Қоғам • Бүгін, 08:20

Абай орталығы ашылды

24 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы базасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен Абай ғылыми-мәдени орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына орай Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінен өкілдер қатысып, құттықтау хаттарын табыстады.

Абай орталығы ашылды

Ғылыми-әдістемелік орта­лық Абай университеті, «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік қорық-музейі және «Абайтану академиясы» ғылыми-зерттеу институты арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Шетелдегі Абай орталықтарымен байланысын кеңейтіп, ұлы ойшылдың мұрасын жастар арасында насихаттаудың жаңа тәсілдерін енгізу алаңына айналады. Хакім ілімі мен оның «Толық адам» тұжырымдамасын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан насихаттауға, оның шығармалары арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі.

«Орталық жаһандану жағдайында ерекше маңызды болып табылатын оқу-ағарту, ғылыми және мәдени жұмыстар үшін заманауи музейдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған. Бұл музейге келушілердің қатарын арттырудың жаңа жолдарын іздеуге, өлкетану бағытындағы мәдени туризмді дамытуға, сондай-ақ музей мен университет арасындағы ғылыми-ынтымақтастық байланысты нығайтуға ықпал етеді», дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев.

Биылғы мамыр айында арнайы бастама көтеріп, музейі ісін дамытуға қолдау білдірген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп ашылып жатқан орталықтың маңыздылығына тоқталды. Ұлы ойшылдың мұрасын республикалық және халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған негізгі бастамаларды тарқатты.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ойшыл, ұлттық руха­нияттың темірқазығы атанған Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен на­сихаттауға ерекше көңіл бөлуде. Абайдың «Толық адам» ілімі жастарды тәрбиелеуде маңызды бағдар болса, оның мұраларын ұлықтау және насихаттау жа­уапкершілігі ақын атымен аталатын мәдениет, өнер және білім беру мекемелеріне жүктеледі. Ұлы Абай ғұмыр кешкен, қызмет еткен киелі өлкеде болып, осынау абыройлы миссияны арқау еткен «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының базасында осындай ғылыми-мәдени орталық ашу – біз үшін үлкен мәртебе», деді ректор.

Аталған ғылыми-мәдени орталық алдағы уақытта музей саласында қызмет атқаратын ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста абайтану ғылымының аясын кеңейту мақсатында та­нымдық дәрістер өткізіп, ұлы тұл­ғаның мұрасын зерттеу, сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу мақ­сатында жұмыс істейтін болады.

 

Семей