Саясат • 22 Қараша, 2024

Парламентаралық байланыстың байыпты жолы

146 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Халқымыз «Туыс – атадан, көрші – Алладан» дейді. Көршісі жақсы болғанның көңілі тыныш. Қазақ елінің айналасында құрлық арқылы шектесетін тәңір қосқан бес көршісі, теңіз арқылы шекараласатын екі қоңсысы бар. Бәрімен де дипломатиялық байланыс орнап, тату-тәтті қарым-қатынас жолға қойылған. Бұның ішінде солтүстігімізді жайлаған Ресей Федерациясының орны бөлек.

Парламентаралық байланыстың байыпты жолы

Еліміздегі 17 облыстың 8-і Ресей өлкелерімен шекараласады. Бұл – екі ел арасында барлық салада ынтымақтастық орнатуға берік негіз. Солай болып та келеді. Кеңес одағы құлағаннан кейін 1992 жылы екі мемлекет өз­ара дипломатиялық байланысты жолға қойғалы бері жан-жақ­ты барыс-келіс пен алыс-бе­ріс жан­данды. Сондай маңыз­ды қа­рым-қатынастың бірі – парламентаралық ынтымақтас­тық.­

2012 жылдан бері Қазақстан мен Ресей парламенттері арасында екі комиссия жұмыс істейді. Оның бірі 2012 жылдың 27 наурызында құ­рыл­ған ҚР Парламент Сенаты мен РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Ынты­мақ­тас­тық жөніндегі комиссиясы болса, екіншісі – сол жыл­дың 25 сәуірінде өмірге келген ҚР Пар­ламент Мәжілісі мен РФ Мем­лекеттік думасы арасындағы ын­тымақ­тастық жөніндегі палата­ара­лық парламенттік комиссия­сы.

Тараптардың өзара іс-әрекет­тес­тігін ұйымдастыру мен үй­лес­тіру мақсатында құрылған бі­рінші комиссия қазақстандық және ресейлік екі бөліктен тұра­ды, оларды тең төрағалар бас­­қа­рады. Оның отырыстары жы­лына екі рет Қазақстан мен Ресей аумақтарында өтіп келеді.

Ал ҚР Парламент Мәжілісі мен РФ Мемлекеттік думасы ара­сындағы ынты­мақ­тастық жөніндегі палата­ара­лық парламенттік ко­мис­­сия­сының осыған дейін 11 оты­рысы өткен. Соңғысы биыл маусым айында ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін Астана қаласында ұйымдастырылып, тиімді әріптестік қайта жандан­ғанын айта кету керек. Комиссия құрамында Мәжілістің –  20, РФ Мемлекеттік думасының 17 депутаты бар.

Биылғы он бірінші басқосуда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Қазақстанның сенімді одақ­тасы және стратегиялық серік­тесі екенін кезекті мәрте атап: «Жыл өткен сайын қарым-қатынасымыз тек нығайып келеді. Бұған көшбас­шыларымыз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің арқасын­да қол жет­кіздік. Мемлекет бас­шы­лары өзара әріптестікті дамудың жаңа деңгейіне көтерді. Қазақстанда халықтарымыздың сан­­ғасырлық достығы ерекше баға­ланады», деді.

Мәжіліс спикері Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік жылдарында достық пен сенімді нығайтуға бағытталған берік шарт­тық база қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ елдерімізді әлемдегі ең ұзын шекара байланыстыратынын айтып, былтыр өзара сауда көлемі айтарлықтай өскеніне, тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі екеніне назар аударды. Оған екі елден мыңдаған компания мен миллиондаған адам тартылған.

«Екіжақты қаты­насты да­мы­­туда пар­ла­ментаралық ынты­­мақтастық маңызды рөл атқа­­ра­ды. Біз түрлі алаңдарда жиі кездесеміз, пікір алмасамыз. Әр басқосуымыз жаңа идеялар мен бастамаларға толы. Көптеген өзекті мәселе бойынша әрдайым ортақ шешімге келетініміз қуан­тады. Ұзақ уақыттан кейін ко­мис­сиямыздың жұмысын қай­та жандандырғанымыз да – бір­лесіп жұмыс істеуге ынталылы­ғы­мыздың айғағы», деді Е.Қошанов.

РФ Мемлекеттік думасы төра­ға­­­­сы­ның бірінші орын­­ба­сары Александр Жуков пар­­ла­мент­аралық ынтымақтастық­тың әлеуеті зор еке­нін айта келе: «Ел­деріміздің көшбас­шылары парламенттер алдына сауда-экономика, инвестиция саласындағы, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынты­мақтастықты дамыту міндетін қойды. Біз президенттеріміздің уағ­даластықтарының іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қам­­та­масыз етуіміз қажет. Парла­­мент­тік өлшемдегі өзара іс-әре­кеттің тиімділігін арттыру, азаматтарымызды толғандыратын мәселелерді шешу де өте ма­ңызды», деген еді.

Аталған комиссияның мү­шесі, Мәжіліс депутаты Павел Ка­занцевтің айтуынша, ел Пар­ламентінде өзге мемлекеттердегі әріптестермен сыртқы байланыс­тарға айрықша маңыз беріледі. Соның ішінде Мәжіліс бұл бағыт­тағы қызметін үш деңгей­де жүргізеді. Біріншісі – халық­аралық ұйымдар жанынан құрыл­ған парламентаралық ассам­блея­ларға қатысу; екіншісі – шетел парламенттерімен комиссия­лар немесе кеңестер деңгейінде байланыс орнату; үшіншісі және кең тараған байланыс түрі – шет­ел парламенттерімен ынтымақ­тастық топ­тары деңгейінде қарым-қаты­насты жолға қою.

«Ресей Федерациясының Мем­ле­кеттік думасымен арада комиссия да жұмыс істейді, оның жұмыс органы ретіндегі ынтымақтастық тобы да құрылған. Қазақстан тарапынан комиссияның тең төрағасы – Мәжіліс депутаты Альберт Рау. Ресей тарапынан Мемлекеттік дума төрағасының орынбасары Александр Жуков. Көріп отырғаныңыздай, біздің ресейлік әріптестермен екіжақты жұмыс форматы мен мәртебесі өте жоғары», дейді ол.

Мәжіліс депутатының айтуын­ша, комиссия жұмысы екі ел пала­­таларының спикерлері – Ерлан Қошанов пен Вячеслав Воло­диннің бақылауында және тұрақты назарында.

«Биыл біраз үзілістен кейін ко­миссия жұмысы қайта жанданды, нақтырақ айтқанда, жалғасын тапты. Маусым айында Астанада өткен отырыстың күн тәртібі маңызды да мазмұнды болды. Екі тараптың депутаттары бұл кездесудің пайдалы әрі нәти­желі болуы үшін жемісті жұмыс атқарды. Нақты сандарға жүгінсек, күн тәртібіне 7 базалық бағыттан тұратын 25 мәселе қойылды. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстардың кең көлемді еке­нін көрсетумен қатар, уақыттың өзі алдымызға қойып отырған күрделі мәсе­лелерді шешуге екі тараптың да бел шеше кіріскенін айғақтайды», дейді П.Казанцев.

Парламенттің міндеті заң шыға­ру қызметі болғандықтан, екі ел пар­ламентарийлері кездесуінде басты талқыланатын тақырып та, әрине, өзара тәжірибе алмасу, соның ішінде экономика, цифрлық құқық, әлеуметтік мәселелерді шешу, климаттық жағдайлар, волонтерлік қызмет, т.б. өзекті бағыттарда бірінде жоқты екіншісі үйреніп, білгенімен бөлісу. Сонымен қатар энергетика, туризм, мәдени-гуманитарлық бағыт, қоршаған ортаны қорғау, шекаралық өзендерді тиімді пайдалану секілді екі тарапқа ортақ мәселелер қозғалды.

«Ынтымақтас­тығымыздың үл­­­кен бағытының бірі – көлік қатынасы және логистика. Биыл күн тәртібінде «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дә­лізін дамыту, оның шығыс мар­шруты­ның әлеуетін синхронды түрде ілге­рілету жөніндегі Жол картасы мәселесі қаралды. Соны­мен қатар қазақстандық тасымалдаушылар үшін Ресей-Беларусь шекарасындағы кедергі­лерді алып тастау секілді түйт­кілді жайттар талқыланды. Қазақ­стан-Ресей ынты­мақтас­ты­ғындағы маңызды орынды екеуара тауар­ айналымын ұл­ғайту мен өзара сауда-саттық жо­лындағы кедергілерді жою алады. Бұл бағытта алдымызда тұрған жұмыс көп. Оның көбі жедел шешуді талап етеді. Соның ішінде екі елдің орта және шағын кәсіп иелерінің өз нарықтарымызға енуіне қолайлы жағдай жасауды айта аламын», дейді П.Казанцев.

Палатааралық парламенттік комис­сия мүшесі, Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның айтуынша, қазақстандық және ресейлік депутаттардың биылғы басқосуы екі тараптың бір-бірін толық түсінетінін, көтерілген көп мәселе екі елге ортақ әрі оларды шешу мәселесінде де бірдей ұстанымда екенін көрсетіп берген.

«Әрине, бірлескен жұмысы­мызда шешімін күткен мәселе әлі де көп. Бұл – қалыпты жағдай. Өйт­кені барлық салада қарым-қаты­нас ор­нат­­қаннан кейін түрлі мәсе­ле мен кедергінің туындамай қоймай­тыны белгілі. Дегенмен біздің президенттеріміз атап өткендей, арадағы тату көршілік тұрғысынан шешуге болмайтын проблема жоқ. Парламентаралық кездесулердің жүйе­лі түрде ұйымдастырылуы ар­қы­лы оның бәрін еңсеруге әбден болады», дейді ол.

Мәжіліс депутаты Қазақстан мен Ресей парламенттері ара­сын­дағы тұрақты байланыс­тар ең жоғары деңгейде жүріп жат­қа­нын жеткізді. Осы жылдың өзінде бірнеше іргелі кездесу өткен. Мәселен, наурыз айын­да Мәжіліс төрағасы Ерлан Қо­шанов Мәскеу және Қазан қала­ла­рында болып, біздің деле­гация Ресей парламентінің екі палатасы өкілдерімен де кездесу өткізді. Ал маусым айында Мемлекеттік дума спикері В.Воло­дин Алматыға келіп, ҰҚШҰ Пар­ламенттік ассамблеясы­ оты­рысына төрағалық еткені белгілі.

«Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев шілде айында ғана Санкт-Петер­борда өткен ТМД Пар­ламент­­аралық ассамблея­сына қатыс­ты. Алдағы бірер күн­­де тағы да осындай жиын бол­ғалы жатыр. Міне, мұндай өзара сапарлар мен байланыстар қос мемлекеттің қарым-қаты­на­сы ең жоғары дең­гейлерде дамып­ жатқанын көр­сетеді», дейді А.Құспан.

Осы орайда сындарлы қарым-қатынасқа сызат түсіретін кейбір келеңсіз жайттарды да жақсы білеміз. Бірақ көрші мемлекеттің билігі бірқатар ресейлік депутат­тың аумақтық тұтастық пен тәуел­сіз­дігімізге нұқсан кел­тіретін пікір­лері РФ-ның ресми ұстанымы емес екенін мәлімдеді. Бұл ретте РФ Мемлекеттік ду­масындағы Достық тобының жетекшісі, депутат Виктор Селиверстов Қазақстанмен сыйлас көршілік қарым-қатынас орнатудан асқан маңызды міндет жоқ екенін тілге тиек етті.

«Кейбір әріптестерімнің пікір­­ле­ріне тоқталғым келеді. Бұл сөздер Ресей қоғамы мен истеб­­лиш­­ментінің ұстанымы емес. Өз­де­рінің жеке пікірлері. Қазақстан – Ресеймен сауда байланысы көле­мі жағынан бесінші орында тұр­ған мемлекет. Біз Қазақстанды өзімізден алыстатқымыз келмей­ді, Қазақстан да Ресейден жырақ­тауды қаламайды. Біз ешкімнің үл­кен ағасы не кіші ағасы емеспіз, тең құқылы серіктеспіз», деген еді.

Мәжіліс депутаты А.Құспан кейбір ресейлік депутаттардың сөздері популизм мен өзіне саяси капитал жинаудың ең қара­пайым әрі сорақы түрі екенін айтады.

«Біз мұндай жайттардың бә­рін ешқашан саясиландырмауы­мыз керек. Екі ел парламент төраға­лары да мұндай келеңсіздік­терді өз ішінде тоқтату туралы келіскен еді. Мұны мем­лекеттің саяси ұста­ны­мы деп қарауға бол­майды. Әр депутат одақ­тас елге, өз елі­не нұқсан келті­ретін сөздер­ден аулақ болуы керек», деді ол.

Бүгінде Ресей – біздің ең басты саяси және экономикалық одақ­тасымыздың бірі. Тәуелсіздік алға­лы бері екі ел арасында 300-ден аса құ­жатқа қол қойылған. Олар­­дың ең бастылары – 1992 жылғы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт және 2013 жылғы ХХІ ғасырдағы тату көр­шілік және одақтастық туралы шарт. А.Құспанның айтуынша, осы және өзге де 300-ден аса бірлескен құжат екі мемлекеттің татулығы мен ынтымағын нығай­татын берік негіз.

«Бізде барлық деңгейде қа­рым-қатынас жолға қойылған. Президент, Парламент, Үкімет деңгейінде байланыстарымыз бе­кем. Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасында өзара әрекет­тес­тік орнамаған сала жоқ. Тату көр­шілік деген осындай болса керек. Қа­зақтың «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деген сөзі де дәл осындай бауыр­ластық пен сыйластыққа қарата айтылғанына шүбә жоқ. Бұл – әр тарап үшін әрдайым жадында ұстайтын тағылым», деді депутат.