Сурет: gov.kz
Облыс елді мекендердегі су тасқынының алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес бүгінгі күні 80 пайызға орындалған. Бородулиха және Көкпекті аудандарындағы қауіптің алдын алу шаралары қараша айының соңына дейін аяқталады. Төтенше жағдайға дайындық жұмысын жандандыру мақсатында арнайы құрылымдық күштер мен техникалық құралдар тобы құрылды. 1345 адам, 460 техника, 19 жүзу құралдары, сондай-ақ 161 су сору құрылғысы дайындалған. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 11 қайық пен 2 рельефтік техника сатып алынған.
«Басты міндетіміз – тұрғындарды көктемгі су тасқынынан қорғау. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Нақты айтқанда, техникалар жаңартылып, құтқарушылар тобы күшейтілді. Гидротехникалық құрылыстарды нығайту шаралары жүзеге асырылды. Облыс 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне толық дайын болуы керек. Қала мен аудан әкімдеріне су тасқынына дайындық мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын», деді Н.Ұранхаев.
Абай облысының аумағында бүгінде су қоймалары, бөгеттер мен су шаруашылығы құрылыстарын қоса алғанда 38 тірек гидротехникалық нысан бар. 2025 жылы екі су қоймасы мен төрт су жинау тоғанын қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарда тұр. Бұл жұмыстар Үкімет қаулысымен бекітілген су саласын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыруға, су тасқыны кезіндегі қауіпті барынша азайтуға, халықтың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
Абай облысы