Музей төрінде қос пырақты тақ етіп, тәж киген қаған отыр. Таққа барыстың терісі жабылған. Тарихи-мәдени тұрғыдағы құнды артефакт ежелгі түркі қоғамының діни және саяси идеологиясын айшықтайды.
«Бұл – түркі қағанының реконструкциясы. Мүсінге көз салсаңыз, билікте отырғанын бірден байқайсыз. Киім үлгісі де ерекше, түркі кезеңіне тән. Ою-өрнектері мән-мағынаға ие. Бұл хан болғандықтан, тәжі де биік. Маңдайшасында жақұт тасын тістеген самұрық құсы бейнеленген. Ал мойнында алтынмен апталған гривна бар. Қаған қос пырақтың үстінде отыр. Ол уақытта тәңірге сенгендіктен, қос ат о дүниеде де қажет деп ойласа керек. Қолында сусын. Шашы тармақтала өрілген. Ұшына алтын шашпау таққан. Белдігі аң стиліндегі ою-өрнекпен бедерленген. Аяқкиіміне дейін алтын әшекеймен апталған. Сұқ саусағындағы таутеке суреті бар сақинаны мөр ретінде пайдаланыпты», деп түсіндірді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық көрмемен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Альфия Нұрланқызы.
Ол ғасырда адамды жерлемес бұрын өртеген көрінеді. Айтып өткендей, қағаннан қалған қалдық – белдік жапсырмасы ғана. Ерте орта ғасырлардағы ең маңызды археологиялық орын саналатын кешенге профессор Зайнолла Самашев қазба жұмыстарын жүргізіп, бірегей құрылымдық және тарихи артефактілерге тап болған. Қаған кешенінен қыш ыдыстар, ат-әбзелдері, қару-жарақ, қоладан жасалған тұтқасы бар шам мен табақ, кристалдан жасалған зооморфты тұмар, қола тоғалар мен белдік жапсырмалар сынды жәдігерлер кездескен.
Айтқандай, қағанның заманауи, ғылыми мүсінін белгілі суретші, этнограф-қарутанушы Қалиолла Ахметжан жасап, «Ұлы дала алтыны» экспозициясына ұсынған.
Шығыс Қазақстан облысы