
Осы кезде ойыма бір танысым келді. Ол ұзақ жыл тынбай такси жүргізді. Иә, кім такси жүргізушісі болмай жатыр дерсіз? Бірақ әлгі ағамның еңбегі адал еді. 2000 жылдары Алматыдағы интернаттардың бірінде оқыдым. Демалысқа шыға салып, ауылға қарай құстай ұшатынмын. Әрине, кейде сол ағамыздың жасыл «Жигулиіне» мінемін.
Жасыл «Жигули» он жылдан аса уақыт бір тынбады. Бүгін 380 шақырым жердегі ауылға барса, ертесі сол 380 шақырымды кері басып қалаға келетін. Қазір ойласам, жүрегім ауырады. Бір жылдың 365 күнінің 300 күні жолда болды дегеннің өзінде бір жылда 114 000 шақырымды артқа тастайды екен. Мұны 10 жылға көбейтсеңіз – 1 140 000 шақырым. Жер экваторының ұзындығы 40 мың шақырымнан сәл ғана асады. Сонда ағамыз 10 жылда жер шарын жасыл «Жигулиімен» 28 рет айналып шыққан болмай ма? Он жыл деген – ең аз көрсеткіш, одан кейін туысым қызыл «Аудимен» тағы он жыл жортты. Демек ағамыз алып жерді 56 рет орап шықты деген сөз. Бұл да менің тарапымнан кемітілген көрсеткіш болса керек. Осы еңбегінің өтеуіне не алды?
Бауырларын оқытты, тоқытты, ата-анасына көмектесті. Такси жүргізушісі болып тапқан ақшасы күнделікті күнкөрісінен асқан жоқ. Сонда да еңбек етіп, тер төгуін тоқтатпады.
Бүгінде мен жер шарын 56 рет айналып шыққандай, ағамыздың қажырына сүйсінемін. Тынбай тер төгіп, еңбек еткеніне разы боламын. Ол кісі бай болайын деп талпынған жоқ, бірақ кәсібіне адал болды. Қолынан келетін іспен жанын сала шұғылданды.
Туыс болғаннан кейін ағамыздың арғы бабаларының тарихын да жақсы білуші едім. Бабалары Аспантау елінде мыңғырған мал біткен бай болған. Атасы өткен ғасырдың 90-жылдары қайтыс болды. Аппақ сақалы бар, қунақы сары шалды көзім көрді. Үлкендер сол атамыздың бір уақиғасын жыр қылып айтатын еді. Бірде күбі құлап, ішіндегі қымыз төгіліп қалыпты. Сөйтсе әлгі атамыз құлаған күбіні тұрғыза салып, төгілген қымызды жердің шаң-тозаңына қарамай екі беттеп жата қалып сіміріп жатса керек. Мұны көргендер, «Ей, мұның не?» демей ме? Сөйтсе ол кісі «Ырыс-несібем жерге емес, өзіме бұйырсын» депті. Ал бүгін қарап отырсам, әулеттің сол ырыс-несібесі жасыл «Жигулилі» ағамызға бұйырғандай көрінеді.
Ағамыздың менен он жас үлкендігі бар еді. «Бауырларын жеткіземін» деп такси жүргізушісі болып жүріп кештеу, бізбен қатар үйленді. Тұңғыш балаларымыз да қатар дүниеге келді. Жеңгемізді де, Құдай бере салған, етек-жеңі кең адам. Көрген жерде құрақ ұшып көңілімізді табуға тырысады.
Інілерін оқытқаны өз алдына, салған үйін сатып, жарты ақшасын бауырларына берді. Сөйтті де, қызыл «Аудимен» жүріп, тағы үй салды. Оны да сатып бір үйін екеу жасады. Жақында ағамыздың шаңырағында қонақта болдым. Жиырма жыл бойы текке такси тізгіндемепті. Үй саудасымен жағдайын әжептәуір түзеп қалғаны байқалады. Көптен көш ілгері күн көріп жатқанына риза болдым.
Осы отбасыға қарап отырып, қалай еңбек етсеңіз, соған лайық берекеттің де дәмін тататыныңызды түсіндім. Қажыр, жігер, төккен тер қайтарымсыз қалмайды екен. Маған ол ағамыздың «жер шарын 56 рет айналып шыққан» еңбегіне лайық өмір сүріп жатуы адал ниет пен төккен терді өтеуіндей көрінеді.