Аймақтар • 27 Қараша, 2024

Тарихи өңірдің торқалы тойы

22 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қасиет дарып, құт қонған Жамбыл өңірінің құрылғанына 85 жыл толды. Тамырын тарауы мен тағылымы мол тарихқа байлаған өңірдің торқалы тойы кең көлемде аталып өтті. Мерейтойға арналған іс-шараларға еліміздің игі жақсылары жиналып, жүрекжарды лебіздерін айтты.

Тарихи өңірдің торқалы тойы

Суретті түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН

Іс-шаралар легі халықаралық ғы­­лыми-тәжірибелік конферен­ция­мен басталды. Келелі басқосу­ға өңір басшысы Ербол Қарашө­кеев, Президент кеңесшісі Мә­лік Отарбаев, Сенат, Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік коференцияда алғаш сөз алған Президент­ кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, жамбылдықтарды тарихи датамен құттықтады.

«Талайғы тарихтың куәсі бол­ған Жамбыл өңірі ұлттық діңге­гі­міздің алтын қазығы екені анық. Мұнда елдігіміздің тірегіне ай­нал­­ған құндылықтарымыз бен төл тарихымыз, мәдениет пен өр­ке­­ниетіміз қалыптасты. Тарихы те­реңде жатқан өңірдің жағдайы Мем­лекет басшысының назары­нан тыс қалған емес. Облыс еліміз­дің ауылшаруашылық саласында көшбасшыға айналғаны мәлім. Соңғы жылдары химия, тамақ өн­дірісі жөніндегі көрсеткіштер айтар­лықтай өскен. Құрылыс саласы да қарқынды дамып, көптеген тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Спорт саласында да ауыз толтырып айтарлықтай табыстар бар. Білім мен ғылым саласындағы жетіс­тіктерді де айтпай кетуге болмас. Республикалық деңгейден бөлек, халықаралық деңгейде де нәтиже көрсетіп жатырсыздар. Табысты жылдар тізбегі жалғасты болсын», деді ол өз сөзінде.

Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз топырағында ұйым­дастырылған іс-шара бары­сында өңірдің өткені туралы аз айтылған жоқ. Конференция жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы атбасын бұр­ған меймандарға ризашылығын жеткізді.

Бұл қасиетті өл­кеде Түркі қа­ғанаты мен ислам мә­де­ниетінің не­гізі қаланып, Қазақ хан­дығы­ның алтын қазығы қағылған. Мұхам­мед Хайдар Дулатидің өмірінің бір бөлігі осы өңір­де өткенін сол тарих парақ­тарынан білеміз.

Облыс орталығы Тараз қала­сының шежіресі тереңнен сыр шертеді. Тасын түртсең тарихы көрінетін шаһарға сонау заманнан бері құт-береке дарып, әлем елдері көз тігіп келеді. Тараз – мәдениет пен өркениеттің ордасы. Бір кездері Ұлы Жібек жолының торабын­дағы Тараз «саудагерлер қаласы» ата­нып, Батыс пен Шығыс мәдениетін ­байланыстырды.

Бүгінде Жамбыл облысы алыс-жақын мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланысын нығайтып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Тәуелсіз мемлекеттер достас­тығы елдерінің кеңесінде «Достас­тық жәрмеңкесін» Таразда өткізуді ұсынуы бекер емес. Бұл қасиетті Жамбыл өңірінің халықаралық аренада одан әрі танылуына ықпал етеді», деді өңір басшысы.

Іс-шара барысында сөз алған Сенат депутаты Бекболат Орын­беков Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттық­тау хатын оқып берді. Мәжіліс депу­та­ты Ерболат Саурықов көне өрке­ниет­тің өзегі Әулиеата өңірінен бас­­тау алатынын түрлі деректер арқы­­лы жеткізді. Алатаудың ар жағын­дағы айырқалпақты ағайындар­дың сәлемін ала келген Жанұзақ Бейсеубаев пен Қазақстан­ның Қыр­ғыз еліндегі елшілігінің кеңес­­ші уәкілі Жасұлан Ханалиев та ізгі тілек­терін арнады. Мадияр Елеуов, Дария Қожамжарова, Берекет Кәрі­баев, Досбол Байғұнақов, Жәкен Тай­мағамбетов, Төрәлі Қыдыр се­кіл­ді тарихшылар тереңде жатқан тың деректерді сөйлетті. Спикер­лер бұл өлкеде сыры ашылмаған құн­ды тарихи орындардың өте көп еке­нін алға тартып, зерттеу жұмы­сын жүргізу, нысандарды музей­лен­діру жөніндегі ұсыныс-пікірлері­мен бөлісті.

Жапония мемлекеті «Нара» ұлт­тық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу инс­титутының PhD Сада­катцу Кунитакен жапон-қазақ ар­хео­ло­гиялық экспедициясының қо­ры­тындыларын баяндады. Түркия елі­нен келген профессор Абдул­лах Гүндоғдулы орта ғасырлардағы Талас пен Анадолы арасындағы өр­кениет қатынастары туралы ойларын ортаға салды. Конферен­ция соңында ақын Маралтай Ра­йымбекұлы көне Тараз туралы от­ты өлеңін оқып, көпшіліктің қоше­метіне бөленді.

Бұдан кейін «Көне Тараз» та­рихи-этномәдени кешенінде өңір­дің 85 жылдығына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Айтулы мерекеге арнайы келген мәртебелі меймандар мерейтой­ға орай тігілген киіз үйлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, музыка өнері мен қолөнер бұйымдары, сондай-ақ ұлттық дәмдері қойылған көрмені тамашалады.

Облыстық тарихи-өлкетану му­­зейінің қызметкерлері архео­ло­гиялық қазба жұмыс­тары кезінде табылған алтын, кера­микалық бұ­йымдарды, ежелгі ру­на жазуының кө­шірмелерін көп­шілік назарына ұсынды. Бұдан соң жиналған көпшілік көрме залында өңір­дегі айтулы оқиғалар, экономикалық өсімдер мен түр­лі саладағы тола­йым жетістіктер топтастырылған бейнефильмді тамашалады.

Өңірдің 85 жылдық торқалы тойына арналған іс-шара аясында бірнеше жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Олардың қатарында «Тараз өркениет өрімдерінің куәгері», «Қарахан мен Айша: ғылыми деректер мен аңыздар» секілді еңбектер бар.

Өңір басшысы Ербол Қара­шө­кеев Президент Жарлығына сәй­кес «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәре­желі «Еңбек даңқы» ордендеріне, «Ерен еңбегі үшін» медаліне, сон­дай-ақ Президенттің Алғыс хатына ие болған азаматтарды марапаттады.

Мерейтойға арналған іс-ша­ра барысында «Туған өлкем – Жам­былым» атты республикалық әдеби байқаудың, «Мәдениет – асыл қа­зынам» атты мәдениет күндерінің же­ңімпаздары мен жүлдегерлерін ма­рапаттау рәсімі өткізіліп, жүл­дегерлерге қомақты сыйлықтар табыс­талды. Іс-шара соңы мерекелік концертпен түйінделді.

 

Жамбыл облысы