Аймақтар • Бүгін, 08:20

Шаруасы шайқалмаған аудан

34 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл көктемде болған, су тасқыны Есіл ауданының көптеген ауылын басып қалды. Бұл тіршіліктің қалыпты ырғағын бұзып, өндірістік күштерді жөндеу мен жаңа үйлер салуға жұмсауға тура келді. Соның өзінде барлық келеңсіздік уақтылы игерілді.

Шаруасы шайқалмаған аудан

Соңғы үш жылда Есіл ауданына республика­лық, облыстық бюджеттерден 5 млрд 800 млн теңге, биыл 3 млрд 587 млн теңге бө­­­лінді. Осындай қаржылық қол­даудың арқасында ауданда биылғы жылдың он айында дамудың оң серпіні байқалады. Өнімнің барлық түрлерін өндіру ұлғайтылды, ин­фрақұрылымды дамыту артты, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасы жақ­сара түсті. Халықтың өмір сүру сапасының басты көр­сет­кіштерінің бірі жалақының өсуі десек, биылғы он айда орташа айлық жалақы 251 768 теңгені құ­рады, бұл өткен жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда 13 295 теңгеге артық, ал аудандағы негізгі өндіріс саласы ауыл шаруа­шы­лығында ол 264 140 теңгені құрады.

Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияровтың айтуына қа­рағанда, биыл аудан диқандары 300 мың гектарға жуық егістік алқабынан 446,2 мың тонна дәнді дақыл, 67,5 мың тонна майлы дақыл алған. Дәнді дақылдың гектар өнімділігі 21,2 центнерден болса, майлы дақыл гектарына 12 центнерден айналған.

«Диқандар егіс алқабын әр­та­раптандыру жұмысын да ес­керіп отырады. Биыл майлы дақылдар егу 9,1 мың гектарға ұл­ғай­тылып, барлығы 58 мың гектар алқапқа егілді. Сонымен қатар биыл 220 мың гектар егістік алқабына 18,3 мың тонна минералды тыңайтқыштар себілді. Бұл былтырғыдан 5 мың тоннаға артық. Диқандар сапалы сұрыптарды арттыруды 10%-ға жеткізді. Техникалық парк 4,9 млрд теңгеге жаңартылып, 250 бірлік жаңа техника сатып алынды. Осының бәріне Үкіметтің ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларының арқасында қол жеткізілді. Нәтижесінде бұрын-соңды болмаған көлем­де астық жиналды», дейді М.Мұ­хамедияров.

Ауданда бүгінге дейін әрқай­сында 400 сиырдан сауылатын – 3, әрқайсында 100 сиырдан сауылатын 2 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Биылғы жылдың 10 айында сүт өндірушілер 7147,8 тонна сүт өндіріп, көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 7 па­йызға арттырды.

Биыл аудан аумағында екі ин­вестициялық жоба іске асырылды. Соның бірін Кор­неевка ауылындағы «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС іске асырып, 11,7 млрд тең­­геге голштин-фриз асыл тұ­қымының 1300 сиырына арналған тауарлы сүт фермасын салып шықты. Толық қуатына енгенде бұл ферма 60 адамға жұмыс орнын ашып, жылына 7500 тонна сүт өндіретін болады. Келесі инвестициялық жобаны «Азия-Тораңғұл» ЖШС іске асырып, 4 млрд теңгеге 800 тұяқ симментал сиырын сауатын тауарлы-сүт фермасын салды. Жалпы биылғы он айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 19,4 млрд теңге болды. Бұл былтырғыдан 5 млрд 745 млн теңгеге артық.

Өнеркәсіп саласының өсімі былтырғы жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда тө­мен­деген. Мұның басты себебі аудан аумағынан қиыршықтас өндіру былтырғымен салыстыр­ғанда азайып қалған. Өңдеу өнер­кәсі­бінің өнімдері де төмен­деген. Биыл аудан аумағында «Қызыл­жар жолдары» ЖШС 800 млн теңгеге жылына 165 мың тонна асфальт шығара алатын асфальт-бетон зауытын салып шық­ты. Онда 12 жаңа жұмыс орыны ашылды. Мұндағы орташа еңбекақы 300 мың теңгеден артық болмақ.

Аудан өнеркәсібінің болашақ жетістіктері қатарында 2025-2028 жылдары салынып, пайдалануға берілетін 27 жел генераторларын айтуға болады. Бұл жобаны «Green Era company» ЖШС қолға алып отыр. Жоба құны 3 млрд теңге, қуаттылығы 200 М/Ватт болады.

Аудан аумағында кәсіпкер­лікпен айналысқысы келетіндер саны да жыл сайын артып келеді. Биыл олар 7 млрд теңгенің өнімін шығарады деп күтіліп отыр. Соның бірі «Береке» ЖК Гүлстан Жарасбаева биыл облыстық «Бір ауыл – бір өнім» байқауында шаруашылық сабынын шығару бойынша бірінші орын алды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына ұсынылғандардың арасында 1 млрд теңгенің 11 жобасы қолдау тапқан.

Жолдарды жөндеу жұмыс­тары да қарқынды дамып келеді. Биыл барлығы 60 шақырым жол жөнделді. Бұдан бөлек, алты ауылдың 30 шақырымға же­тетін кентішілік жолдары 1,3 млрд теңгеге жөнделді. Мем­лекеттік бюджет есебінен биыл халықтың әлсіз топтарына арналып 300 млн теңгеге 17 тұрғын үй салынған. Бұлардан бөлек, шаруашылық ұжымдары өз жұмыскерлеріне арнап 10 үй салған. Аудан орталығында «Ең­бек» бағдарламасына сәйкес қоныс аударғандарға арнап 53 млн теңгеге 29 үй салынған. Биыл аудан аумағына жалпы саны 124 адамы бар 31 отбасы қоныс ауда­рушы, 16 адамы бар қандастар көшіп келген.

Ауданда жалпы білім беретін 27 мектеп бар, оның 23-і шағын жинақталғандар. Оқушылардың жалпы контингенті 3 мыңға жуық, былтырғымен салыстырғанда 80-ге артық. Мектепке дейінгі дайындық сыныптарында 203 балдырған тәрбиеленеді. Сөйтіп 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100%-ды құрайды. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 1 жастан 6 жасқа дейін – 82,3%.

2024 жылы білім саласына 7 миллиард 170 миллион 824 мың теңге бөлінді. Аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру, білім беру нысандарын жөндеуге 2024 жылы 394,4 млн теңге бөлінді. Барлық білім беру мекемелері кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген. Осы мақсатқа ағымдағы жылы 50 миллион теңге бөлінді.

Жалпы сомасы 256 млн тең­геге Амангелді, Ясновка орта мектептері мен Қарағай негізгі мектебіне күрделі жөндеу жүр­гізілді. 3 пәндік кабинет сатып алынды: Заградовка орта мек­тебіне химия кабинеті, сондай-ақ жалпы сомасы 23,5 млн теңгеге №1 Явленка орта мектебіне биология, физика кабинеттері.

«Прометей-Агро» ЖШС-нің (Юрий Шоль) қаражаты есебінен Заградовка орта мектебінің аума­ғында шамамен 5 млн теңгеге өр­нектас төселді.

Ауданның емдеу-профи­лактикалық ұйымдарының же­лісі 50 төсектік стационардан, ауысымына 250 келушіге арналған емханадан, 5 дәрі­герлік амбулаториядан, 3 фельд­шерлік-акушерлік пункттен, 29 медициналық бекеттен тұрады. Бүгінгі таңда аудандық ауруханада 26 дәрігер, 151 орта ме­дициналық қызметкер жұмыс істейді. 2024 жылдың тамыз айында Николаевка ауылының дә­рігерлік амбулаториясына жалпы практика дәрігері жұмысқа орналастырылды. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында аудандық ауруханаға жалпы сомасы 210 млн теңгеге жуық медициналық жабдық сатып алынды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 98 млн тең­геге артық. «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы аясында 2024 жылы Николаевка ауылының дәрігерлік амбулаториясына жалпы сомасы 56 654,2 мың теңге қаржыға күрделі жөндеу жүргізілді.

Ауданда қызметі мәдени мұраны сақтауға, дамытуға бағыт­талған барлық меншік ныса­нындағы 46 мәдениет орыны жұмыс істейді. Биыл 170 млн теңгеден астам сомаға аудандық мә­дениет үйіне күрделі жөн­деулер жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ни­колаевка ауылында мәдени-демалыс орталығының ғимараты пайдалануға берілді.

«Ауылдың үздік мәдениет мекемесі» атағына арналған облыстық байқауда біздің ауда­н 2 жыл қатарынан Гран-при иегері атанды. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған буктрейлер байқауында Есіл ауда­нының балалар кітапханасы Гран-приге ие болды», дейді ауда­н әкімінің орынбасары Айнагүл Бектасова.

2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ясновка ауылдық мәдениет үйінің төбесіне 30 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда екен. Жо­балау-сметалық құжаттама дайын­далып, ведомстводан тыс сараптама жүргізілген.

Ауданда спортқа да үлкен мән беріледі. Биыл аудан орталығында «Ақ бидай-2024» ауыл спортының облыстық мерекесі өткізіліп, Есіл ауданының командасы бас жүл­деге ие болды. Қысқаша айт­қанда, Есіл бойындағы аудан­ның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Есіл ауданы