Мектеп • 22 Қараша, 2024

58 мектеп білім беру қызметін лицензиясыз жүргізген

83 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

58 мектеп білім беру қызметін лицензиясыз жүргізген

Фото: Ведомство

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен оның аумақтық департаменттері 2024 жылдың басынан бері жүргізген мониторинг барысында 58 мектептің білім беру қызметін лицензиясыз жүргізгенін анықтаған, бүгінде олардың 17-сі қойылатын талаптарға сәйкестендірілді. ҚР ӘҚБтК 463-бабы бойынша айыппұл салу туралы сот қаулылары шыққан. Аталған мектептер – Астана, Алматы қалаларында және Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында орналасқан.

«ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес барлық мектеп білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы тиіс. Лицензияның болмауы мектептердің талаптарға сәйкестігі бойынша тексеруден өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Білім беру ұйымдары білім беру қызметімен айналысуға лицензия алған сәттен бастап қана құқылы. Егер мектеп мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жабылуға тиіс», деп атап өтті комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.

Ведомствоның баспасөз қызметі нақтылағандай, лицензия алуға қойылатын негізгі талаптар тиісті материалдық-техникалық базаның, білікті педагогикалық құрамның болуын, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормалардың сақталуын, сондай-ақ білім алушыларға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды қамтиды. Аталған талаптарға сәйкес келмеу әкімшілік жаза қолдану мен қайталама бұзушылықтар болған жағдайда білім беру мекемесінің қызметін тоқтату үшін негіз болып саналады.

Естеріңізге салайық, мектептер бағыныстылығы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қарамағына жатады. Өз кезегінде аумақтық департаменттер өңірлік әкімдіктер мен білім басқармаларының басшыларына бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы ресми хат жолдады.