Аймақтар • 21 Қараша, 2024

Самардың сары алтыны

60 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Жерінің асты кеніш, үсті пейіш» деп осынау Самар өңіріне қарата айтылса керек. Тоғыз жолдың торабында жатқан аудан көлге де, шөлге де бай. Әйгілі Құлынжон қорығы да осында. Қорық іргесінен алтын шығып жатқаны және бар. Мұнда «Каскад-н» компаниясы 2006 жылдан бері жұмыс істеп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып келеді.

Самардың сары алтыны

Облыс орталығынан шеткері жатқан аудандарға ин­вести­ция тарту өте маңызды. Себебі ауыл, аудандардағы мекемелер мен шағын кәсіпорын­дар жергілікті халықты тұрақ­ты жұмыспен толық қамтуға қауқарсыз. Соның салдарынан жастар ауылда емес, қаладан жұмыс іздеп сабылады. Ал «Каскад-н» компаниясы аудан азаматтарына 100-ге жуық жұмыс орнын ұсынып отыр.

– Алтын өндіретін кәсіп­орынның ауданымызда жұмыс істеп келе жатқаны­на 20 жылға жуықтады. Содан бері аудан экономикасына салық төлеп, жергілікті халықты тұрақ­ты жұмыспен қамтып жатыр. Отбасымызды осы жұмыспен асырап отырмыз. Әйтпесе, екі қолға бір күрек іздеп жан-жаққа кетер едік. Кәсіпорнымыз 2006–2014 жылдар аралығында кен барлау ісімен айналысса, қазір өндіру жұмыстарына көшкен, – дейді Самар ауылының тұрғыны Нұрлан Ережепов.

«Каскад-н» кәсіпорнының жұмы­сы­мен танысу үшін қазба жұмыстары жүріп жатқан орынға да барғанбыз. Барлығы дерлік жаңа техникалар. Жұ­мыс қарқынды. Айта кетерлігі, мұнда көр­шілес Көкпекті ауданынан келіп істейтін азаматтар да аз емес. Маңайдағы ауылдардан отбасымен көшіп келіп, жұмысқа тұрақтағандар да бар.

– Ауылда жұмыс болмағаннан кейін «Каскад-н» компаниясына жұмысқа орна­ластым. Үш жылдай болып қал­ды. Қазір мал бағып, ауылда тұру оңай емес. Баққан малың жылдық шы­ғынын әрең ақтайды. Сондықтан, осында тұ­рақты жұмысқа келдім. Самарға көшіп келгеніме он жылдан асты. Қыз­мет­те қауіпсіздік шаралары да ерекше қадағаланады. Мен мұнда жанар-жағармай тасымалдаймын. Мына заманда тұрақты жұмыс болмаса қиын. Бала оқытып, несие төлеймін, дейді кәсіпорын жұмысшысы Серік Мұжыбаев.

Айта кетейік, мұнда қатардағы жұ­мыс­шы болып келген ауыл тұрғынын кәсіпорын өздері оқытып, жоғары білім алуға мүмкіндік жасайды.

– Алғашында жай жұмысшы болып жүрдім. Кейін кәсіпорын басшылығының қолдауымен Семейде тау-кен өндірісі бойынша білімімді жетілдіріп, аға геолог дәрежесіне көтерілдім. Қазір еңбекақым жоғары. Ендігі кезекте фабрика ашылса, өндіріс көлемі артып, жұмыс орындары ашылатын еді, дейді кәсіпорын жұмысшысы Расул Қабидоллаұлы.

Әр тараптан келген азаматтар осылайша осы жерден тұрақты жұмысын тауып, отбасын асырап жатыр. Кә­сіпорын ауданға екі жақты меморандум аясында демеушілік шараларын да жиі ұйымдастырып келеді. Әртүрлі мерекелерде қаржылай қолдау көрсетіп, ауданды абаттандыруға да үнемі атсалысады.

Аудан экономикасының өрістеуіне зор үлес қосып отырған кәсіпорын басшысы Сержан Хасеновпен де тіл­дескенбіз. Айтуынша, кенішті қазір тау қой­науына жинап жатыр.

– Қазір рудаларды өңдей алмай отырмыз. Соның өзінде ауданға салық төлейміз. Егер Құлынжон ауылдық округінде фабрика ашылса, ауданға тө­лейтін салық мөлшері де артып, қо­­сым­­ша жұмыс орындары ашылар еді, дейді «Каскад-н» жауапкерліші шектеулі серіктестігінің директоры Сержан Хасенов.

«Каскад-н» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Құлынжон ауылдық округінде фаб­рика салуды жоспарлап отыр­ған­да­рын да жасырмады. Айтуларынша, фабрика ашылса, ауданнан 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтиды екен. Осыған дейін фабриканың құрлысына байланысты қоғамдық тыңдау да өткен еді. Алайда, жергілікті тұрғындар экологияға зиян келе ме деп алаңдайды.

– Бізде барлығын заң аясында істеп жатырмыз. Құзырлы органдар да тікелей бақылап отыр. Бұл жұмыс жабық әдіспен жүзеге асып, цианид зауыт ішінде ғана қолданылады. Экологияға ешқандай зия­ны тимейді. Оның үстіне, цианид өте қымбат. Төгіп-шашатын зат емес. Бізде барлығы жаңа технологиямен салынады. Фабрика жұмысын бастаса, ауданға ай сайын 300 млн теңге салық төлеп отырамыз. Оның үстіне қосымша салықтың басқа түрлері осы жақтың қазынасына түседі, – дейді кәсіпорын басшысы Сержан Оралханұлы.

Сержан Хасеновтің сөзінше, фаб­рика салынған жағдайда ауданнан ар­найы комиссия құрылып, жұмысты тіке­лей қадағалай алады. Оның ішінде жер­гілікті тұрғындар да бар. Ол құрам белгілі бір уақытта жаңарып отырады. Комиссия мүшелерін жергілікті билік, ауыл ақсақалдары тұрғындарымен бір­лесе отырып бекітеді.

Сонымен қатар «Каскад-н» кәсіпо­рыны Самар агро-техникалық кол­леджімен келісімшарт жасасып, арнайы гранттар бөліп, кен өндірісінің мамандарын даярлайтын мамандықтар ашуды жоспарлап отыр. Бұл тау-кен өндірісіндегі маман тапшылығы мәсе­лесін шешуге үлкен пайдасын тигізе­ді. Аталған колледж қазір тек ауыл шаруа­шылығы және тамақ өнімдері бағытында ғана жұмыс істеп жатыр.

Иә, Шығыс Қазақстанның қойнауы түсті металлургияға бай. Жыл басында Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері тұрғындармен кездесу өткізген. Жиында кен өндірісі саласындағы және инвестиция тарту мәселелері кеңінен талқыланған. Олар «Каскад-Н» ЖШС-на рұқ­сат құжаттарын беретіндіктерін ха­­бар­лаған.

– Цианид арқылы алтын өндіру әлем­нің барлық елдерінде қолданылатын тәжірибе. Бір сөзбен айтқанда, сынақтан өткен технология. Жабық әдістің қор­шаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Оның үстіне, алтын өндіретін нысандар үнемі бақылауда болады. Қандай да бір заң бұзушылық анықталатын болса, кә­сіпорын жұмысы тоқтатылады, деген Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақы­лау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов.

Халық та үзілді-кесілді қарсы емес көрінеді. Көкжыра ауылының тұрғыны Асқар Қапанұлы кәсіпорын уәде еткендей барлық салықты төлеп, меморандум аясында ауылға көмектессе, ауыл халқы қарсылық көрсете қоймас дейді.

– Ауыл тұрғыны ретінде фабриканың салынуына қарсы емеспін. Себебі ауылымызда жұмыс жоқ болғандықтан, жыл сайын халық көшіп жатыр. Мектепте оқушылар да азайды. Жұмыс болса, жас­тар осында тұрақтап қалушы еді. Оның үстіне, ауылымыз тозып барады. Кәсіпорын ең алдымен біздің экологиямызға зиян тигізбеуі керек. Қауіп­сіздік шаралары қатаң сақталса, құ­ры­­­латын комиссияның құрамында ауыл тұрғындары болып, жүйелі тек­серіс жүргізіп отырсақ, мен қарсы емес­пін. Екіншісі, уәде етілгендей салық то­лықтай төленіп, меморандум аясын­­­­­­да істелінетін жұмыстарды заңды түрде құжатпен бекітіп алуымыз керек. Өйткені жер қойнауы біздің ауылдық округке тиесілі. Игілігін халық көруі керек, дейді Көкжыра ауылы «Серік» шаруа қо­­­жалы­ғының басшысы Асқар Қапанұлы.

Ауылдың іргесінен шыққан байлық­тың үлесі ауылдың жыртығын жамауға жұмсалса, халық қарсы бола қоймас. Ең бастысы, табиғатқа зияны тимесе, ауыл халқы тұрақтап қалары сөзсіз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы