайы ойындарды, ата мен келінді билету, ене мен күйеу баланы жарыстыру сияқты сиықсыз дөрекіліктерді көріп өскен бала ертеңгі күні қазақтың қай дәстүрін қасиет тұтып, қай салтын қазына санамақ? Ашығын айту керек, ертеректе ауылдағы жиын-тойлардағы ақ дастарқан басында төрге төбедей болып сексендегі ақсақал жайғасып, оң қапталына жетпістегі қариялар қаздай тізіліп, одан әрі алпыстағы аталар малдас құрып, етек жақта елудегі ел ағалары тізе бүгіп өскелең жасқа өнеге болар пәтуалы әңгімелер айтушы еді. Қазіргі тойларда сексендегісі селкілдеп, жетпістегісі желкілдеп, алпыстағысы арсалаңдап, елудегісі еліріп би билеп жүр.

Көпшілік бұған дейін айтып жүр­гендей, өмірден өткен адамды соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде де бәрінде болмаса да аста-төк шығын шы­ғару, асыра мақтау сөздермен жиналыс жасау сияқты әрекеттер әлі де орын алып жататыны белгілі. Бір өкініштісі, осындай орасан жиындардың үлгісі артынша жалпыға ортақ қағидаға қайта-қайта айналып кетіп жатыр. «Бі­реудің кісісі өлсе, қаралы – ол» деп Абай айтқандай, айтып келмейтін ажалға бақилық болған пенденің өзі ғана емес, марқұмды шығарып салуға міндетті төңірегіндегі жақындары да дайын болмайтыны белгілі. Соған қарамастан, онсыз да қара жамылып жатқан отбасыға бірнеше мал сойып қонақасы беру, одан жер қойнына тапсырғаннан кейін ас беру, қырқына дейін кей өңірде апта сайын бейсенбілік беру ағайын жұртына айтарлықтай ауыр соғатыны рас. Әрине, дүниеден өткен адамның рухына құрмет көрсету, дұға бағыштау ізгілікті іс. Бірақ мұндай ғұрыптық рәсімдерді қарын тойдыру емес, қадір өсіру сияқты мағыналы форматқа көшіру қажеттігін уақыттың өзі сұрап тұрғандай.

 

Дін – діңгек

Бүгінде әлеуметтік желіні ашсаңыз, әсіредіншілдер мен тәңіршілер ара­сындағы бітіспес тартысқа тап боласыз. Тәңіршілер бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ата дінімізді тамырымен жоққа шығарып, дін жолын­дағы тақуаларды арабқұлдар деп күс­таналайды. Ал әсіредіншілдер қазақ­ты байырғы дәстүр-ғұрпынан бас тартқызып, шариғат шарттарымен ғана жүруге жүгендегісі келеді. Ақырында, «енді не істеуіміз керек?» деп екі ортада дағдарған қарапайым қазақ.

Өмірден мысал келтірсек. Бір танысымыз кезінде жастықтың буымен ащы суды аямай сіміруші еді. Түбі көрінбейтін көк шөлмекті жастанып жатып, ішкіліктің шегіне жетуге таяған-тын. Үйінен береке кетіп, шаңырағы шайқалуға шақ қалған жолдасымызды әке-көкелеп жүріп, имандылықтың жолына бағыттауға тырыстық. Ерік-жігерін бойына жинаған ол әуелі ораза ұстады, соңынан намазға жығылды. Бәріміз қуандық. Алайда араға уақыт салып әлгі танысымыз тағы да келесі қиырдан бір-ақ шықты. Шариғаттың барша шартынан жаңылыспас үшін бала-шағасының нан-пұлын айырып отырған жұмысын біржолата қойды. Діни фанатизмнің құрбанына айналып, дәстүрдің бәрін жын-шайтан көріп, жаһанға жиһад жариялап, ағайыннан алыстап кетті. Мұндай таразы басын тең ұстай алмаған фанатиктер туралы фактілерді ел ішінен ондап, жүздеп табуға болады. Десек те, бұған да біржақты қарамай, діннің тұтастай елдік деңгейдегі игі әсерін де сана көзімен сараптап көрген дұрыс. Мысалы, біз кеңес тұсындағы кесірлі саясатта Сібір халықтары сияқты неге рухани діңкелеп қалмадық деген сұраққа жауап іздегенде, ең әуелі, ауылдағы ағайынның дәстүр-салтымызды көздің қарашығындай сақ­тап, қолдануының арқасы екенін ұмыт­пауымыз керек. Ал сол солақай саясат салдарынан маскүнемдік меңдеп бара жатқан қазақ халқы тәуелсіздік алғаннан кейін араққұмарлықтан арылып, есін бірден жиып алғаны, ислам дінінің имани шарттарының жемісі екенін мойындауымыз керек. Яғни ұлтты сақтап қалуда діл де, дін де қатар қызмет етті.

Енді тәңіршілдікке келейік. Әлбетте, ұлттық ұғымымызда «көк тәңірі», «тәңір­лік дүниетаным» сияқты мәдени құндылықтар және отқа, суға, жалпы табиғатқа қатысты ырым-жоралар бар. Бірақ тарихи тамырымызды табайық деген желеумен діни канондары жоқ наным-сенімдер дестесін қайта жаңғырту арқылы жұртшылықты адастыруға болмайды. Жаңа ғасырда тәңіршілдікті жаңғырту арқылы бақсы-құшынаштың мистикалық әлеміне құзырет беру әрекеті қазақ қоғамын кері кетірмесе, ешқашан алға бастырмайтыны анық.

Философия ғылымында «алтын белор­та» деген ұғым бар. Тіршіліктегі үндестікті үкілейтін, тепе-теңдікті үйлестіретін ұлағатты ұғым. Аристотельдің айтуынша, ернеуінен асқан аста-төк байлықтан да, тақырланған жұтаң жоқшылықтан да ешқашан ізгілікті іздей алмайсың. Өйткені екеуі де бір аттасаң жардан құлататын дүниеауи шарықтау мен шамырқанудың қос қиырында тұр. Сондықтан «алтын белорта» – бір қиырдан келесі қиырға шиырлап, орта­белдегі орнықты бағдарын анықтай алмай, «артық қыламын деп тыртық қы­латындарға» тәрбие беріп, тәубесі-не келтіретін ұғым. Бүгінде екі дәуірде өмір сүріп, бір-біріне қайшы келетін қос қо­ғамның өзіне ғана тән құндылықтарын санасында сапырылыстырған, ақырында адами ізгіліктің алтын қазығын анықтай алмай жүрген біздің бәзбір замандастарға сабақ болатын пәлсапалық бағыт.

Бүгінгі таңда осы белортаны берік ұстанып, ата діннің адамды әділ­дік­ке, әдептілікке, парасаттылыққа, отан­шылдыққа тәрбиелейтін асыл жолын насихаттауда маған дін өкілдерінің сауаты толық жетіспей тұрған сияқты көрінеді. Уағыз айтатын имамдар қазіргі жаңа технологиялар заманында ертегіге ұқсас ежелгі қиссаларды айтып ендігі жерде көзі ашық, көкірегі ояу адамды имани ғибратты жолға жетелей алмайды. Сендіргеннің өзінде мектептік те, медреселік те сауаты шамалы қарапайым жандарға «анау кәпір, мынау жиһад» деген сыңайдағы дағуаттар айтып, аңғырт топты агрессорлық фанатизмге тәрбиелей береді. Сондықтан да бүгінгі уағызшының тек қана діннен ғана емес, психологиядан, философиядан, тарихтан, әдебиеттен терең білімі болып, тыңдаушы аудиторияға қасиетті Құранның ізгі ғажайыптарын заманауи ғылыми дәйектермен жеткізе білуге тиіс. Яғни, дін өкілдерінің білім деңгейі мен парасат-пайымы неғұрлым өскен сайын халық та имандылық шарттары арқылы «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай қағидасы аясындағы жалпыадамзаттық құндылықтарға қарай құлаш ұра беретін болады.

 

Тіл – тірек

Қазақ тілі қоғамды топтастырып, рухани бірлікке жеткізетін жолбастау­шы екені біраздан айтылып келеді. Біздің ойымызша, мемлекеттік тілді үйрену күшпен емес, саналы түрдегі рухани қажеттілік ретінде қабылданатын уақыт жетті. Еліміздің барша жастары мемлекеттік тілде сөйлеу арқылы өзара жақындасады, елдік мүдде жолында бірігеді. Сондықтан Қазақстанда қазақ халқының саны 70%-дан асқан кезеңде мемлекеттік тілдің ахуа­лын қозғаудың өзі артық дер едік. Орайы келгенде айтар жайт, қазақтілділер мен орыстілділер болып бөлініп, екіге жарылған да өзіміз екеніміз ақиқат. Әйтпесе, осы уақытқа дейін «қазақ тілі менің мемлекетімнің тілі» деп ана тілде сөйлеуге ниет етпеген қандастарымыз сырттан келген спорт менеджерінің ана тілге қатысты анайы пікіріне келгенде ғана бірігіп, өре түрегеледі. Біле білсек, осы уақытқа дейін ортақ тілдік орта қалып­тасқан жағдайда шеттен келгендер Қазақстанның топырағына қадам басарда ондай пікір айту үшін емес, біртілді ұлтқа құрмет ретінде мемлекеттік тілді әуелі үйреніп келуді міндет санайтын еді.

Тіл – тірі ағза. Оған да тілекші, тірекші, қамқоршы керек. Тіл мәуесін жаю үшін мәпелеу керек, тұнық су, құнарлы топырақ қажет. Ал тілдің басты тілекшісі – халық. Өсіретін де, өшіретін де, көшіретін де – сол тілді тұтынатын қалың әлеумет. Алыстан жау іздемей-ақ, ана тілімде сөйлеу, арым, намысым, парызым, қарызым, елдігім, егемендігім деп ұққан ұлттың тілі де өміршең, өршіл болмақ. Айтпақшы, елдік, мемлекеттілік деген ұғым – шегенделген шекара, саптағы сарбаз, тұғырлы ту, әуелеген әнұран, ен-таңбалы елтаңбамен қатар тірегі нық тілімен де өлшенетіні ақиқат. Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы – еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды». Ендеше, анаңды өзіңнен басқа ешкім шын жүрегімен аялап, ардақтай алмайтыны сияқты, қазақ тілі де қазақтардан басқа ешкімге керек емес екенін қандастарымыздың түсінетін уақыты болды. Басқаша айтсақ, бала ата-анасын бай болғаны үшін емес, бар болғаны үшін қастерлейтіні сияқты, ана тіліңді де абыройы үшін емес, өзектен теппес өзіңдікі болғаны үшін сүю керек.

 

* * *

Зерттеушілер жаһандану заманында ұлттың рухани бет-бейнесін сақтап қала алмаған халықтар біртіндеп тарих сахнасынан ығыса береді дегенді айтады. Сондықтан да ұлт табиғатын зерделегенде ұсақ мәселе болмауы керек. Ділді – қасиет, дәстүрді – қазына, дінді – діңгек, тілді – тірек ретінде сақтап, олардың сабақтастығын қамтамасыз ету елдіктің мәселесі болғандықтан да бұл тақырыптар тіпті Ұлттық құрылтайдың деңгейінде талқыланып, таразыланып жатса артықтық етпес еді деп ойлаймыз.

 

Қуат БОРАШ