Қоғам • Бүгін, 09:35

Сақтандыру: сенім мен жауапкершілік

14 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір елімізде 25 сақтандыру ұйымы бар. Оның 15-і жалпы сақтандырумен айналысады. Ал 10-ы өмірді сақтандыру саласында жұмыс істейді. Жалпы, кейінгі бес жылда сақтандыру саласы айтарлықтай өскен. Компаниялардың активтері 56%-ға ұлғайып, 1,4 трлн теңгені құрады, ал сақтандыру төлемдерінің көлемі 70%-ға артты. Соның ішінде міндетті автосақтандыру, мүлікті ерікті сақтандыру, ауырған жағдайда ерікті сақтан­дыру жетекші бағыт болып тұр.

Сақтандыру: сенім мен жауапкершілік

Сурет: ru.freepik.com

– «Өмірді сақтандыру» – сақ­тан­дыру нарығының өсу драйвері. Биыл 1 қарашада бұл сала сақ­тан­дыру нарығының жиынтық активтерінің ең көп үлесін алды. Сала активтері 2 есеге өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Мұның бәрі мемлекеттік субсидия, білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде жүрді. Үдеріс бірлескен, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеттері сияқты жаңа әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдерін енгізудің арқасында тез жүрді, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.

Байқауымызша, агенттік сақтан­ды­ру нарығының әлеуметтік рөліне жіті назар аударады. Мысалы, биыл­дан бастап қызметкерлерді жаза­тайым оқиғалардан міндетті сақ­тандыру шеңберінде бірқатар шешім шығарылды. Оған «алдын алу» мен «оңалту» төлемдері кіреді. Бұлар еңбек қауіпсіздігін арттыруға, зардап шеккендердің денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған. Одан бөлек, зейнетақы аннуитеттік сақтандыру айтарлықтай өрледі. Биыл азаматтарға өмір бойы төлем алуға мүмкіндік беретін 106 мыңнан астам шарт қолданылған.

Маңыздысы, қазан айынан бас­тап елімізде медицина қызмет­керлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгі­зілді. Бүгінге дейін 155 мың­нан астам дәрігер жауап­кер­ші­лігін сақтандыруға 712 шарт жа­саған. Демек енді дәрігерлердің қателіктеріне өтемақыны сақтан­дыру компаниясы төлейді. Айтпақ­шы, кейінгі 7 жылда нарықта адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылары, кеден өкілдері, кеден қоймасы иелері, дәрігерлер өздерінің кәсіптік жауапкершілігін жиі сақтандыратын болған.

– Биыл 23 қазаннан бастап енгізілген медицина қызмет­кер­лерінің кәсіптік жауап­кершілігіне қатысты сақтандыруға жеке тоқ­талғым келеді. Сақтан­ды­ру­дың бұл түрі халықты медицина қызметкерлерінің кәсіби қателіктерінен, медициналық қызмет көрсетудің сапасыздығынан қорғауды күшейтуге бағытталған және пациенттердің көрсетілетін медициналық көмектің сапасына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Сақтандыру шарттарын рәсімдеу үдерісін жеңіл­детуге, медициналық ұйым­­­дарға сақтандыру шартын жаса­суға, ал пациенттерге сақтан­дыру төлемін электрондық нысанда алуға мүмкіндік беретін бірыңғай сақтандыру пулының алаңы іске қосылды, – деді Агенттік төрағасының орынбасары.

Ал автосақтандыру цифрлық технологияларды енгізуде көш бас­тап тұр. 2019 жылдан бас­тап осы саладағы барлық шарт элек­трон­дық нысанда жасалады, ал биылдан бастап сақтандыру жағ­дай­­ларын онлайн-реттеу, соның ішін­де жол-көлік оқиғасын (ЖКО) оңай­латылған тіркеуге арналған Еурохаттама қолжетімді. Бұл жаңа­лық төлем үдерісін едәуір жедел­детеді, оның орташа мерзімі қазір 15 күнді құрайды.

Еурохаттама ЖКО қатысушы­ларына полиция мен сот шешімін күтпей-ақ, оқиғаны сол жерде тез тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе кішігірім зақымдану болған кезде өте маңызды, себебі ол уақытты үнемдейді әрі кептелісті азайтады. Биылғы жылдың басынан бастап Еурохаттама мобильдік қосымшасы арқылы 9 366 жағдай себебінен 1,7 млрд теңге төлем жүзеге асырылды.

Егер ЖКО-ға 2 көлік құралы ғана қатысып, қатысушылар қайсы­сының апатқа кінәлі екен­дігі­мен келіссе, осы қызметті пайдалануға болады. Маңызды шарт – адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келтіру фактісінің болмауы, бұл ретте залал 100 АЕК-тен (шамамен 370 000 теңге) аспауға тиіс.

Еске сала кетейік, елімізде тұтыну­шылардың құқықтарын қорғауға 2007 жылдан бастап сақтандыру омбудсмені институты жұмыс істейді. Ол дегеніміз – өз қызметінде сақтандыру ұйым­дары мен олардың клиенттері арасындағы жасалған сақтандыру шарттарына қатысты дауларды сотқа дейінгі шешуді жүзеге асыратын тәуелсіз тұлға. Басқа заңды тұлғалар сақтандыру омбудсменіне міндетті автосақтандыру шеңбе­рін­де ғана жүгіне алады. Адамдардың ке­ліспеушіліктерінде талаптардың сомасы 10 000 АЕК-тен немесе 36,9 млн теңгеден аспауға тиіс.

– Сақтандыру омбудсменінің шешімін сақтандыру ұйымы орын­дауға міндетті. Сақтан­дыру­шы уәкілетті органның немесе сот­тың шешімдерін орындауы сияқты сақтандыру омбудсменінің ше­шімін орындауға міндетті. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап дауларды сақтандыру омбудсменінің сотқа дейінгі міндетті реттеу рәсімі енгізілді. Сақтандыру омбудсменіне жүгіну сақтандыру ұйымдарының клиенттеріне шағымды сотқа жібермес бұрын міндетті болды. Бұл рәсім сақтандыру жүйесіне деген сенімді арттыруға, сот жүйесіне жүктемені қысқартуға ықпал етеді және азаматтар үшін келіс­пеушіліктерді реттеу үде­рісін оңтайландырады, – дейді М.Хаджиева.

Кейінгі төрт жылда омбудсменге жүгінгендердің саны 6 есе өсті, 2024 жылы 7 105 іс қаралды, оның ішінде сотта 17 шешімге қайта шағым жасалды. Шағымдардың негізгі көлемі міндетті автосақтандыруға тиесілі (келіп түскен барлық шағымның 88%-ы).