Президенттің пікірінше, оны іске асыру тараптардың энергетика секторындағы серіктестігін нығайтуға мүмкіндік береді.
– Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларындағы жылу электр станцияларының құрылысы бойынша нақты келісім жасалды. Серіктестігіміз жаңартылатын қуат көздері саласында да белсенді дамып келеді. Ресей тарапының қатысуымен елімізде жалпы қуаты 370 МВт болатын жобалар пайдалануға берілді. Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жақын арада 1 ГВт экологиялық таза қуат көзін іске қосу жоспарланған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биыл Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасының қабылданғанына бес жыл толғанын айтты. Аталған бағдарлама аясында жалпы инвестиция көлемі 18,5 миллиард долларға жуықтайтын 93 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды.
– Биыл «Татнефть» компаниясының қатысуымен Саран қаласында жылына 3,5 миллион шина шығаратын зауыт ашылды. «КамАЗ» компаниясымен серіктестік негізінде машина жасауға арналған құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісі қолға алынды. Қазан айында Қостанайда жылына 40 мың тоннаға дейін шойын құймасын шығаратын ауқымды жоба іске қосылды. Келесі жылы көліктің қозғалтқыш белтемірінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауытты ашу жоспарланған. Қазіргі кезде жалпы инвестиция көлемі 29,5 миллиард доллардан астам 49 жоба іске асырылып жатыр. Бұл 20 мың адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар Жамбыл облысында «ЕвроХим» және «Уралхим» компаниялары минералды тыңайтқыштар өндіретін ауқымды жобаларға кірісті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.