30 Сәуір, 2015

Қостанайда саяси партия өкілдері бас қосты

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_1624ҚОСТАНАЙ. 30 сәуір. Қостанай облыстық баспасөз клубында ішкі саясат басқармасы Қазақстан халқы бірлігі күні және Жеңістің 70 жылдығы мерекелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Оған қатысқан түрлі партиялар өкілдері облыс халқына осы айтулы мерекелерге орай құттықтау хат жолдады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Облыстық ішкі саясат басқармасы мұрындық болған дөңгелек үстел мәжілісіне «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серәлі Ахметов, Қазақстан коммунистік халық партиясы облыстық комитетінің хатшысы Алпысбай Әлімбаев, «Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы» облыстық филиалының төрағасы Сергей Богатырев, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Алма Көшенова, «Бірлік» партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Ешманов, «Ақжол» демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қанатбай Сейсенбаев қатысты. Қатысушылар алдымен  елімізде Президент сайлауының әділ өткенін айтып, Қазақстан халқының Нұрсұлтан Назарбаевты таңдауын өте дұрыс шешім деп білді. Елбасының дана саясатының арқасында Қазақстанда бірлік пен тыныштық салтанат құрып келеді. Сондықтан партиялар өкілдері қостанайлықтарды алдымызда келе жатқан Қазақстан халқы бірлігі мерекесі мен және Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады. Олар дөңгелек үстел мәжілісінде осы құттықтау хатқа қол қойды. «Ұлы Отан соғысы біздің ортақ тарихымыз, біздің Отанның тарихы. Тыныштығымызға сына қаққысы келетін кейбіреулер біздің тарихымыздың өзінен ілік тапқысы келеді. Біз қай партия болса да елдің тыныштығын сақтауға атсалысуымыз қажет. Бүгін қостанайлықтарға бірігіп жазып отырған мерекелік хатымыз сондай игі жұмыстарымыздың бірі деп білеміз», – деді «Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы» облыстық филиалының төрағасы Сергей Богатырев. Түрлі партиялар облыстық филиалдары жетекшілерінің құттықтау хаты жергілікті баспасөзде жарияланатын болады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділда Мақанов еліміздегі түрлі партиялар жергілікті филиалдарының бірігіп, тұрғындарды құттықтауы Қостанайда алғаш өткізіліп отырғанын айтты. Нәзира Жәрімбетова Дерек, сурет: egemen.kz.