Пікір • 27 Қараша, 2024

Судьялар тәуелсіздігін нығайту маңызды

110 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге, оларды сапалы түрде іріктеуге бағытталған реформаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Бүгінде Жоғары сот кеңесі ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуде, сапалық құрамды қалыптастыруда бірқатар шара қабылдады.

Судьялар тәуелсіздігін нығайту маңызды

Сурет: ru.freepik.com

Кеңестің сапалық құрамын күшейту – басты назарда

Жоғары сот кеңесі төраға мен 15 мүшеден тұрады. Олардың сегізі қызметтегі судьялар (аудан­дық және облыстық соттардан – үш судья, Жоғарғы соттан – екі судья), төртеуі – лауазымы бойынша кеңес мүшелері (ЖС төрағасы, Бас прокурор, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тиісті тұрақты комитеттерінің төрағалары), үш мүше­сі заңгерлер қоғамдастығы мен адво­катураның өкілдерінен құрылады. Кеңес өкілеттіктеріне судьяларды даярлау, оқыту және олар­дың біліктілігін арттыру, ірік­теу және қызметте жоғары­ла­ту, судьялардың кадрлық резер­він қа­лыптастыру, тәртіптік жауап­кер­шілік мәселелері жатады.

Кеңес құрылған сәттен бас­тап үздік халықаралық тәжіри­бе­лерді ескере отырып, соттар мен судьялардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін заңнамалық, практикалық, сондай-ақ инсти­ту­цио­налдық тұрғыда нығайту жөнінде дәйекті шаралар қабыл­дан­ды. Президент 2022 жылғы Жолдауында Жоғары сот кеңесінің мәртебесін нығайту және оның кадрлық функциялары барлық деңгейдегі судья­ларды іріктеуден бастап тағайындау жөніндегі ұсы­нымдарға дейін айқын, толық­қанды институт ретінде қалып­тас­уы қажеттігін атап өтті. Сот төрағаларының судьяларға ық­па­лын кезең-кезеңімен азайту жо­лымен судьялар корпусының ішкі тәуелсіздігін күшейту үшін Жоға­ры сот кеңесіне судьялыққа кандидаттарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру функциялары, сондай-ақ іс жүзінде барлық кадр­лық мәселе, оның ішінде бұрын Жоғарғы сот төрағасының ұсынуы бойынша қаралған зей­нет­­­керлік жасқа толғаннан кейін судья лауазымында одан әрі болу заңнамалық тәртіппен берілді.

Жоғары сот кеңесінің құзы­ре­тіне судьяның отставкасын тоқ­тату жөніндегі өкілеттіктер беріл­ді. Биыл сот билігінің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жас­а­ғаны үшін бір судьяның отстав­­касын тоқтату туралы ұсы­ным берілді. Судьяларға қысым­ды қысқарту және олардың тәуел­сіз­дігінің деңгейін арттыру үшін судья­ларға қатысты арнайы же­дел-іздестіру іс-шараларын Бас про­курордың алдын ала санкция­сы­мен ғана жүргізуге болады. Барлық қабылданған шара судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктерін одан әрі күшейтуге, Жоғарғы сотты өзіне тән емес функциялардан босатуға және Жоғары сот кеңесінің рөлін нығайтуға ба­ғыт­талған.

Кеңестің тәуелсіздігін қам­та­масыз ету мақсатында оның са­па­лық құра­мын қалыптастыру үшін шаралар қабылданып жатыр. Бұған дейін биліктің атқарушы тармағының тарапынан сот жүйе­­­сіне қысымды болдырмау мақ­сатында Кеңес мүшелерінің қата­рынан Әділет министрі мен Мем­ле­кеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы шығарылды. Болашақта Мемлекет басшысының Судья­лар­дың IX съезінде берген тапсырмаларын орындау шеңберінде судьяларды іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін халық­ара­лық тәжірибені ескере оты­рып, кеңестің теңгерімді құра­мын қа­лыптастыру бөлігінде ұсы­ныс­тар әзірлеу бойынша жұмыс жүр­гі­зіледі.

Жоғары сот кеңесінің бас­ты функция­ларының бірі – бос судьялық лауазымдарға судьяларды іріктеу. Бұл демократиялық және транспаренттілік қағидат­та­рына сәйкес конкурстық не­гіз­де біліктілік емтиханын тапсырудан басталады. Бүгінде емтихан оңтайландырылды. Атап айтқанда, заңнаманы білу деңгейін тексеретін тестілеу нәтижесі мә­ні­нің шекті балы 80-нен 75-ке дейін төмендетілді. Сондай-ақ бі­ліктілік емтиханының кейбір ке­зеңдерін (заңнаманы білуге тестілеу, эссе жазу, кейстік тапсырмаларды шешу, әңгімелесу) қайта тапсыру мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқартылды.

Жыл басынан бері жария­лан­ған төрт біліктілік емтиханы­на 827 үміткер қатысты, оның бар­лық кезеңінен 64 адам сәтті аяқ­тады, ал 200 үміткер енді әң­гімелесу кезеңінен өтеді. Бұдан кейін кеңес бос судьялық лауа­зымдарға конкурстық ірік­теу­ді жүзеге асырады. Іріктеу бар­шаға та­нылған халық­аралық стан­дарт­тарға сәйкес HR құрал­да­ры­ның кең спектрі пайдаланылып жүр­гі­зіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 15 қаңтарда Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан судья­лар корпусын айтарлықтай жа­ңар­­тып, оған құқықтың түрлі са­ла­ларынан мамандарды тарту қажет», деген еді.

Сот жүйесіне жоғары білікті кадр­­ларды тарту үшін заңнамада бұрын судья болып жұмыс істе­ме­ген заңгерлерді Жоғарғы сот­тың немесе облыстық соттың судья­сы лауазымына тағайындау мүм­кіндігі қарастырылған. Осы тетік бойынша Жоғарғы соттың алты судьясы сайланды. Сондай-ақ облыстық соттарда бұрын судья­­лық өтілі болмаған үш судья қыз­­­мет атқарып жатыр.

Кандидаттардың Жоғары сот кеңе­сінің ұсынымын алғаннан кейін тағы­лымдамадан өту құқы­ғы бекітілді әрі оның мерзім­дері қыс­қартылды. Осы норма қа­был­данғаннан кейін судья қыз­ме­тіне тағайындауға ұсыныл­ған жаңа үміткерлердің саны шамамен бір жарым есе өсті.

Тағы бір маңызды жаңалық – құқық­тық алаңға судьяларды сайлау эле­менттерін енгізу. Енді Жоғары сот кеңесі Мемлекет басшысына Жоғарғы сот судья­сы лауазымына кандидатураларды Парламент Сенатына балама не­гізде енгізуге ұсынады. Бұл іріктеудің объективтілігін арттырады, сондай-ақ Жоғарғы сотқа ең лайықты судьяларды іріктеу үдерісіне атқарушы биліктің ықпалының болмауын көрсетеді.

Биыл 1 қаңтардан бастап аудандық соттар төрағаларын сайлау жүйесін енгізу маңызды жа­ңалық болды. Бұл тетік аудандық сот­тың төрағасы лауазымы­на кан­­дидаттарды судьялар қауым­дастығы органдарының – облыс­тық соттардың кеңейтілген жалпы отырыстарының, яғни судья­лар­дың өздерінің қарауы мен таңдауын көздейді. Жоғары сот кеңесі осы тәсілмен кадр резер­вінің әлеуетін барынша пайдаланады, ал судьялар қауым­дастығы аудандық сотта басшылық пози­ция­ға өз кандидатын ұсына алады.

Қазіргі таңда мұндай форматта бір іріктеу өткізілді, аудандық соттар төрағаларының 41 бос ор­нына 105 кандидат қатысты. Іріктеу қорытындылары бо­йынша 12 үміткер ұсыным алды. Бү­гін­де аудандық соттардың төра­ға­ларын іріктеудің кезекті кезеңі аяқталуға жақын.

Конкурстық рәсімдерді одан әрі жетіл­діру мақсатында шал­ғай­да орналас­қан соттардағы бос орындардың ұзақ уақыт тол­тырылмауын, көп құрамды және шалғайдағы соттардағы сот жүк­­темесінің айырмашылығын ескере келе алыс жерлерде орналасқан соттарды жасақтау үшін адамдардың белгілі бір санат­тары үшін жекелеген оңайлатылған конкурс енгізу мүмкіндігі қарастырылады. Отставкаға шығу үшін еңбек өтілін есептеу кезінде судьяның осындай соттарда еңбек еткен өтілінің бір жылын бір жарым жыл ретінде есептеу мүмкіндігі қаралып жатыр. Сонымен қатар кейбір бос жоғары тұрған және басшы судьялық лауазымдарға судья­ларды кадр резервінен конкурссыз тағайындау мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

 

Сот жүйесінің беделі – халық сенімінің өлшемі

Кейінгі кезде қоғамда білікті заңгерлердің судья қызметіне барғысы келмейтіні, судьялардың қызметінен кетуі де көбейіп бара жатқаны туралы жиі айтылып жүр. Алайда мұндай үрдіс байқалғанымен, субъективті себептермен кететіндер қатары айтарлықтай көп емес. Дерекке сүйенсек, 2024 жылдың 10 айында 125 судья өкілеттігін тоқтатты, оның 88-і немесе 70%-ы объективті себептермен (отставкаға шығуы­на, зейнеткерлік жасқа немесе судья қызметінде болудың шек­ті жасына толуына байланыс­ты, өз тілегі бойынша, басқа жұ­мыс­қа ауысуы­на, қайтыс болуына бай­ланысты), 29-ы немесе 23% субъективті негіздер бойынша (сот жүктемесінің жоғары болуы, төмен жалақы, денсаулық жағдайы, үстеме жұмыс, корпо­ра­тивтік сектордан жоғары жа­лақы және жақсы әлеуметтік па­кеті бар жұмыс ұсыну) және 8-і немесе 7% – теріс себептермен (тәртіптік теріс қылықтар жасау, кәсіби қызметін бағалаудың теріс қорытындылары, айыптау үкімі) қызметтерінен босатылды.

Егер статистикаға жүгінетін болсақ, онда алдыңғы бес жыл ішінде өз өкілеттігін тоқтат­қан судья­лардың жалпы саны­­­ның 17-29% судьялық қызметін субъек­тивті негіздер бойынша тастап кеткен. Яғни орын алып отыр­ған жағдай алдыңғы жыл­дар­дағыдай, өзгеріссіз. Соны­мен қатар ойланатын мәселелер бар. Әсіресе зейнеткерлік жасқа толмаған судья­лар­дың отставкаға шығуы фак­­ті­лерін ескерсек, олардың аста­­рын­да субъективті факторлар болуы мүмкін.

Меніңше, жергілікті жерлерде судьялардың нақты жұмыс жағ­дайын, олар­дың материал­дық-техникалық, әлеуметтік және медициналық қамта­масыз етілуін, судьялық мансаптағы үміт­тері мен келешегін, отбасы және басқа да жағ­дайын зерделеу қажет. Осы атал­ған жағ­дай­лардың тиісінше қам­та­ма­сыз етілмеуі олардың талпынысын тежеп, кәсіби жабығуға әкеледі. Судьялардың атқарып отырған қызметіне көңілі толмауына жалақы мөлшерінің төмен болуы да ықпал етеді. Қызметінен кеткен судьялар босатқан судьялық орындарды жаңа судьялар ғана толтыра алады. Ал судьялыққа біліктілік емтиханының және бос судьялық орындарға конкурстық рәсімдер кезеңдерінің ұзақтығын ескерсек, бос судьялық орындарды уақтылы толтыру ұзақ уақытты қажет етеді.

Сонымен қатар кейінгі жыл­дары судья қызметінен өз еркі­мен кеткен судьялар санының бір­шама өсу үр­дісі, сондай-ақ басқа заң салаларынан мықты заңгерлерді сот жүйесіне тарту жөніндегі шаралар Мемлекет басшысының судьялар корпусын шұғыл жаңарту және сауықтыру қажеттігі туралы тапсырмалары­на сәйкес келетінін атап өткен жөн. Сондықтан Жоғарғы сот пен Жоғары сот кеңесіне осы бағытта терең талдау жүргізіп, судья­лар­дың тәуелсіздігінің әлеуметтік, материалдық кепілдіктерін одан әрі жақсартуға және жүйеге жо­ғары білікті заңгерлерді тар­туға бағытталған шаралармен бірге тәжірибелі судьялардың қыз­меттен кетуін азайту, сот жүк­те­ме­сін төмендету бойынша шаралар кешенін пысықтау қажет.

Сот жүйесінің беделі мен имид­жін судьялар, ең алдымен, өзінің мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен және мінсіз әре­кетімен көтеруі керек. Мемлекет басшысы судья сот актісін шы­ғар­ған кезде өрескел қа­те­лік жіберген және күші жойыл­ған әрбір сот актісін Сот жюриі тексеруінің жаңа тетігін енгізуді тапсырды.

Жоғары сот кеңесінің алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін «Қазақстан Респуб­ли­касының сот жүйесі мен судья­ла­рының мәртебесі тура­лы» Конс­титуциялық заңға тиісті тү­зе­тулер қабылданды. Ол заң­на­ма­лық өзгерістер биыл 1 қазан­нан бастап күшіне енді. Енді төмен тұрған соттар судья­ла­ры­ның тарапынан заңды өрес­кел бұзуы туралы көрсе­тіл­ген жоғары тұрған соттың бар­лық ұсынымы Сот жюриін­де қаралады.

Судьялар қауымдастығының пікірін ескеру үшін Жоғарғы соттың немесе облыстық соттың жалпы отырысының судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе тартпау туралы алдын ала ұсынымын алу көзделген. Алайда судьяны жазалау туралы түпкілікті шешімді Сот жюриі істі жан-жақты және объективті қарау қорытындылары бо­йынша ғана қабылдайды. Ондай шешім судьяның іс-әрекеттерінде тәр­тіп­тік теріс қылық құрамы бол­ған кезде ғана шығарылуы мүмкін.

Осы тетікті іске асыру үшін Сот жюриінің құрамы 9 мүшеден 15 мүшеге дейін көбейтілді және оның құрамынан Жоғары сот кеңесінің мүшесі шығарылды. Заң­дылықты өрескел бұзуы фак­ті­лері бойынша кез келген судьяға қатысты Сот жюриіне ұсы­ным енгізу жөніндегі Жоғарғы сот төрағасының құқығы шектел­ді. Оның судья әдебін бұзуы факті­ле­рі бойынша сот төраға­ла­рына ғана қатысты осындай құ­қығы сақ­талды.

Жоғарғы сот және облыстық соттар басшылығының өрескел бұзушылықтар фактілерін жалпы отырыстың қарауына уақтылы шығару және материалдарды Сот жюриіне жіберу міндеті енгізілді. Сонымен қатар судьялардың тәр­тіптік жауапкершілігі мәсе­лелеріне, оның ішінде олардың тәуел­сіздігінің кепілдіктеріне конс­титуциялық сот ісін жүргізу ықпал етті.

Конституциялық соттың 2023 жылғы 21 сәуірдегі №10 нор­­мативтік қаулысын іске асыру мақсатында Сот жюриіне жіберілгенге дейін тәртіптік істің барлық материалымен судьяны таныстыру, сондай-ақ тәр­тіптік істі қарауға қатысу үшін судьяның адвокаттар мен заң консультанттары арасынан өкілдерді тарту құқығы заңна­малық тұрғыдан көзделген. Конс­титуциялық соттың 2023 жылғы 6 желтоқ­сан­дағы №36 нор­мативтік қаулы­сын­да баяндал­ған құқықтық ұста­ны­мы ескеріліп, заңнамалық дең­гейде «заңдылықты өрескел бұзу» ұғымы бекітілді және ондай факт жоғары тұрған соттың ұсынымында көрсетілуге тиіс. Сонымен, қабылданған шаралар судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру сапасы үшін жауап­кер­шілігін күшейте отырып, олардың тәуелсіздігінің про­цес­­суал­дық кепілдіктерін нығай­туға мүм­кіндік берді.

 

Сот төрелігі академиясы нағыз оқу шеберханасы болуға тиіс

Осы жылы 15 шілдеден бастап Сот төрелігі академиясы Жоғарғы соттан Жоғары сот кеңесінің қарауына берілді. Бұл дегеніміз – барлық кадрлық мәселе, оның ішінде судьялыққа кандидат­тар­­ды даярлау және жұ­мыс істеп жүрген судьялардың білік­­тілігін арттыру мәсе­лелері енді бір мемлекеттік органда шоғыр­ла­нады деген сөз. Сот төрелігі академиясы – оқу орны ретінде қызметін жаңа уақыт талаптарына сәйкес қайта форматтау – бір күннің мәселесі емес екенін ескеру қажет. Қазіргі заман талабына сай Сот төрелігі академиясы моделінің нақты перспективаларын анықтау үшін экономикалық негіздемелер, қаржылық есептеулер және уақыт қажет.

Бүгінде Сот төрелігі академия­сы құқық магистрін даярлайды, олар судья­лыққа біліктілік емтиханын тап­сырғаннан кейін судья­лардың бос лауазымдарына орналасуға конкурстарға қаты­сады. Егер бұрын магистрант­тар негізінен, сот жүйесінің қыз­меткерлері болса, биылғы оқу жылында ақылы негізде басқа сала­лардан 40-қа жуық заң­гер қабылданды. Олар сыртқы заң­гер­лік практикасы бай және құ­қық­тық ой-өрісі кең мамандар: адвокаттар, заң консультант­тары, сот орындаушылары және кор­по­ра­тивтік сектордағы заңгер­лер.

Судья кадрларын даярлауды одан әрі жетілдіру Сот төрелігі академиясын үздік нәтижелермен тәмамдаған түлектерге респуб­лика соттарында бос судьялық лауазымдарды таңдау құқығын беруді көздейді. Сот оқуын дамыту үдерісі оқу бағдарламаларын қайта қарауды және жетілдіруді қажет етеді. Демек оқу білімді немесе техникалық дағдыларды кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар судьялардың дұрыс мінез-құлқын, жүріс-тұрысын қа­лып­тас­тыруға да бағытталуы керек.

Мәселен, Кеңес қолданатын НR құралдарының тиімділігін баға­лау қоры­тындылары жөнін­дегі есепте «Судьяларды кәсіп­тік даярлауға ғана емес, сонымен қатар коммуникация дағды­ла­рын дамытуға, әдеп нормаларын сақтауға және еңбегінің нәтиже беруіне бағдарлау қажет. Бұл көрсеткіштер судья­ның дұрыс келбетін қалыптас­тыруда да маңызды рөл атқарады. Судья­лар­дың жұмсақ дағ­ды­лар­дың тиісті жиын­ты­ғы­ның болмауына байланысты қоғамда жалпы сот жүйесі туралы жағымсыз теріс түсінік қалыптасады», деп көр­се­тілген.

Сондықтан Сот оқуының жаңа тұжырымдамасының жобасы әзір­ленді. Бұл ретте академияның материалдық-техникалық база­сы­ның маңызы зор. Алайда Сот төрелігі академиясы 1970 жылы салынған ескі ғимараттың бір бөлігінде орналасқан. Оқу сабақтарын, семинарларды, конференцияларды өткізу үшін, тәжірибе алмасу мақсатында ше­т­ел­дерден серіктестерді ша­қы­рып, кез­десулер өткізуге арналған ла­йық­ты аудиториялар мен арнайы залдар жоқ. Іс-шаралардың көп­­шілігі онлайн форматта өткі­зі­­леді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Астана қаласының әкімдігімен Сот төрелігі академиясының жаңа заманауи кампусын салу тура­лы нақты уағдаластыққа қол жет­кі­зіл­ді. Тиісті жұмыстар басталып кетті. Академияның қызметін рет­тейтін нормативтік-құқықтық актілер заңнамаға сәйкес кел­ті­рі­ліп жатыр. Сот төрелігі ака­де­миясының оқытушылары мен қызметкерлерінің әлеуметтік және тұрғын үй мәселелері бір­тін­деп шешіліп келеді. Бола­шақ­та академия сот жүйесі үшін кадрлар даярлайтын нағыз оқу шеберханасы болуға тиіс.

Кеңеске келіп түскен әр пікір ескеріледі. 2023-2024 жылдары азамат­тардан судьялыққа канди­даттарға қа­тысты 5 мыңнан аса пікір келіп түсті. Конкурсқа қа­ты­сып отырған канди­даттарға қа­тыс­ты жұртшылықтың пікірі әлеу­меттік желілер мен БАҚ мо­ни­­торингі арқылы да зерт­теледі.

Бұған қоса судьяларды қыз­­мет­терінен босату мәселе­лерін ашық және жария түрде қарау­ға бағыт­тал­ған құқықтық негіз құрылды. Біліктілік емтиханы кезең­дерінің бейнежазбасы кеңестің интернет парақшаларына жарияланады.

Өтініштердің түсуіне қарай кез келген күні азаматтарды қа­был­дау қайта басталды. Негізі­нен, азаматтар сот шешімдеріне шағым­данады. Егер негіз болса, тиісті тексеру жүргізу үшін шаралар қабылданады.

Түйіндесек, Мемлекет басшы­сының жан-жақты қолдауымен судья­лардың тәуелсіздігін күшей­туге, сондай-ақ Жоғары сот кеңе­сін кадрлық функциялары бар то­лыққанды институт ретінде ны­ғайтуға бағытталған соттардың кадр сая­саты саласында дәйекті және нақты шаралар қабылданды. Судья­ларды даярлау, іріктеу, ман­саптық ілгерілету рәсімдері және олардың жауапкершілігін жетіл­діру жөніндегі жұмыс әлі де жал­ғасады.

 

Дмитрий МАЛАХОВ,

Жоғары Сот кеңесінің Төрағасы