Ақмола өңірінің климаттық жағдайы қысқы туризмді дамытуға қолайлы аймаққа жатады. Бурабай, Зеренді курорттық аймақтарындағы туристік нысандар қыс айларында экотуризм, спорт, сауықтыру бағытында келушілерге қызмет көрсетеді. Өңірде жұмыс істеп тұрған, жатын жайы дамыған, қысқы туризм қызметтерінің сан түрін көрсететін «Оқжетпес», «Алмаз», «Щучинский», «Террассалар паркі», «Самал», «Дискавери Бурабай», «Гранд Прикс», «Зерен», С. Сейфуллин атындағы шипажайлар ем алуға да, демалуға да қолайлы.
«Қыс мезгілінде турист тарту мақсатында шипажайларда жыл сайын көрсетілетін қызметтердің ауқымы кеңейіп, сапасы артып келеді. Оның ішінде мұз айдындары құйылып, шаңғы маршруттары салынды, сондай-ақ шаңғы, коньки, сноуборд, қарда жүретін көліктерді жалға беру орындары ашылып жатыр», дейді Щучье-Бурабай курортының қызметкерлері.
Ал әуесқой, кәсіпқой шаңғышыларға «Елікті парк», «Нұртау», «Ақ желкен» тау шаңғы курорты таптырмас орын екен. Экстремалды әуесқойларға «Rixos Borovoe» қонақүйінің аумағында «Экстрим парк» жұмыс істейді.
Қазір ішкі туристерді қызықтыратын орын – «Burabay Land» ойын-сауық паркі. Ол қысқы ойын-сауықтың бүкіл түрін ұсынып отыр. Айталық, хаски шана, атпен серуендеу, шанамен сырғанау, коньки тебу, квадрацикл, қарда жүретін көліктерді пайдалануға болады. Ойын-сауық саябағында ересектер мен балаларға арналған аттракциондар, шаман ауылы, фотосуретке түсу аймағы бар. Сондай-ақ кішкентай қонақтарға арналған «Аяз ата резиденциясы» жұмыс істейді. Отбасылық ойын-сауық саябағында жұртшылық ертегі әлеміне енгендей күй кешеді. Көптеген турист бұл саябаққа жыл сайын келіп тұруды дәстүрге айналдырған.
Ондағы мамандардың айтуынша, жыл сайын балалар ойын-сауық кешені базасында 50 мыңға дейін туриске қызмет көрсетіледі. Бұған қоса Щучинск қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығының аумағында халықаралық деңгейдегі жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Қыста мұнда кәсіби шаңғышылар мен спортшыларға арналып 20-дан астам спорттық іс-шара ұйымдастырылады.
«Ақмола облысы еліміздегі туризмді дамыту драйверлерінің бестігіне кірді. Өңірде туризмді дамыту аумағы жыл сайын кеңейіп келеді. Бурабай, Зеренді курорттарының орны ерекше. Өңірлік туризмнің даму қарқынын көтеріп тұрған Астана тұрғындары мен қонақтары», дейді Ақмола облысы туризм басқармасының өкілі Ерназар Құттығожин.
Оның айтуынша, Астана қаласының маңында да қысқы туризм қызметтерін ұсынатын бірқатар демалыс аймақтары бар. Соның ішінде Аршалы ауданындағы «Бейбарыс» демалыс базасына, Ақкөл ауданындағы «Arka tour» шаңғы базасына, «Shar Zhum» демалыс орталықтарына саяхаттайтындардың саны жылдан-жылға артып келеді.
Қала маңындағы демалысты одан әрі дамыту мақсатында Целиноград ауданында «Тау паркі» демалыс аймағының құрылысы (сырғанақтар, мұз айдыны, шаңғы, қарда жүретін көліктер, атпен жүру) қолға алыныпты. Астана секілді айналасында тауы жоқ жазық өңірге мұндай сырғанауға арналған орындар аз олжа емес.
«Сандықтау ауданындағы шаңғы-роллер базасында жыл сайын спорт ардагерлерінің дәстүрлі шаңғы марафоны өткізіледі. Өңірде «Four Seasons» күнтізбелік іс-шаралар жоспарына сәйкес, тұрақты негізде қыс мезгілі мен маусымаралық кезеңде курорттық аймақтарда спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады», дейді Е.Құттығожин.
Былтыр облыс әкімі Бурабайға бір жылда 1 млн шетелдік турист келгенін айтқан еді.
«Жыл сайын Щучинск-Бурабай шипажай аймағына әлемнің әр түкпірінен 1 млн шетелдік турист келеді. Жалпы, Ақмола облысының туристік кластерінде 600-ден астам кәсіпорын бар. Оларда 22 мыңнан астам тұрғын жұмыс істейді. 2023 жылы туристерді орналастыру бағытында 16,5 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл 2022 жылғыдан 29% көп. 2024 жылдың жоспарында 25 млрд теңгенің 30 жобасы тұр. Оның сыртында курорттық аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру жобалары да іске асады», деді өңір басшысы Марат Ахметжанов.
«Бурабай даму» ЖШС баспасөз қызметі желтоқсанның алғашқы онкүндігінде Бурабай курортында қысқы маусымның салтанатты жағдайда ашылатынын мәлім етті.
«Биыл курорттық аймақтағы «Қазақстан Лапландиясы» жаңартылып, есігін айқара ашып, қонақтарын кезекті мәрте қарсы алуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қыс мезгілінде Бурабай жұртшылықты саф таза ауасымен, коньки, шаңғы тебу, орманда серуендеу, мұзды ойып балық аулау сынды маусымдық қызықтарымен баурайды. Бурабайдың қыс мезгіліндегі сұлулығы туралы айтудың өзі артық, ол кез келген фототоптамаға лайық», дейді курорт қызметкерлері.
Көрікті аймақтың туризм әлеуетін дамытумен «Бурабай даму» ЖШС айналысады. Президент Іс басқармасына қарасты компания тоғыз жылдан бері Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы туризмді дамыту қызметін көрсетіп келеді. Абылай хан алаңы саябағындағы мультимедиялық интерактивті кешен, визит-орталық, «Burabay Land» ойын-сауық саябағы, хайуанаттар бағы, марал фермасы сынды нысандардың жұмысын осы кәсіпорын бақылайды екен.
Былтыр қысқы туризмге қамданыс барысында «Бурабай» ұлттық паркінде 470 тонна шөп, 135 мың бума жапырақ дайындалған. Биылғы дайындық бұдан да жоғары, қысқы туризмге тас-түйін әзір екенін айтады парк қызметкерлері.