«Абай облысы – экономикасының негізгі бөлігін аграрлық сектор құрайтын аймақтардың бірі. Агроөнеркәсіп саласында оң өзгеріс байқалып, өнім көлемі артты. Өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, тиімділікті арттыруға бағытталған қадамдар жасалып жатыр. Бұл, әрине осы залда отырған, ата кәсіппен шұғылданатын өздеріңіздің еңбекқорлықтарыңыз бен жоғары кәсібиліктеріңіздің арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өту қажет», деді Нұрлан Ұранхаев.
Аталған форум аясында қонақтар өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылған көрмені тамашалады. Жалпы, биылғы жылдың 10 айының қорытындысында облыс диқандары айтарлықтай табысқа жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 335,9 млрд теңгені құрайды. Мал шаруашылығында 110,7% өсім байқалады.
Форумда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, ауыл шаруашылығы өнімінің өсімін арттыру жөнінде бірқатар жұмыстың атқарылып жатқанын айтты. Биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 17,5 млрд теңге бөлініп, 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға мүмкіндік жасалды. 10 айдың қорытындысына сәйкес мал шаруашылығы саласындағы ет, сүт өндірісінің өсуі тиісінше 102,8%, 102,6%-ды құрады.
Форум барысында сала үздіктері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Президент Жарлығымен Аягөз ауданының «Атасу» шаруа қожалығының жетекшісі Сәуле Хасенқызы, Ақсуат ауданының «Ықыбай» шаруа қожалығының жетекшісі Қадырбек Елубайұлы «Құрмет» орденімен, Бородулиха ауданының «Труд» шаруа қожалығының механизаторы Александр Григорьевич, Абай ауданының «Дінмұхамед» шаруа қожалығының жылқышысы Сағдат Зақратұлы III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, Көкпекті ауданының «Елім-ай Көкпекті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Ерлан Ақылбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бұған қоса ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек еткен қызметкерлерге «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.
Абай облысы