Қоғам • 21 Қараша, 2024

Көші-қон қарқыны күшті бірақ «медальдің екінші жағы» нені көрсетеді?

135 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Инфрақұрылымның, өмір сүру деңгейінің жалпы жақсаруы, жұмысқа орналасу мүмкіндігінің кеңеюі арқасында ірі қалалар адамдарды өзіне көбірек тартатыны белгілі. Бірақ бұл үдеріс тұрғындары шамадан тыс толған мегаполиске де, халқы сиреп, қатары кеміген шағын елді мекендерге де үлкен сын-тегеурін.

Көші-қон қарқыны күшті бірақ «медальдің екінші жағы» нені көрсетеді?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ауылдық жерлердегі халық санының қалаға қатысты өсу қарқынының төмендеп бара жатқанын статистикалық бақылау растайды. Соңғы онжылдықта (2013-2023) ауыл халқы іс жүзінде өзгермеген болса (шамамен 7,5 млн адам), қалалықтар 31%-ға (12,2 млн адамға дейін) өсті. Биллетер индексі бойынша да тұрғындардың жас құрамында өңірлік айырмашылық бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Абай облыстарында елуден асқан адамдардың репродуктивті жастағы (15-49) халық санына үлесі 0-14 жастағы адамдардың үлесінен артық. Яғни халықтың қартаю үдерісі жүріп жатқан өңірлерде, ауылдарда келешекте кім тұра­тыны жөніндегі мәселенің өзектілігі жыл сайын артып келеді.

Жыл басынан бері ел аумағында көшіп-қону ұлғайып, 700 мыңға жуық азамат тұрғылықты жерін ауыстырған. Бұл соңғы жылдардағы көрсеткіштен екі есе көп. Көшіп-қону өңірлер ішінде де (381 мың адам), олардың арасында да (307 мың адам) жүреді. Алайда келгендер кеткендерден көп болған оң өсу динамикасы әлі де ішкі мигранттарды тарту орталығына, яғни мегаполистерге тиесілі. Еңбек министрлігінің мәліметінше, тұрақты тұру ниетімен Астанаға 64 мыңнан астам адам, Алматыға 60 мыңға жуық адам, Шымкентке 31 мыңнан астам адам көшіп келген. Соңғы санақтың нәтижелері, халықтың 40 пайызының өзге өңірлерден келуі Астананың ішкі көші-қонда негізгі бағыт болғанын көрсетеді.

Экономиканың даму қарқынына сай қала халқының саны да геометриялық прогреспен өсіп келеді. Былтыр тұрғындардың көші-қон көңіл күйін анықтау мақсатында еліміздің түрлі қалаларында әлеуметтік сауалнама жүргізген Экономикалық зерттеулер институты өңірлік зерттеулер орталығының тұжырымдауы бо­йынша әлеуетті мигранттардың жартысы Астанаға, Алматыға, Шымкентке көшпек ойын жеткізген. Ал қаладан ауылға қо­ныс аудару мүмкіндігін қарастырған аза­маттардың саны 3%-дан асар-аспас. Қала адам ресурсының әлеуетті көзі болып отырғанын айшықтайтын мысалдар ауылдық аумақтарды дамытудың келеше­гін жан-жақты саралауға дәйек болуы керек. Ал ірі қалалардың инфра­құ­рылымы халықтың реттелмеген ағы­нын көтере алмауы мүмкін. Атап айт­қанда, балабақшаға кезек, үш ауысымды мек­тептердің көбеюіне байланысты білім сапасының төмендеуі, емханалардағы кезектің салдарынан медициналық қыз­мет сапасының нашарлауы, жалға бе­рі­летін тұрғын үй бағасының өсуі, жылумен, сумен жабдықтау жүйесіне жүк­теме, авто­жолдардағы кептеліс сияқты әлеу­мет­тік инфрақұрылымның тап­шы­лы­ғын болжай беруге болады.

Сондай-ақ мегаполистегі тиісті сұра­ныстың өсуінсіз еңбек нарығындағы ұсыныстың ұлғаюы байқалады. Мысалы, Алматыдағы жұмыссыздардың ресми саны бүгін Риддер сынды моноқаланың халық санымен бірдей. Халықтың басқа облыстардан реттеусіз кетуі, ірі қалалар мен жекелеген өңірлер халқының өсіп келе жатқан саны демографиялық ахуалға, еңбек теңгерімсіздігіне түрткі болады. Нәтижесінде, солтүстік өңір экономикалық белсенділіктің төмен­деуі­мен сипатталса, оңтүстік облыс­тарда еңбек ресурстарының артылуы бай­қа­ла­ды.

Көші-қон қалаларда, ауылдарда, же­ке­­леген өңірлерде еңбек капиталын қа­лып­тастыруға елеулі үлес қосатыны сөз­сіз. Еңбек ресурстарын қалыптастыру мен шоғырландыру өңірлердің, тұтастай ал­ғанда елдің экономикалық дамуы тұр­­ғы­­сынан өте маңызды. Осы орайда был­тыр шілдеден бастап күшіне енген жаңа ере­желер қандастардың халық аз қоныс­тан­ған өңірлерге қоныс аударуын жандандыра түспек. Соңғы мәліметтерге сәй­кес 3296 этникалық қазақ (1374 отба­сы) аз қоныстанған аймақтарға қоныс аудару бағдарламасы аясында қандас мәрте­бе­сі­не ие болды. Сонымен қатар 475 отбасы (948 адам) қалалар мен ауылдарға көшті. 5655 адам (2843 отбасы) отбасымен қауышып, 593 адам (295 отбасы) жұмыс берушілердің шақыруымен жұмысқа орналасты. Сондай-ақ университеттерге 71 адам (69 отбасы) түсті. Дегенмен қандас мәртебесін алған этникалық қазақтардың интеграция­сы белгілі бір қиындықпен жүріп жатыр. Олардың білімге, медициналық көмекке, жұ­мысқа орналасу мүмкіндіктеріне қол жет­кізуін қамтамасыз ету маңызды. Әсі­ре­се олардың мәдени немесе тілдік кедер­гі­лерге тап болуы мүмкін өңірлерге бейім­дел­уін сәтті етуге қатысты қосымша қолдау шаралары қажет.

Бүгінде еліміздің көші-қон саясаты мигранттарға өздерінің адами, эконо­микалық, әлеуметтік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жа­сауға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Еңбек ми­нистрлігі азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңір­лерге ерікті түрде қоныс ауда­ру мәселелерін реттеу саласындағы қол­да­ныс­тағы нормативтік-құқықтық ак­ті­лерге түзетулер топтамасын әзір­леді. Онда анықталған проблемалық мә­се­лелер мен Бас прокуратураның ұсынымдары ескерілген. Атап айтқанда, мансап орталықтары қызметкерлерінің қоныс аударушы немесе қандас ұсынған құжаттарды, экономикалық мобильділік сертификаты бойынша ақшалай төлемді пайдалана отырып сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі бойынша мәліметтерді олардың толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан, толық, мұқият қарау үшін мәміле объектісіне бару жолымен салыстырып тексеруді жүзеге асыруын; сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құнын бағалау нәтижелеріне шағымдану бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының құқығын кеңейтуді; қоныс аударушының немесе қандастың бұдан бұрын экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған тұрғын үйді сатып алу ниеті болған жағ­дайда экономикалық мобильділік сер­ти­фикатын беруден бас тарту бо­йынша қосымша негізді бекітуді; қоныс аудару­шы­лардың қоныстану аумағынан тыс жерлерде еңбек қызметін жүзеге асыру құқығын алып тастауын көздейді.

Сонымен қатар алдағы жылдан бас­тап қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру жоспарланып отыр. Осылайша көрсетілетін қызметті алу­шылардың мансап орталықтары қыз­мет­керлерімен байланысы жойылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік туады. Мем­ле­кеттік қызмет түрлерін цифр­ландыру қоныс аударуға қатысушылар мен еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына нақты мониторингті қам­тамасыз етеді.

Елдің демографиялық картасын айтар­лық­тай өзгерте алатын бағдарламалар тиімді іске асырылса, экономикалық жа­ғы­­нан артта қалған өңірлердің дамуы­на, халықтың бөлінуіндегі диспро­пор­ция­ның төмендеуіне, жалпы өмір сүру деңгейінің жоғарылауына ықпал етуі мүмкін. Жалпы алғанда, көші-қон ағынын басқаруда экономикалық ынталандыру ғана емес, әлеуметтік аспектілерді де ескеру қажет. Бұл тұрғыда сарапшы қауым ішкі көші-қонды реттеудің негізгі эле­менттерінің бірі – ауылдық жерлерді, ша­ғын қала­лар­ды дамыту, олардың өмір мен жұ­мыс жөніндегі тартымдылығын артты­руы тиіс екенін баса айтып жүр. Бұған мемлекеттік инвес­тициялар, ша­ғын және орта бизнесті қолдау, агро және экологиялық туризм сияқты жаңа бағыт­тар­ды дамыту арқылы қол жеткізуге бо­ла­ды. Қорыта келгенде, ішкі көші-қон үде­­рісі оның жекелеген бөліктеріне ғана емес, бүкіл елге пайда әкелетіндей өңір­лік дамуды теңестіруге қатысты ауқымды жұмыс күтіп тұр.