Digital • Бүгін, 08:17

Әмбебап әдісті әуелеткен платформа

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«EdTech» кейінгі онжылдықта қарқынды дамып, әлемдік білім жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Дәстүрлі оқу үдерісін толықтырып қана қоймай, инновациялық шешімдер ұсынды. Оның еліміздегі аяқ алысы да жаман емес. Оған бірден-бір дәлел – «Codiplay» платформасы. Жаһанның 13 еліндегі 300 мек­тепте жұмыс істеп, 750 мың оқушының IT сауатын көте­ріп жүр. 4 жыл бұрын ғана басталған кішігірім стартап, бүгін­гі күні 100 млн долларға бағаланып, 20 млн доллар инвес­ти­ция тартқан.

Әмбебап әдісті әуелеткен платформа

Әуелі, «EdTech» сөзіне аз-кем тоқталайық. Бұл – білім үдерісіне жаңа технологияларды қолданатын әмбебап әдіс. Онлайн платформалардан бас­тап, жасанды интеллект (AI), виртуалды шындық (VR), геймификация, деректерді талдау сияқты озық құралдарды қамтиды. Негізгі мақсаты – білімді тиімді, қолжетімді әрі инклюзивті ету. «Codiplay» халықаралық стартапының негізін қалаушы Жанәділ Талдыбаев та осыған баса мән берген.

– «CodiPlay» – бұл ақпараттық технологиялар саласындағы кешенді оқытумен айналысатын халықаралық компания. Жобаны 2017 жылы Оңтүстік Кореяда бастадық. Бұл бас­тама менің Кореяда магис­тратурада оқып жүрген кезімде, медициналық өнеркәсіпті терең зерттеуге деген қызығушылығымнан өмірге келді. Кореяда медициналық тексерулерді автоматтандырумен айналысқан кезде ақпараттық технологиялар­дағы білімді дамыту қажетін түсіндім. Бұл саланы тиімді әрі қызықты түрде меңгерудің жолын іздестірдім. Содан ойындар арқылы бағдар­ла­малау тілдерін оқыту идея­сы келді. Интерактивті ойындар арқылы бағ­дарламалаудың негіздерін, алго­ритм­дер мен басқа да маңызды дағдыларды тиімді оқытуға болатынын ұқ­тым. Бұл идеяның тартымды көрін­гені сонша, жобаны тек өзім үшін ғана емес, сонымен қатар еліміздегі оқушылардың IT сауат­ын көтеремін деп шешім қабылдадым, – дейді жоба авторы.

Түсінуімізше, «CodiPlay» жүйесі үш негізгі компоненттен тұрады. Біріншісі – «CodiPlay» мобильді қосымшасы. Бұл қосымша арқылы балалар мен жасөспірімдер бағдар­ла­ма­лау тілдерінің негізін үйре­неді. Екіншісі – «CodiKit» робот­техникалық жиынтығы. Мұнда оқушылар роботтехника мен инженерия дағдыларын дамытады. Үшіншісі – «CodiTeach» веб-платформасы. Бұл – мұғалімдерге арналған, оқыту үдерісін жеңілдетуге әрі олардың білім беру жұмысын арттыруға арналған LMS-платформа. Осындай артықшылықтары бар онлайн платформаны еліміздің 125 мектебі қолданып жүр.

– Біз Астана мен Алматы қала­ларындағы мектептермен тығыз жұмыс істейміз. Бағдарламаны қолданған балалар бағдарлама­лау мен роботтехника саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп жатыр. Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттері, математикалық, техникалық дағдылары дамып, шығар­машылық, инновациялық жобаларды жүзеге асыра алатынын көрсетіп отыр. Балалардың жетіс­тіктері мен кері байланысы бізді қуантады. Олар тек бағдарламалау негіздерін үйреніп қана қоймай, сонымен қатар өздерінің жобаларын жасап, оларды көпшілікке ұсына алады. Бұл жетістіктер біздің жұмысымыздың нәтижесі деп білеміз және алдағы уақытта да өнімімізді жақсарту үшін барымызды саламыз, – дейді Ж.Талдыбаев.

Жоба тек отандық нарықты емес, әлем нарығын жаулаған. «CodiPlay» жобасын 13 мемлекет қолданады. Оның қатарында Өзбекстан, Корея, Қатар, Әзербайжан, Сауд Арабиясы, Индонезия, Англия бар.

– Қазір 750 мыңнан астам бала біздің платформамыз арқылы білім алып жатыр. Әр елдегі мектептер өздерінің кері байланысын береді, әрі біз олар­дың нәтижелерін мұқият талдаймыз. Мысалы, Кореядағы мектептер біздің платформамызды оқыту үдерісіне енгізіп, оқушылардың бағдарламалау, техни­калық дағдыларын дамытуда үлкен жетістіктерге жеткенін айтты. Елі­міз­дегі мек­тептер де оқушылардың IT саласындағы сауаттылығын арттырып, логикалық ойлау қабілетін да­мыт­қанын растайды. Бұл нәтижелер біз­дің платформамыздың тиімділігін дәлел­дейді. Оның үстіне біз оны әр­дайым жетілдіріп отырамыз, – дейді Жанәділ.

Қазір ол шетелдік мемлекет­термен, соның ішінде Түркия, Англиямен келісімге келген. Осы ел­дердегі мектептер платформаны бел­сенді түрде қолдана бастаған. Алдағы уақытта ТМД елдері, Араб елдері және Африка елдерімен ынты­мақтас­тықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Сол арқылы олардың білім жүйелеріне сай келетін контент пен оқыту әдістемелерін ұғып, платформаны бейімдей алады. Әр елдің білім беру ерекшеліктерін ескеріп, соларға сай бағдарламаларды ұсынады. Солай халықаралық деңгейде кеңейе түспек.

Бұдан бөлек, жоба таяуда БҰҰ Бас хатшылығының қолдауына ие болып, «Digital Public Goods Alliance» (DPGA) компаниясының цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесін алды. Ал оның алдында отандық стартап әлемдегі ең үздік білім жобасы деп танылған. Ұлыбританиядағы беделді «digital Innovation of the Year» сыйлығын алған.

– «CodiPlay» компаниясының БҰҰ-ның цифрлық қоғамдық игілігі (DPG) мәртебесіне ие болуы біз үшін үлкен жетістік және үлкен жауапкершілік. Бұл мәртебе біздің өніміміздің сапасы, қауіпсіздігі және ашықтығы халықаралық стандарттарға сай екенін дәлел­дейді. Бұл мәртебеге ие болу бізге көптеген артықшылықты береді. Мысалы, халықаралық ресурстар мен желілерге қол жеткізу, сонымен қатар білім беру қауымдастықтарымен және ұйымдарымен тығыз жұмыс істеу. БҰҰ мойындауы үшін басқа IT компаниялар өз өнім­дері­нің сапасы мен қауіп­сіз­дігін дәлел­дей­тін құжаттарды да­йын­­дауы қажет. Бұл құжаттар саясаттың ашық­­­­тығы, деректерді сақ­тау және қолданушы келісімдері, тех­ни­ка­лық құжаттаманың ашық­ты­ғы сияқты аспек­тілерді қамтуы керек. Біз бұл салада өз құжаттарымыз­ды жетілдіріп, белсенді жұмыс жүргіздік. Барлық талап пен қадам БҰҰ-ның ресми сайтында көрсетілген, сол жерден кез келген компания өз бетінше оқып, өтініш бере алады, – дейді стартап авторы.

Пандемия халықтың онлайн білім алуға деген қы­зы­ғушылығын оятты. Әр қиын­дықтың өзімен бірге жаңа мүмкіндік әкелетіні белгілі. Сол сияқты, пандемия кезеңінде онлайн оқыту жүйесі қарқынды дамыды, ал қоғам оның тиімділігі мен қолайлылығын түсіне бастады. Бүгінде онлайн білім тек ерікті таңдау емес, кей жағдайларда қа­жет­­тілікке айналды. Кейіп­керіміз де солай ойлайды.

– Күллі әлем бойынша онлайн оқуға мүмкіндік ашылды. Оқып, үйренуге бар болғаны интер­нет болса, жеткілікті. Осы ретте мына мәселені де айта кету керек. Таяу келешекте біздегі балалар саны мектептердегі орын санынан әлдеқайда көбейеді. Қазақстанда «baby boom» өте қарқынды жүріп жатыр. Ал сол қарқынға сай мектеп салынып үлгермей жатқанын қазір де көріп отырмыз. Сондықтан болашақта онлайн білім беру мәселесі осы орын тапшылығының бірден-бір шешімі болуы ғажап емес. Сала сарапшыларының пікірінше, елдегі әлеуметтік жағдай нарық дамуына кедергі келтіріп жатыр екен. Соның ішінде, білімге қаражат бөлуге кредитке батқан жұртшылық дайын емес немесе азғантай сома ғана бөле алады деседі. Бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? – Меніңше, интернет дамы­ғалы білім алу айтарлықтай қым­бат не қиын дүние болмай қалған секілді. Тіпті қазір ­маман болу үшін уни­верситет бітіру де міндетті емес. Өзіңіз қалаған мамандыққа қа­тысты курс оқып алуға болады. Одан қала берді, интернет желісінде тегін жатқан ақпарат көп. Қазір бізде ақпарат шектен тыс көп деп ойлаймын. Сол бар мәліметті дұрыс қорытып, дұрыс қабылдау, сорттау әлдеқайда маңыздырақ, – деп аяқтады сөзін Жанәділ.

Соңғы жаңалықтар

Адалдық – ардың ісі

Пікір • Бүгін, 09:55

Демократияның даму көрінісі

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Өсімі жоғары өңір

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Алматыда жер сілкінді

Алматы • Бүгін, 09:40