Еліміздің таеквондошы-лары бұған дейін де ірі жарыстарда ел атын әлемге танытып жүр. Алдағы уақытта да дәл осы қарқында шеберліктерін көрсететініне сенеді.
«Елімізде таеквондо спорты (WT) ересек спортшылар арасында да, балалар арасында да жақсы дамып келеді. Бұл жолғы чемпионаттың ерекшелігі, жарысқа төрешілік етуге Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия өкілдері келді. Қыркүйек айында Астанада халықаралық федерация мамандарымен бірлескен семинар өтті. Жиында елімізде төрешілерінің біліктілігін арттыру, халықаралық жарыстарда олардың санын көбейту жөнінде келіссөздер жүргіздік. Кез келген деңгейдегі жарысты әділ өткізу, әрбір спортшының толыққанды дайындығына қатысты барлық қажеттілікті қамтамасыз ету – міндетіміз», дейді таеквондо федерациясының президенті Құдрат Шамиев.
Жарыс «керуги» форматында ұйымдастырылды. Бұл таеквандоның басқа түрлеріне қарағанда ерекше. Онда тек физикалық дайындық қана емес, психологиялық төзімділік те маңызды рөл атқарады. Сондықтан әр спортшы өз шеберлігін барынша көрсете алуға тиіс. Жарыстың мақсаты – ұлттық құрама сапына ерлер мен әйелдер, жастар арасынан кіл мықтыны іріктеу.
«Таеквондо спорты бүгінде мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Еліміздің таеквондо федерациясына 20 өңірлік федерация кіреді. Жыл сайын ел көлемінде 100-ге жуық аймақтық, ұлттық, халықаралық деңгейдегі жарыстар өтеді. Таеквондомен елімізде 200 мыңнан аса адам айналысады. Олардың 116 мыңы – жас спортшылар. Сондай-ақ халық саны 500 мыңнан асатын мекендерде түрлі таеквондо секциялары жұмыс істейді», деп атап өтті таеквондо федерациясының бас хатшысы Айзат Қарашашев.
Жылдамдық, серпінділік, ептілік бұл спорт түрінде аса маңызды. Өз бағытына ұқсас жарыстар түрлерінен ерекшелігі – әр спортшының киімі электрондық датчиктермен жабдықталады. Сондықтан соққылар автоматты түрде есептеледі. Бұл өте ыңғайлы жүйе. Ол жеңімпазды объективті анықтауға мүмкіндік береді.
Қаблан Бейбарыс Қарасай ауданының таеквондо секциясына 13 жыл бұрын келген. Жаттықтырушылары бірден бала бойындағы жоғары әлеуетті байқайды. Қатарластарынан еңбекқорлығымен, қиындықты еңсеруге деген ынтасымен ерекшеленеді.
«Жасым 19-да, оның 13 жылын таеквондоға арнадым. Биыл Индонезияның Тангеранг қаласында өткен ашық Азия чемпионатында G-2 турнирінің жеңімпазы атандым. Жылдар бойы жаттығудың нәтижесінде өзімнің жекпе-жек тәсілімді қалыптастырдым. Қандай жағдай болсын мойымауды, қайта тұрып әрекет етуді үйреткен жаттықтырушым Жалғаc Орынбасарұлына алғысым шексіз. Алдағы уақытта Олимпия ойындарында жеңіске жетсем деген арманым бар», дейді спорт шебері Қаблан Бейбарыс.
Турнирдің алғашқы жеңімпаздары да белгілі болды. Ерлер арасында Алматы қаласынан Тамерлан Тілеулес, Жамбыл облысынан Бекасыл Ергеш, Шығыс Қазақстан облысынан Батырхан Төлеуғали жеңіс тұғырына көтерілсе, әйелдер арасында алматылық Айдана Құмартаева, астаналық Айша Әділбекқызы, түркістандық Назым Махмутова чемпион атанды. Жекпе-жек жарысы жалғасып жатыр.
Алматы облысы