Таным • 23 Қараша, 2024

Әлжанның алтын медалі

237 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1972 жылы 26 тамыз – 11 қыркүйек аралығында Мюнхен қаласында ХХ Олимпиа ойындары өтті. Аталған дүбірлі дода КСРО-ның құрылғанына 50 жыл толған даталы ­мерекемен орайлас келгендіктен, кеңес елінің спортшылары олимпиадаға «қара терін төгіп, қызыл қанын ағызып» ­да­йындалды. Нәтиже жаман емес, одақ құрамасы 52 алтын, ­27 күміс, 23 қола медальға қол жеткізіп, 57 мемлекет арасы­нан жалпыкомандалық бас бәйгені жеңіп алды.

Әлжанның алтын медалі

Әлжан Жармұхамедов. Олимпиада алаңы. 1972 ж. Мюнхен

Кезінде кеуде керіп айта алмадық, осы олимпиадада қазақ спорт тарихының алтын парағы ашылды. Кеңес баскетболшылары бұған дейін жеті олимпиаданың жеңімпазы атанып, 36 жыл бойы жан баласына дес бермеген америкалық баскетболшыларды ақтық минутта жеңіп, дүние дидарын жалт қарат­ты. Осы дүлдүлдердің арасында­ қазақтың апайтөс азаматы Әлжан Жармұхамедов жүрді. Сөйтіп, бұл жігіттің маңдайына «қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы» деген атақ бұйырды.

Осындағы Әлжан Мүсір­бекұлының өмір тарихына үңілсек: «1944 жылы 2 қазан күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданы, Табақсай ауылында дүниеге келген» деп жазылыпты. Бостандық ауданы 1956 жылы Өзбекстанның құрамына өтті де, Әлжан аға жатжұрттық болып шыға келді. Бірақ өзінің қазақ екенін әсте есінен шығарған емес. Қазақ­­тан шыққан тұңғыш Олимпиада чем­­­пио­­­нының туғанына биыл – 80 жыл.

рп

Әлжанның алтын медалі

Әлжан – өмір жолы өзгеше өрілген жан. Шағын мақаламен мұның бәрін түгендеп шығу мүмкін емес. Десе де, тарих ғылымдарының кандидаты, қа­зір­­гі таңда бірден-бір әлжан­танушы Қабибек Мұхитов жинақтаған жазбаларға сүйене отырып, мына суретте өздері­ңіз көріп отырған «Әлжан­ның алтын медалі» қазаққа қалай бұйыр­ғаны хақында ой өрбітсек.

«Ол тұста әлем елдері капитализм және социализм атты екі формацияға бөлініп, сая­си текетірес қызып тұрған шақ. Оның үстіне Екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанған жерде олимпиада өтпек. Сол себепті, кеңес елінің құрамасына айрықша міндет жүктелді. Мұның ішінде бас­кетболшылар біз де бармыз», деп әңгімесін бастаған екен Әлжан аға бауыры Қабибек Сәдірұлына айтқан естелігінде.

Сонымен... ішінде шебер ойыншы, ұлты қазақ Әлжан Мүсірбекұлы бар, кеңестік бас­кетболшылар дүбірлі додаға тыңғылықты дайындалады. Бұл реткі олимпиадаға лицензия алып келген 16 командадан төртеуі: «А» тобынан АҚШ пен Куба, «Б» тобынан КСРО мен Италия жартылай финалға шығады.

Қыркүйектің 7-сі күні жартылай финалда КСРО мен Куба ойнап, 67:61 есебімен кеңестік команда жеңіске жетеді. Екінші топтан АҚШ пен Италия ойнап 68:38 есебімен америкалықтар жеңеді. Сөйтіп, 10 қыркүйекке қараған түнгі сағат 12:00-де Мюнхен қаласының «Руди-Зедельмайер-Халле» аренасында КСРО мен АҚШ командалары алтын үшін айқасты бас­тайды. Ол заманда ойын ережесі 20 минуттан екі тайм ойналады екен.

Америкалықтардың қор­ға­нысы тас қамал. Зорға дегенде Александр Белов бесінші минутта айып добын салу ар­қы­лы есеп ашыпты. Іле Зураб Са­кан­далидзе көлденең ұшып бара жатқан допты қағып алып, себетке топ еткізеді. Ұпай саны 5:0.

Абыржып қалған амери­калықтардың бас бапкері Генри Айба ойын әдісін өзгертеді. Бұл да көмектесер түрі жоқ. Кеңес баскетболшыларының қарқыны үдеп барады. Бірінші таймның соңы. Есеп 26:21.

Екінші таймда бас бапкер атақты Модестас Паулаускасты ойынға қосады. Бұл жігіт соңғы бес жылда кеңестік «қызыл машинаның» капитаны болатын. Бертінде Сергей Белов өзінің «Движение вверх» атты кітабында: «...егер Паулаускасты алаңға ерте шығарғанда ойын басқаша болар ма еді. Паулаускас өзінің мүмкіншілігінің жартысын да пайдалана алмады», деп өкіне жазыпты.

Екінші таймның алғашқы минутында жүйкесі сыр берген АҚШ ойыншысы Дуайт Джонс грузин Михаил Коркияның басына шынтағымен қойып жіберді. Екі баскетболшы­ ұстасып қалып, алаңнан қуы­лады. Сол екі ортада допқа секірген Александр Беловтың шынтағы Джон Бревердің басына қаттырақ тиіп, анау құлап түсіп, тұрмай жатып алады. Сөйтіп, айып добы белгіленеді. Есеп теңеседі. Бірақ екінші таймның соңғы он минутында Әлжан Жармұхамедов лақ­тырған доп себетке дәл түсіп, кеңес командасы алға шығады.

Осы оқиғаны Әлжан аға­ның өз аузынан естіген журналист Талғат Батырхан былай деп баяндапты: «Біз он доп айырмашылығымен алға шыққанда, америкалықтар алапат комбинацияларға көшіп, адымымызды аштырмай қойды. Ойынның аяқталуына 36 секунд қалғанда олар есепті теңестіруге шақ қалды. Нақтылай түссек 49:48... Ар жағын айтсам күні бүгінге дейін қаным басыма тебеді. Кейін сол драмаға толы финалды таспадан талай көрдім. Қырсықты қойсаңшы. Сен тұр, мен атайын. Сергей Белов теп-тегіс жерде сүрінді, атақты Александр Белов албасты басқандай қолындағы доп­тан айы­рылды, ойда жоқта оңай олжаға кенелген Коллинз көмбеге қарай төтелеп тартты. Басқа амалы қалмаған Зураб Сакандалидзе екіленген Коллинзді етпетінен түсірсін... Жәбірленуші есесін жібермеді. Айып добының екеуін де торға дәл түсірді. Есеп: 50:49. Америкалықтар аспанға секірді. Енді бәрі кеш еді. Асыл арманымызға айналған Олимпиада алтыны көзден бұл-бұл ұшты. Бітті...

Жоқ... қызықтың көкесі алда екен, айқай-шумен ойын аяқталуына әлі үш секунд бары анықталды. Бас бапкеріміз Кондрашин бір минуттық үзіліс алды. Қайран Владимир Петрович сын сағатта сыр алдырмайтын сабаз еді ғой. «Жігіттер, жігерлеріңді жасытпаңдар, сәтін салса жеңеміз!» деді.

Ең соңғы амал екенін ұққан Иван Едешко допты алаңның ана бетіндегі Александр Беловқа қарай жанұшыра лақтырды. Анау да атылуға дайын тұрған мылтық екен, мүмкіндікті мүлт жібермеді. Солайша кеңес бас­кетболшылары тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атандық».

 

* * *

Қазақ спорт тарихындағы тұңғыш алтын медальға Әлжан аға осылай қол жеткізген екен.

Әңгімені әрі қарай сабақ­тайық. Америка командасы ойын нәтижесіне наразылық танытады. Істі әділ шешу үшін мажар маманы Ференц Хепп бастаған қазылар алқасы кеңес құрады. Түнгі 02:00-де басталған тартыс таңғы 07:00-ге дейін жалғасады. Таңертең доктор Ф.Хепп бөл­меден шығып, «Қазылар алқа­сының шешімі бойынша КСРО командасы жеңіске жетті!» деп хабарлайды. Шешім жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асқан екен. Бес адамның үшеуі КСРО-ға, қалған екеуі АҚШ командасына дауыс берген.

«Ертеңінде түс қайта сағат 15:00-де марапаттау рәсімі жоспарланады. Бірақ аме­рикалықтар ХОК-ке нара­зылық жазып, марапаттауға қатысудан бас тартады. Дау қайта қозады. Сол күні түн ортасында «КСРО баскетболшылары жеңімпаз деп танылсын!» деген ХОК-тың жауабы келді», дейді Әлжан аға Қабибек інісіне айтқан естелігінде.

P.S. Мына фотодағы алтын медальдың иесі Әлжан аға 2022 жылы бақилық болды. Заман озған сайын осындай тарихи жәдігердің ақыиесі уақыт қойнауына сіңеді де, нағыз иесі сол тұлғаны туған халқы болып қалады. Демек бұл алтын медаль қазақ халқына тән. Оны атақты баскетболшының құдай қосқан қосағы Лариса Петровна Жармұхамедова (Новикова) мен қос ұлы: Владислав пен Сергейге қадап айтар қазақ болса, олар сөз жоқ иланады. Біз пақырда мынадай ұсыныс бар: алтын медальды алып келіп, елорда төріндегі Ұлттық музейдің қабырғасына іліп қойсақ. Жақсы емес пе? Елге мұра, ұрпаққа үлгі.