Фото: Н.Байбулин
Сенаттың баспасөз қызметінің ақпаратынша, іс-шара барысында адамзатты алаңдатқан өзекті проблемалар және оларды еңсеру жолдарын жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Палата Спикері Форум алаңында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесулер өткізді.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Жаһандық форумға қатысушыларға ілтипат білдіріп, бүкіл адамзаттың игілігі үшін халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогты ілгерілету жолында Альянстың миссиясы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Қазақстан мен БҰҰ Өркениеттер альянсының көпжылдық серіктестігін де жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Ұйымның білім беру, жастарды дамыту, көші-қон, әйелдердің рөлі және БАҚ мәселелеріне қатысты халықаралық түйткілдерді шешуге арналған игілікті істеріне назар аударды. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті арттыру үшін халықтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру жолындағы жетістіктер де сөз болды.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер альянсы елдер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, сондай-ақ, жауласуды, алалауды және ксенофобияны еңсеруге ықпал етеді. Біз Альянспен арадағы көпжылдық серіктестігімізді жоғары бағалаймыз. Қазақстан Альянстың Достар тобының мүшесі ретінде оның іс-шараларына белсенді қатысады және осы ұйымның бастамаларын әзірлеп, іске асыруға өз үлесін қосады. Біз алдағы уақытта да БҰҰ-ның өркениетаралық диалогты көздейтін мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға үлес қосуға дайынбыз. Альянстың мәдениеттерді жақындастыру, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру, діни, нәсілдік және этникалық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы ұстанымын қолдаймыз. Батыс пен Шығыстың тоғысқан жерінде орналасқан Қазақстан ежелден халықтарды, мәдениеттер мен діндерді байланыстыратын географиялық және өркениеттер көпірі рөлін атқарып келеді», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері адамзаттың дамуы жолында бейбітшілік пен толеранттылық идеяларын ілгерілету үшін Қазақстанның халықаралық аренада белсенді қолданып келе жатқан тәсілдеріне тоқталды. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі мәдениетаралық және дінаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға арналған жаһандық іске еліміздің қосқан үлесі екені айтылды. Бұл бастама БҰҰ Өркениеттер альянсының мақсаттарымен үндес және олардың миссиясы мен басымдықтары да ортақ екенін атап өткен жөн.
«Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс қажет екенін айтты. Шын мәнінде, халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі жүйесі бүгінгі қалыптасқан ахуалға жеткілікті деңгейде сай келмейді. Мұндай жағдайда бейбітшілікті, келісім мен өзара сенімді нығайтуға арналған діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлескен күш-жігері ерекше өзекті екені анық. Осы орайда Өркениеттер альянсының Жаһандық форумы аталған бағытты тағы бір пысықтап, идеялар алмасуға, бейбітшілік, диалог және келісімді ілгерілету тәсілдерін талқылауға мүмкіндік береді. Бұл Форум қазіргі таңда халықаралық қоғамдастықтың алдында тұрған іргелі проблемаларды шешу жолында да күш біріктіруге оң септігін тигізеді деп сенемін», деді Мәулен Әшімбаев.
Форум барысында қатысушылар діннің әлемдегі сындарлы және маңызды рөлін ескере отырып, дін көшбасшылары жаһандық сын-қатерлерді талқылауға белсенді жұмылдырылуы керектігін айтты. Бұл ретте геосаяси шиеленістер, қарулы қақтығыстар, сауда соғыстары, климаттық проблемалардың ушығуы, жалған ақпараттың кең таралуы және дәстүрлі адами құндылықтардың құнсыздануы сияқты сын-қатерлер сөз болды.
Сондай-ақ бүгін Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен екіжақты кездесу өткізді. Онда тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығының басым бағыттарына назар аударды және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы проблемалар мен қазіргі таңдағы өзекті сын-қатерлерді талқылады.
«Қазақстан БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуде әлемдік қоғамдастықтың қалып келе жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу біздің ұлттық басымдығымыз. Соңғы онжылдықтағы айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, жаһандық сын-қатерлер даму қарқынының баяулауына әкеліп соқты. Сондықтан алдағы онжылдықта маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін бірлесіп, шешуші қадам жасаудың мәні зор. Бүгінде Қазақстанда даму мақсаттарына сай бастамалар белсенді түрде іске асырылып келеді. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау және экологиялық тұрақтылық салаларындағы игі істерді айрықша атап өткен жөн. Осы бағытта тәжірибе, білім және ресурстар алмасу арқылы біз барынша әділетті әрі дамыған әлем қалыптастыру жолында бірлесіп нәтижелі жұмыс істейміз деп сенеміз», деп, Сенат Төрағасы ОДМ-ның іске асырылуына мониторинг жүргізу және басқа да бағыттар бойынша Парламенттің қызметі жөнінде айтты.
Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Антонио Гутерришке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» атты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне шақыруды табыс етті.
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Мемлекет басшысының орнықты даму бойынша жүргізіп келе жатқан саясатын жоғары бағалап, Қазақстанның жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздейтін бастамаларын одан әрі қолдауға дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мохаммед Абдельсаламмен және ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің күн тәртібі және өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.