– Осы жылы диқандарымыз қамбаны астыққа толтырып, 27 миллион тоннаға жуық өнім жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш еліміздегі тың жерлерді игерудің басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Бұдан бөлек, біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендету үшін бірқатар ірі жобаны бастадық. Таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізетін 116 тауарлы сүт фермасы салынады. Сондай-ақ жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, 850 миллион дана жұмыртқа шығаратын 11 құс фабрикасын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Елдеріміздің агроөнеркәсіп саласындағы экспорттық әлеуеті орасан зор. Бізге ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелес болмаған жөн. Бұл интеграцияға кері әсерін тигізеді. Керісінше, ауылшаруашылық өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына экспорттайтын негізгі хабқа айналуымыз қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистика құрылымын нығайтуды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Мұның Қазақстан мен Ресей үшін стратегиялық мәні зор. Еліміз 2030 жылға дейін 11 мың шақырым жолды жөндеп, 5 мың шақырымнан асатын жаңа темір жол салуды жоспарлап отыр.
– Елден тысқары жерлерде заманауи мультимодальді орталықтар мен «құрғақ порттар» желісін құруға басымдық береміз. Мұндай сәтті серіктестіктің бір мысалы – Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Селятино станциясындағы жаңа көлік-логистика орталығының құрылысы. Қытайдың Сиань қаласында жуырда ғана салынған қазақстандық терминал транзит дәлізінің екінші қиырынан жүк жөнелтеді. Осылайша, Қытай – Қазақстан – Ресей бағытындағы жүк тасымалы жүйесінің негізгі тірек бекеттері пайда болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент туризм секторын дамыту мәселесін қозғады. Қазіргі уақытта Қазақстан 86 мемлекеттің азаматына визасыз режим ұсынады және әлемнің 31 елімен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Бұдан бөлек, басты демалыс аймақтарына көлік қатынасын жақсартуға арналған дәйекті шаралар қабылданып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірлескен күш-жігер тараптардың қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, екі ел экономикаларының орнықты өсіміне берік негіз қалайтынын жеткізді.
– Көпқырлы ықпалдастығымыздың жоғары деңгейін сақтау қажет. Қазақстан мен Ресей кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін шекаралық рәсімдерді жеңілдету және сауда-логистикалық кедергілерді жою жұмыстарын жалғастырған жөн. Форум аясында қол қойылған келісімдер, сонымен қатар айтылған нақты бастамалар өңіраралық кооперацияның әлеуетін ашып қана қоймай, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Патрушев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының жетекшісі Ғалымжан Қойшыбаев сөз сөйледі.