Аймақтар • 22 Қараша, 2024

28 елді мекенде 142 үй салынады

111 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында 16 ауылдық округ, үлкенді-кішілі 47 елді мекен бар. Биыл осы ауылдардың басым көпшілігінде құрылыс қызу жүріп жатыр.

28 елді мекенде 142 үй салынады

Бұл – халықтың әл-ауқатын жақ­сарту мақсатында елімізде жү­зеге асып жатқан бірқатар мем­­лекеттік бағдарламаның нәти­жесі. Ауылдағы ағайын да осын­дай тұрғын үй бағдарлама­лары­ның игілігін көріп отыр. Мәселен, тек Қаз­талов ауданында ғана биыл­дың өзінде 55 отбасы жаңа бас­па­на­ға кіріп, қоныстойын тойлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қо­сыл­ған «Отау» ипотекалық бағдар­ламасы ел ішінде үлкен сұраныс­қа ие болып отыр. Бұған қоса, ауыл және аудан орталығының тұрғын­дарына арналған жаңа тұр­ғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандарға несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын», деген еді.

Міне, Президенттің осы тапсыр­масына сәйкес Өнеркәсіп және құ­рылыс министрі 2023 жыл­­ғы 22 желтоқсанда «Рес­пуб­ли­­ка­­лық бюджет есебінен тұр­ғын үй салуды, сатып алуды қар­жы­­­лан­­д­ыру немесе мем­лекет­тік баға­лы қағаз­дар шығару, тұр­ғын үй­ге мұқ­­таж Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­­сы­­ның азаматтарына тұр­ғын үй­ді мо­­ни­торингілеу және өткізу қағи­­да­­лары» туралы бұй­рық шы­ғар­­ған. Дәл осы қағидаға сәй­кес биыл Қазталов ауданында халық­тың әлеу­меттік осал топтарын тұр­ғын үй­мен қамту мақсаты­нда 142 тұр­ғын үйдің құрылы­сы бас­тал­ған еді. Бұл тұр­ғын үй­лерді сатып алуға республи­ка­лық, об­лыс­тық бюджет есебінен қаражат бөлінді. 

ап

– Қазіргі таңда ауданда салынып жатқан 1 пәтердің құны – 15,5 млн теңге. Ауылдағы екі пәтерлі тұрғын үй 31,0 млн тең­геге шығады. Біздің Қазталов ауданында тұрғын үй салуға 46 жеке инвестор тартылған. Қазір 28 елді мекенде құрылыс жұмы­сы жүріп жатыр. Құрылыс сапа­сын бақылау мақсатында бар­лық ауылдық округте өндірістік жұмыс кестесі бекітілген. Жергілі­кті қоғам өкілдері арнайы жұмыс тобын құрып, құрылыс барысын қадағалап отыр. Жаңа үйлер қазір­гі заман талабына сай. Жұмысты негізінен жергілікті инвесторлар мен мамандар атқарып жатыр. Жалпы, жоспар бойынша ауданда 28 елді мекенде 76 тұрғын үй, 142 пәтер салуымыз керек, дейді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.

Ауылда, шалғай елді мекендерде жаңа тұрғын үйлердің салынуы – мемлекеттің ауылға көңіл бөліп отырғанының ай­қын көрінісі. Баспаналы болған ауылдықтардың қуанышында шек жоқ.

– Жаңа үйлер ауылдың тынысын аша түскендей. Бір жағынан ауыл жаңарып, ажары кіреді, екінші жағынан ауылымыз өседі, кеңейеді. Аудан әкімдері халықпен кездескенде жиі айтылатын мәселенің бірі осы – баспана. Соңғы кездері бұл да шешімін тауып, халықтың қуанышы еселеніп отыр. Қазір мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлер ауылдағы ағайынға дем беріп, жеке тұрғын үйлердің де келбеті келіскен жайы бар, деді Қазталов ауылының тұрғыны Марат Тоясов.

Ал Жаңатаң елді мекеніндегі көпбалалы Сисеновтер әулеті бас­пана кілтін облыс әкімі На­риман Төреғалиұлының өз қолынан алды.

– Қазір шекаралық аймақ­тар­ға, ауылдар мен елді мекен­­дер­ге ерекше назар аударылып, бірқатар жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы. Осы бағдарлама арқылы Қазталов ауданының Жаңатаң елді мекеніне көшіп келген алғашқы отбасымыз. Бізге келген бойда уақытша тұрғын үй берілді. Қорамызға мал кірді. Қазір сол төрт түліктің игілігін көріп отырмыз. Тұрақты жұмысқа да орналастық. Өзе­гінен теппей, құшақ жая қар­сы алған ауыл халқына ал­ғы­сымыз шексіз. Осы орайда облыс, аудан басшылығына ха­лықтың әл-ауқатын арттыру мақ­сатында игі жобаны жүзеге асырып, көрсеткен қолдауына разылығымызды білдіремін, дейді Аят Сисенов.

Жақында Мәжілісте 2025–2027 жылдарға арналған үш жылдық бюджет талқыланғаны, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының инженерлік, кө­лік және әлеуметтік инфра­құрылымын дамытуға қосымша 1,978 млрд теңге қаражат бөлін­гені хабарланған еді. Міне, осы қаржының басым бөлігі де Қазталов ауданындағы Болашақ, Қазталов, Қараоба, Қошанкөл ауылдарының ішкі жолдарын жаңғыртуға жұмсалғалы отыр.

«Астанаға арнайы келіп, өз ауданына қатысты жобалардың қажеттілігін дәлелдеп, осындай қаржының бөлінуіне ық­пал еткен Қазталов, Жәнібек, Бө­кейордасы аудандарының әкім­дерінің белсенділігін атап өтер едім. Өйткені бюджетті қорғау барысында атқарушы орган өкілдерінің депутаттармен бірге болуы өте маңызды», дейді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Осы жаңалықты естігелі алда­ғы жылдары да Қазталов ауда­ны­ның елді мекендері жаңғы­рып, жайнай түсетініне сеніп отырмыз.

 

Батыс Қазақстан облысы