Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама», «Миратул-қулуб», «Дар-рисалаи адабут-тариқат» атты еңбектері көпке мәлім. Жақында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD Бауыржан Мырзақұлдың зерттеуі нәтижесінде әулие ақынның «Құдіретнама» атты қолжазбасы табылып отыр.
«Құдіретнама» шығармасымен 2024 жылдың басында Ташкентке барған ғылыми іссапарымызда танысқан едік. Сонда Қожа Ахмет Ясауи туралы екі еңбек қолымызға түсті. Біріншісі «Рисолаи Султон Хожа Ахмад» шығармасы болса, екіншісі – біз тоқталып отырған «Құдіретнама» еңбегі. «Құдіретнаманың» түпнұсқасы Әбу Райхан Бируни атындағы Шығыстану институтының сирек қорында сақталған», дейді жас ғалым Бауыржан Мырзақұл.
«Құдіретнама» шығармасы – дүниенің өткінші қызық һәм өмірдің фәнилігі хақындағы туынды. Ақын: «Міскін Ахмет, кел енді, тәубе қылып жолға кір», деп өзін-өзі қамшыласа, игі жақсыларды сүйіншілеп, «Тәубе қылған пендесін жәннатта сұлтан етпекші» деп жырлайды.