АСТАНА. 31 қаңтар. Астаналық «Барыс» өз айдынында Мәскеудің ЦСКА-сын қабылдап, 1:5 есебімен есе жіберді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Бүгінде ЦСКА Құрлықтық хоккей лигасының Батыс конференциясында жеке дара көш бастап тұр. Тіпті Шығыс конференциясының көшбасшысы қазандық «Ақ барстың» ЦСКА-дан 12 ұпайы кем. Әзірге ҚХЛ-дамәскеуліктерге тең келер команда табылар емес. Сол себепті де Астанадағы кездесуде ойын тізгінітолығымен қонақтардың қолында болды. Бұл ойынға ЦСКА-ның көшбасшы ойыншысы Александр Радулов қатыспағанын айта кетейік. Бас бапкер Дмитрий Квартальнов бұл жолы оған демалыс берген екен.
Тартыстың небәрі 6-минутында мәскеуліктер ойыншы басымдығына ие болды. Қақпа маңындағы қарбаласта «Барыс» қақпашысы Павел Полуектов қарсыласын ойын ережесінен тыс әдіспен тоқтатқаны үшін екі минуттық айып уақытымен жазаланды. Соған сәйкес біздің команда сапындағы бір ойыншы айдыннан қуылды. Десек те, бұл басымдықты ЦСКА ойыншылары пайдалана алмады. Тіпті, арада бір минут уақыт өткенде өздері де 4 ойыншымен қалуға мәжбүр болды. Қарсыласын қолындағы таяғымен ұрғаны үшін ЦСКА хоккейшісі БогданКиселевич айыбын өтейтін орынға аттанды.
Ойынның 11-минутында қонақтар есеп ашты. Роман Любимовтан пас алған Максим Маминбіздің қақпаны дәл көздеді. Гол жіберіп алғаннан кейін Андрей Назаров қақпашыны алмастарып, Полуектовтың орнына ЯнЛацоны шығарды. Бәсекенің 13 және 14-минуттарында «Барыс» сапынан Николай Антропов пен Максим Семенов бірдей айдыннан қуылып, қонақтар екі ойыншы басымдығына ие болды. Үш ойыншымен қалған астаналықтар ЦСКА-ның шабуылына 22 секунд қана шыдап тұра алды. Лацо қорғаған қақпа маңында ұрымтал сәтті іздеген ЦСКА ойыншылары 15-минутта екінші шайбаларын соғып, есепті еселеді. Бұл жолы мергендігімен көзге түскен Сергей Андронов.
Екінші кезеңде ойын өрнегі өзгеріссіз қалды. Уақыт өткен сайын мәскеуліктер қарқындарын күшейтіп, келесі үзіліске дейін үш шайба соғуға мүмкіндік тапты. Алдымен 25-минутта Стефан да Коста есепті 0:3-ке жеткізсе, арада 7 минут уақыт өткен кезде Никита Зайцевтің қанжығасы майланды. Бұл кезде ЦСКА-ның бір ойыншысы артық болғанын айта кетейік. Н.Антропов тағы да екі минуттық айып уақытымен жазаланған еді. Ал кезең аяқталар тұста Р.Любимов командасының бесінші шайбасын соғып, мәскеуліктер айқын басымдыққа ие болды.
Осылайша алғашқы екі кезеңде ойын тағдыры шешіліп қойды. Алайда, «Барыс» үшінші кезеңнің басында есепті қысқартар тамаша мүмкіндікке ие болған еді. Кезең басталған бетте ЦСКА сапынан екі бірдей ойыншы айдыннан қуылды. Өкінішке қарай, 5х3 форматында ойнаса да айдын иелері бұл мүмкіндіктен еш нәтиже шығарған жоқ. Тек 44-минутта «Барыс» ойыншылары жалғыз шайба соғудың жолын тапты. Найджел Доус пен Брэндон Боченски ұйымдастырған шабуылға нәтижелі нүкте қойған Майк Ландин ЦСКА қақпасынан саңылау тапты. Қалған уақытта есеп өзгермей, қонақтар кезекті үш ұпайын қоржындарына салды.
ЦСКА-ның қаншалықты басымдыққа ие болғанын мына бір жайттан да білуге болады. Қонақтар 60 минуттың ішінде 53 мәрте біздің қақпаға дәл соққы жасаған. Соның 5-уі голға айналса, 48-ін қақпашылар Полуектов пен Лацо қайтара білген. Ал өз кезегінде, «Барыс» ойыншылары 26 дәл соққы жасап, соның біреуінен ғана нәтиже шығара білді.
Сонымен қатар, жанкүйерлер бұл кездесуде «Барыс жолбарысы» атанып жүрген Дамир Рыспаев пен ЦСКА алыбы ЕвгенийАртюхиннің арасындағы теке-тіресті күткен еді. ҚХЛ-да Артюхиннің жұдырығына төтеп берер хоккейші жоқтың қасы. Ал 19 жастағы Рыспаев жанкүйерлерге енді таныла бастаған «жас бөрі». Сондықтан қос тафгайдың төбелесін күткендер көп болды. Дегенмен, ойын барысында ондай қақтығыс тіркелмеді.
«Барыс» бұл жеңіліске қарамастан, Батыс конференциясындағы 6-орнын сақтап қалды. Келесі қарсыласымыз «Сочи» командасы. 4 ақпан күні болатын аталмыш ойынды астаналықтар сырт айдында өткізеді.
Айта кетейік, «Барыс» енді 6 кездесу қатарынан қонақта ойнайды. Тек 20 ақпан күні өз айдынына оралып, Новокузнецкінің «Металургін» қабылдайды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: hcbarys.kz.