Тағзым • Бүгін, 08:32

Мемориалды кабинет ашылды

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Еуразия далалық өркениеті: тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, сақтау және пайдаланудың өзекті мәсе­­ле­лері» тақырыбында V Есік оқу­ла­ры – халықаралық ғылыми-тә­жі­­ри­белік конференциясын өткіз­ді. Іс-шара қазақ архео­ло­гия­­сы мек­те­бінің негізін қалау­шы­­лардың бірі, Қазақ­стан­ның ежел­гі және орта ғасыр тарихын зерт­теуші, көр­некті архео­лог-ғалым Кемел Ақы­шев­тың ­ту­ға­нына 100 жыл толуына орай ұйым­дас­­ты­рылды.

Мемориалды кабинет ашылды

Конференцияда Қа­зақ­­станның архео­ло­­гия­лық ескерткіштері: тарихи-мәдени мұраны сақтау және пайдалану жолдары, дала­лық ізде­ністер нәтижелері бойынша тарихи-мәдени мұра нысанда­рын зерттеу және қор­ғаудың әдіс­темелері, пәнаралық зерт­теулер мен музей ісінің мәселелері тал­­қы­­ланды. Сондай-ақ конферен­ция жұмы­сына отандық ға­лым­дармен қатар шетел­дік, атап айтсақ, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай ғалымдары оффлайн және онлайн форматта қатысты. Сол себепті, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қазақ, орыс, түрік, қытай және ағылшын тілдерінде өтті. Ғылыми кеңесті «Есік» музей-қорығының директоры Гүл­мира Райылқызы ашып, келесі кезекте Мә­дениет және ақпарат министрлігі Мәде­­ниет комитетінің төрағасы Күміс Қар­сақ­байқызы іс-шараға қаты­су­шыларды құт­тықтады.

Пленарлық отырысқа «Қырым аралы» ғылыми-реста­вра­­ция­лық лаборатория директоры Қырым Алтынбеков, әл-Фара­би атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситетіне шақырылған профессор, түркітанушы, PhD Саваш Шахин, Астана музей дирекциялары директорының орынбасары, профессор Марат Әбсеметов қатысты.

Конференция аясында көр­некті ғалым К.Ақышевқа ар­нал­ған мемориалды зал мен «Архео­логия сарда­ры»­ атты көрме ашылды. Көр­ме­ге ғалым­ның жеке заттары қо­йы­лып, өмір­баяны мен ғы­лы­ми жолы­нан мәліметтер берілді.

Сонымен қатар Мәдениет және ақ­парат министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан «Іле өзенінің сол жақ саласы, Шарын өзенінің орта ағысы, Сары­тоғай аңғарындағы ерте көш­пе­лілерінің мәдени кешені» жоба­сы бойынша биыл жү­р­гізілген археологиялық жұмыс­тар материалдары негізінде жасақ­тал­ған көрме келушілер назарына ұсы­нылды.

«Қазақстан бойынша­ 270 музей­­дің қайсысына бар­­сақ та археолог-ғалым Кемел Ақышев­тың есімі аталып, еңбегі туралы мін­детті түр­де айтылады немесе экс­по­зи­цияда көрсетіледі. Себебі Кемел Ақышев Қазақстанның археологиялық мектебінің негізін қалаушы. Жетісудағы мемлекеттіліктің болғаны туралы теория­ны жазып кеткен ғалымдардың бірі. Ол 200-ден астам қазба жұмысына жетекшілік жасады, соның ішінде ерекше айтатын ескерткіштерінің бірі – Алматы облысында орналасқан «Алтын емел» ескерткіші. Одан кейін Бесшатыр, Отырар экпедиция­сына қатысқан. Қазақ тарихының ажырамас бөлігіне айналған «Алтын адамды» 1969 жылы Есік қорғанынан алғаш тауып, зерттеді. 1978 жылы «Есік қорғаны» деген монография шығарды. Монографияда «Алтын адамнан» табылған 4 мыңнан астам әшекейдің әрқайсысына жеке-жеке сипаттама беріп, соның символикалық мән-мағынасын айтып шығады. Өзінің сұхбатында Кемел Ақышев «Осы Алтын адам табылғаннан кейін біз 90 пайыз ешқандай фантазияны қоспай, нақты деректерге сүйене отырып, жаңғыртпасын жасадық», дейді. Дегенмен де Алтын адамның әлі де ашылмай жатқан құпиясы көп. Соның бірі Алтын адамның әйел не ер азамат екені әлі күнге анықталмады. «Алтын адам» – Ақышевтың тікелей зерттеген негізгі тақырыбы болған соң, өзімізден мемориалдық кабинет ашып отырмыз. Ондағы экспонаттардың басым көпшілігі түпнұсқалар. Осыдан 3-4 жыл бұрын қызмет атқарған үстелі, орындығы, шкафтары тапсырылған болатын. Бұдан бірнеше жыл бұрын осы музей ашылғанда Кемел Ақышевтың баласы, қазіргі белгілі археолог Әлішер Ақышев әкесінің архивін, яғни «Есік қорғаны» кітабына жазған қолжазбасы мен сызбала­рын, 90-жылдары жүргі­зіл­ген Сарытоғайға байланыс­ты қол­жаз­баларын тапсырған болатын. Соны­мен қатар Ақышевтың қойын­дәп­тері, сағаты, басқа да бұйым­д­ары осы кабинетте тұр. Әлі де болса біз ол кісі­нің архивін зерт­теу үстіндеміз. Өзімнің тара­пым­нан мақалалар жазып шық­­тым. Кон­­фе­рен­ц­иямызды Кемел Ақышевқа арнауы­мыз­дың себебі осы», дейді «Есік» музей-қоры­ғының директоры Гүлмира Райылқызы.

Ал өз кезегінде «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық лабо­ра­тория­сының дирек­торы Қырым Алты­н­­беков «Алтын адамды» сол уа­қыт­­тың мүмкіндігіне қарай ең биік дә­­р­е­­жеде зерттеген ғалым Кемел Ақышев екенін ерекше атады.

«Қазір сағат сайын технология өзге­ріп жатыр, соның нәтижесінде, адам­ның көзіне көрінбейтін заттарды зерттеп, көкейкесті сұрақтарға нақты жауап алудың мүмкіндігі молайды. Ал Ақышевтың заманында «инемен құдық қазғандай» еңбек жасалды. «Алтын адамды» тауып, Қазақстанды әлемге әйгіледі. Ол кісінің жанында жүріп қаншама дүниені үйрендік, сезіндік. Қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлердің негізін, түпнұсқасын зерттеп, айтқан жобасы бойынша жаңғырттық. Бұл – тек қана археологтің ғана емес, ұжымның жұмысы. Мысалы, анализді біреу жасаса, бірі оның тарихын зерттейді, енді бірі қалпына келтіреді деген сияқты сан алуан жұмыс жасалады. Біздің міндет – қалпына кел­тіріп, жаңғыртып, сақтап қалу. Кемел аға жұмысына өте қатал болғанымен, төңі­ре­гін­дегі адамдарға мейіріммен қарайтын, жү­регі жұмсақ болды, сондықтан да дос сияқты сезінетінбіз», деп еске алды Қ.Алтынбеков.

Айта кетерлігі, қазақ археология ғылы­мы­ның негізін қалаушылардың бірі, тарих ғы­лымдарының докторы Кемел Ақышев 200-ден астам ғылыми еңбек пен 15 кітаптың авторы атанып, соңына мол мұра қалдырған.

 

Алматы облысы