31 Қаңтар, 2015

Оның не айтқысы келді екен?

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Шарайна Нидерландтың Хилверсум қаласындағы «NOS» ұлттық телекомпаниясының студиясына тапаншамен қаруланған адам басып кіріп, өзіне эфирге шығуға мүмкіндік жасауын талап еткен. imago 62932255Қара костюм-шалбар киіп, галстук таққан ол телеарна студиясына жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00 шамасында күзетшіні тапаншамен қорқытып кірген. Сондай-ақ, ол «әлемдік маңызы бар мәселе» жөнінде айтқысы келетінін мәлімдепті. Әлгі адам «бізді арнайы қызмет жалдады» деп те қосқан сияқты сөзіне. Көп кешікпей оны полиция тұтқындап, қолына кісен салды. Оқиға салдарынан телехабар тарату біраз уақытқа тоқтап қалды. Христиан автономиясын құруды ұсынды Америкалық сенаторлар Ирактың Ниневии аңғарында христиандар үшін автономиялық провинция құруды ұсынды. Ирактық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 17 сенатор АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керриге хат арқылы осындай ұсыныс білдірген. Хатта, сондай-ақ, америкалық биліктің Иракта тұратын хрис­тиандарды қудалауды тоқтатуға ықпал етуі керектігі де көрсетілген. Өткен жылы «Ислам мемлекетінің» содырлары Ниневии аңғарындағы христиан­дарды қуғынға ұшыратып, 200 мыңға жуық адам Ирактың Күрдіс­тан аумағына қоныс аударуға мәжбүр болған еді. Атап өтейік, өткен жыл­дың басынан бері белсенді қимыл танытқан «Ислам мемлекеті­нің» содырлары Ирак пен Сирияның біраз жерлерін басып алған болатын. Ресми түрде қаза тапқан деп танылды Өткен жылдың 8 наурызында із-түзсіз жоғалған малайзия­лық ұшақ бортындағы жолаушылар ресми түрде қаза тапқан деп танылды. Бұл жөнінде Малайзия азамат­тық авиация департаментінің басшысы А.Рахман мәлімдеді. Сонымен қатар, ол ұшақта болған оқиғаны кездейсоқ жағдай деп атады. Оның сөзіне қарағанда, ұшақтың сынықтары да табылмады. Бірақ, ел билігі ұшақты іздестіру жұмыстарын жалғастыра бермек. «Боинг 777» ұшағының бортында 14 мемлекеттің 227 жолаушысы және 12 экипаж мүшесі бар еді. Қазірге дейін ұшақтың қандай жағдайға ұшырағаны белгісіз болып отыр. Ұлыбритания «бұзды» дейді, ал Ресей... Ресейдің Ұлыбританиядағы елшісі Александр Яковенко Ресей әскери әуе күштерінің ұшағы халықаралық норманы бұзды деген айыпты жоққа шығарды. шарайна-2Дипломаттың мәлімдеуінше, Ресейдің Ту-95 МС екі бомбалаушы ұшағы Ла-Манш бұғазының үстімен ұшу кезінде ұшуды реттеу ережесін қатаң сақтаған. Осы оқиғаға байланыс­ты бейсенбі күні ресейлік дипломат екі әскери ұшақтың «Біріккен Корольдіктің әуе шекарасына жақын ұшуына» қатысты түсінік беруі үшін Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігіне шақырылған еді. Ресей дипломатиялық миссиясының хабарламасында «британдық тараптың алаңдауы түсініксіз» екендігі, әскери екі ұшақ Атлант мұхиты үстімен патрульдік қызметті атқару барысында халықаралық норма ережесінен ауытқымағандығы айтылған. Дерек көздеріне қарағанда, осыған байланысты Корольдіктің әскери әуе күштері ең жоғары дайындық деңгейіне келтірілген. Отыз үш автомобильді «бүлдірді» Аргентина астанасы – Буэнос-Айрестегі Хенераль-Пас деп аталатын автокөлік жолында жөндеу қызметінің жүк тасымалдаушы көлігі 33 автомобильді қара шайырмен (смола) «көмкеріп» тастады. Күрежолмен жүйткіп келе жатқан жүк машинасы техникалық ақаулығына байланысты қарсы жолақтағы автомобильдерге шайырды бүркіп, шаша бастаған. Соның салдарынан шайыр 30 адамға тиген, олардың оншақтысы әртүрлі дәрежеде жарақат алыпты. Ауруханаға жатқызылғандар да бар. Жедел жәрдем қызметінің басшысы А.Кресчентидің айтуынша, жарақаттанғандардың көпшілігін күйік шалған. Өмірлеріне қауіп жоқ. Президенттікке кандидатты анықтай алмауда Қаңтар айының ортасында Италияның 89 жастағы президенті Джорджо Наполитано отставкаға кеткен еді. Ел конституциясы бойынша президентті елдің парламенті сайлайды. шарайна-3Президент сайлауының бірінші туры 29 қаңтарға белгіленген болатын. Биліктегі Демократиялық партия мен экс-премьер Сильвио Берлусконидің жақтастары өздерінің президенттікке кандидаттарын анықтай алмағандықтан, сайлау кейінге қалдырылды. Қазірше ресми түрде бір кандидат қана белгілі болып отыр. Ол – оппозициялық «Лига Севера» мен «Братья Италии» партиялары ұсынған журналист Витторио Фелтри. Ал С.Берлускони осыдан екі күн бұрын президенттікке кандидат ұсыну мәселесі талқыланып жатқанын мәлімдеген еді. Француз тауарларын сатып алмауға шақырды Қырғызстандық мұсылмандар тұрғындарды «Шарли Эбдо» журналында жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасына қарсылық ретінде француздық тауарларды сатып алмауға шақырды. Қазіргі кезде Қырғызстанның Ош облысында Пайғамбарға сүйіспеншілік апталығы өтіп жатыр. Облыстың барлық мешіттерінде Пайғамбардың өмірі кеңінен таныстырылуда. Осыған байланысты Ош облысының Ноокат ауданында «Мен өзімнің Пайғамбарымды сүйемін» деген атпен митинг өтті. Оған қатысушылар тұрғындарды француз тауарларын сатып алмауға шақырды. Қысқа қайырып айтқанда: *Сирияға қатысты келіссөздердің екінші раунды Мәскеуде ақпанның соңында немесе наурыздың басында өтуі мүмкін. Мұны сириялық оппозицияның өкілі Кадри Джамиль мәлімдеді. * Ақ үй өкілі Джош Эрнест АҚШ Кубадағы Гуантанамо әскери-теңіз базасы аумағын қайтармайтынын атады. Гуантанамодағы базаны қайтару жөніндегі сұраққа ол «жоқ» деп жауап беріпті. * Сальвадорда полицейлердің жүргізген рейді барысында көше бандыларының 117 мүшесі ұсталды. Олардан ірі көлемде қару-жарақ пен оқ-дәрі алынды. * АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керриге тұра­тын үйінің айналасындағы қарды тазаламағаны үшін 50 доллар мөлшерінде айыппұл салынды. Баспасөз хатшысы оның бұл айыппұлды ризалықпен төлейтінін айтқан. Интернет материалдары негізінде әзірленді.