Қоғам • 21 Қараша, 2024

Жаңа Су кодексіне тасқыннан қорғау шаралары енгізілді

82 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттің тапсырмасы бойынша жаңа Су кодексінің жобасына тасқын және еріген қар суының алдын алу және қорғау іс-шаралары енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа Су кодексіне тасқыннан қорғау шаралары енгізілді

Фото: Ведомство

Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған ведомство, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар құжатты пысықтауды жалғастырып жатыр. Кодекстің жобасына сәйкес, елді мекендерді және нысандарды қорғау үшін жергілікті атқарушы органдар бөгеттер, мобильді қоршаулар, айналма арналар, уақытша су қоймаларын салу жұмыстарын жүргізуі керек және тасқын мен еріген судан қорғану тұрғысында орман екпелерін отырғызуды жүзеге асыруы тиіс.

Өз кезегінде, бассейндік жоспарлар еліміздегі 8 су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысына қажетті іс-шараларды анықтайды. Сондай-ақ, аталған кодекс жобасы жауын-шашын мен топырақ ылғалдылығының деңгейін бақылауды, құрғақшылық кезеңі үшін тасқын суын жинап сақтауды, су үнемдейтін технологияларды енгізуді және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығын бейімдеуді көздейді.

«Құжат – мемлекеттік органдардың су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіндегі өкілеттіктерін нақты айқындайды. Енгізілген түзетулер – су секторының климаттың өзгеруіне бейімделуіне, судың зиянды әсерінің қаупін азайтуға және гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін арттыруға жағдай жасайды», деді ведомствоның Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.