Айбын • 26 Қараша, 2024

«Айбын» полкі сарбаздармен толықты

74 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің әскери бөлімдерінде биылғы күзгі шақырылымның мерзімді әскери қызмет сарбаздары әскери ант қабылдады.

«Айбын» полкі сарбаздармен толықты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әскери өмірдегі ерекше есте қалатын жауынгерлік рәсімдердің бірі әрі маңыздысы – әскери ант қабылдау салтанаты. Бұл күн – елдің амандығы мен мемлекеттің қауіпсіздігі сеніп тапсырылған, халық пен Президент зор сенім артқан сарбаз үшін өзіне өмірлік жауапкершілік жүктейтін қасиетті сәт. Сондықтан бұл рәсім күнделікті өтіп жатқан іс-шаралардың қатарынан емес. «Егер мен өзім қабылдаған әскери антты бұзсам, онда Қазақстан Републикасының зандарында белгіленген қатаң жазаны өтуге әзірмін», деп аяқталатын әскери ант­тың мәтінінде қаншама жауап­кер­ші­лік, Отанға деген адалдығың мен ер азамат ретіндегі жауынгерлік пары­зың сыналатын сәттерде сынып кетпеуге жігерлендіретін рух жатыр.

Еліміздің әр өңірінен сайдың тасындай іріктеліп жа­сақ­­талған «Айбын» президент­тік полкі әскери қызметшілерінің ант беру салтанатты рәсімі Астана қала­сындағы «Отан қорғаушылар» мону­менті алдындағы алаңда өтті. Барын­ша әскери сән-салтанатпен өткен жиын­ға келген жас сарбаз­дардың ата-аналары мен туған-туыс­тарының да қарасы қалың болды.

Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің, яғни «Айбын» пре­зиденттік полкі қатарына шықыртылған 200-ден аса сарбаз биыл күзгі шақырылым бойынша мерзімді әскери қызмет сарбаздары еліміздің барлық аймағы мен республи­ка­­лық маңызы бар қалаларынан іріктеліп алын­ған. Олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында даярлық курсынан өткен.

Салтанатты рәсімде Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрық­ша мақсаттағы күштердің қолбасшысы, генерал-майор Айтқұрман Омарбеков сар­баздардың нағыз әскери өмірге басқан қа­дамына құт-береке тіледі.

– Бүгін бәріміз үшін маңызды оқиға сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсіміне куә болдық. Жас жауынгерлер «Отанымды қорғаймын» деп жауапкершілік алды. Бұл қасиетті борыш – әр азаматтың парызы. Биыл Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов­тің және Рейхстагқа алғаш болып ту тік­кен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 ­жыл толды. Сіздер осы батыр аталарымыз­дың жолын абыроймен жалғайды деп сене­мін. Біздің қатарымызда әскери істің қыр-сы­рын үйренесіздер әрі үлкен өмір мектебі­­нен өтесіздер. Жауынгерлік жолда бір-біріңіз­ге серік, тірек болыңыздар, – деді генерал-­майор А.Омарбеков.

Сондай-ақ қарашада жауған қардың қара суығына қарамастан, немересінің қолына қару ұстап, Отанын  қорғауға серт берген сәтін көруге келген жасы 73-тегі ақсақал Жеткерген Кенжебаев та ел қорғаны болуға бекінген балаларына ақ жол тілеп, батасын берді.

–  Мен де өздерің секілді керзі етік киіп, Отан алдындағы борышымды екі жыл Свердловск қаласында өтедім. Одан жаман болған жоқ­пын, өмірлік азық болар көкейге көп нәрсе түйіп қайттым. Балаларым, қабылдап жат­қан анттарыңа адал болып, жауынгерлік мін­­деттеріңді лайықты атқарыңдар. Еліміз­дің намысты да қайратты ер жігіті болып шыңдалың­дар. Шынын айтқанда, Мем­ле­кеттік күзет қызметі қатарында әскери мін­детті атқару – көп жігіттің арманы. Бір жыл отбасы­ларыңнан жырақта болу, тәртіпке ба­ғыну, командирлеріңнен керек дүниелерді үйрену – осының бәрі сендер үшін үлкен тәжірибе, үлкен абырой. Біз өздеріңе сене­міз. Аман болыңыздар, халқыңа қадірі ас­қан, мәртебесі биік азамат болыңдар, – деді қатардағы жас жауынгер Ислам Бек­сұл­танұлының атасы Жеткерген ақсақал.

Ант қабылдауды Отанға, халқыңа адал қызмет ету, тіпті ел басына күн туған шақта жан қиюға дейін сапта болу деп түсінетінін жеткізген қатардағы жауынгер Асқар Серік те елімізді қорғауға ант еткен қатарластарына жүрекжарды лебізін білдірді.

– Отан-Ананы қорғау ең асқақ парыз, абыройлы міндет екенін біле отырып, бү­гін біз, жас айбындықтар, салтанатты түр­де ант қабылдадық. Ант қабылдау – Ота­нына, халқына адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демі қалғанша қор­ғау. Қажет болса, жан қию деп білеміз. Осы­лайша, ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек ата-бабаларымыздың ерлік жо­лын жалғастырушыға, ел қорғанына, сенім ар­қалаған азаматқа айналдық, – деді қатардағы жауынгер И.Бексұлтанұлы.

Осы күні ант қабылдаған 200-ге тарта жас сарбаз енді МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқара жүре тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске машықтанып, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.

Мемлекеттік күзет қызметі 0112-әскери бөлімінің 6-басқармасы 1-бөлімінің аға күзет офицері, аға лейтенант Ержан Бек­болатов­тың айтуынша, әбден іріктеуден өткен бұл мерзімді қызмет сарбаздары МКҚ «Ай­бын» президенттік полкі атқаратын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасы эталондарын күзе­ту, Мемлекет басшысының қатысуы­мен өте­тін хаттамалық іс-шараларға қаты­су, күзетіле­тін тұлғалар мен нысандар­дың қауіпсізді­гін қамтамасыз ету секілді маңызды міндет­терді атқармақ.

– Айрықша мақсаттағы күштердің қата­рына 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспай­тын, білімі орта білімнен төмен емес, ден­саулығы жақсы кез келген азамат қосыла алады. Десе де іріктеу кезінде жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі. Мерзімді әскери қызметті Мемлекеттік күзет қыз­меті қатарында атқару жас азаматтар үшін нағыз ерлік мектебі болмақ. Жастар үшін бұл кезең әрі қарайғы мансап жолын жалғастыру­ға негіз, әлеуметтік саты болуы мүмкін, – дейді аға лейтенант Е.Бекболатов.

Салтанатты жиын барысында қаты­су­шыларға епті де сом білекті жауынгерлер­дің қоян-қолтық ұрыс тәсілдері, қару-жарақ­пен саптық өнер көрсету элементтері көрсетіл­ді. Ал жиын соңында дәстүр бойын­ша сарбаздардың туыстарына әскери бөлім­дерге экскурсия ұйымдастырылды. Еліміз­дің әр өңірінен келген ата-аналар ұлдары­ның оқу сыныптарын, казармаларын, асхана­лар мен тұрмыстық бөлмелерін аралап көр­ді. Сондай-ақ командирлермен де емен-жар­қын әңгімелесу іс-шарасы ұйымдастыры­лып, ­ата-аналар өзін қызықтырған сұрақта­рын қойып жатты. Оған қоса қалған уақыт­ты ата-аналар ұлдарымен бірге өткізіп, кө­ңілі көтеріліп қалды.