Әскер • Бүгін, 08:28

Сарбаздар ант берді

29 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданындағы шекара басқармасында әскер қатарына алынған сарбаздардың ант беру рәсімі өтті.

Сарбаздар ант берді

Салтанатты рәсімді ашқан департамент бастығы полковник Әлібек Каюповтың бұйрығымен алаңға Жауынгерлік Ту келтірілген соң «Күз-2024» шақырылымының сарбаздары ант қабылдауға кіріскен. Осылайша, сарбаздардың «Мен, қатардағы жауынгер ....» деп саңқылдап шығып жатқан дауыстарынан шекараны қорғаудың барлық ауыртпалығын, туған елінің тыныштығы үшін желдің өтінде жүруге тас-түйін дайын екенін анық байқауға болатын.

Бұдан әрі рәсімнің негізгі бөлімі басталып, департамент бастығы полковник Ә.Каюпов, Ұйғыр ауданының әкімі Б.Елеусізова сөз сөйлеп, сарбаздарды ант қабылдауларымен құттықтады. Сондай-ақ сарбаздар атынан сөйлеген қатардағы жауынгер Дияс Тілектес өздеріне көрсетілген сенімді ақтап, ел шебін көздің қарашығындай күзетуге уәде берді.

Тағы бір айшықты оқиға, департамент бастығы полковник Ә.Каюпов көпшіліктің алдында «Срочник 2.0» бағдарламасының грантын жеңіп алған «Күз-2023» шақырылымының қос сарбазы, қатардағы жауынгерлер Расул Артықжанов пен Еділ Тілеубекке сертификат тапсырып, Отан алдындағы қызметтеріне алғыс білдірді.

Қатардағы жауынгер Нұржан Суровтың ата-анасы Исқар ағамыз бен Эльмира апай бүгінгі іс-шараға қатысу үшін Жамбыл облысының Қордай ауданына қарайтын Қызылсай ауылынан арнайы ат терлетіп жетіпті.

«Ата-ананың көңілі балада ғой. Ұлымызды көріп, мауқымызды басу үшін сағынып жеткен жайымыз бар. Көзіміздің қарашығы бүгін ант қабылдайын деп жатыр. Бұл да – ұлымыздың ер-азамат атанғаны. Біз үшін осы қуанышын көруден асқан бақыт бар ма?», дейді қатты толқыған И.Суров.

Іс-шара соңы шекара басқармасының ар­наулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобы­ның сахналық көрінісіне ұласты. Желдің өтін­де жүруге жаралған сайыпқырандар шека­ра бұзушыларды ұстаудың әдіс-тәсілдерін ше­бер көрсете білген. Бұл үшін алаңды нағыз шай­қас даласына айналдырған шекарашылардың ­әбжіл қимылдары олардың жауынгерлік даяр­лығы жоғары деңгейде екенін айғақтай түсті.

«Мен қазақпын» әні шырқалды. Пат­риоттық рухтағы тамаша әнге 500 сарбазбен бірге алаң шетіне жиналған халық та қосылған. Осылайша, қасқағым сәтте өте шық­қан рәсімнен кейін ата-аналар ұлдарымен қауы­шып, мәре-сәре болды.

 

Алматы облысы